Түрмедегілердің жанайқайы жалған ба?

Қарағанды облысындағы Долинка түрмесінен үш сотталушы қашып кеткен-ді. Олардың екеуі ұсталды.
Ал үшінші жазасын өтеуші Абдикаримовке әлі іздестіру жұмыстары жалғастырылуда. Долинкадағы АК 159/20 колониясынан сотталушы Абдикаримовтің қашып кетуіне қатысты қылмыстық іс қозғалып, қызметтік тексеру жүргізілді. Түрме бастығына және оның екі орынбасарына, үш бақылаушыға сөгіс пен қатаң сөгіс берілді. Алайда түрме басшылығы бұл қоныстандыру колониясы болғандықтан, жазасын өтеушілер түрме аумағына белгіленген жерде күзетсіз жүре беретінін алға тартып отыр. Сондай-ақ олар жұмыс орындарына да күзетсіз барып-қайтып отырады. Осы сәтті пайдаланып, түрмеден бұдан бұрын қашып кеткен сотталушы Садовиков екі күн бойы қалада жүріп, үшінші күні облыстық прокуратураға барған. Ол құзырлы орын өкілдеріне түрмеде тамақтың талапқа сай берілмейтініне және ауызсу сапасының нашар екеніне шағым білдірген-ді. Прокуратура мамандары қылмыстық атқару жүйесіне бірден хабарласып, оны ұстап берген. Сонымен қатар осы түрмеде жазасын өтеп жүрген Жамбурбаевтың шағым айтқан бейнежазбасы әлеуметтік желіге тарап кеткен-ді. Сотталушы құзырлы органдарға да бірнеше рет шағымданыпты. Жамбурбаев та түрмедегі ауызсу мен тамақ сапасының нашар екенін айтқан. Ол ауызсудың бетіне май тұнып қалатынын бейнежазбасында көрсеткен. Жазасын өтеуші «мұнда тексеруге комиссия келгенде түрме басшылығы алдын ала дайындалып, жақсы жақтарын көрсетеді» деген мәлімдеме жасаған.Қылмыстық атқару жүйесі болса Жамбурбаевтың құзырлы органдарға 15 рет шағым жазғанын, оның бәріне жауап қайтарылғанын айтады.
Жазасын өтеушілердің арызы бойынша комиссия түрмедегі ауызсу мен тамақты тексерген. Қылмыстық атқару жүйесі департаменті мамандарының айтуынша, комиссия құрамына қоғамдық бақылаушылармен қоса, мамандандырылған прокуратура, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының мамандары енген. Тексеріс нәтижесі бойынша комиссия түзету мекемесіндегі су мен тамақтандыру режимі санитарлық нормаға сай деген қорытынды жасапты.