Тұрмыстық зорлық-зомбылықты тоқтатудың жаңа қадамы қандай?

Елімізде тұмыстық зорлық-зомбылық оқиғалары азаймай тұр. Былтыр ішкі істер органына келіп түскен 100 мыңнан астам өтініш отбасы ойранына қатысты болған.
Полицейлердің айтуынша, жәбірленушілердің 60 пайызы зорлық-зомбылық көрсетушіні жазалауға келгенде заң аясында жауапкершілікке тартудан арашалап қалады.
Бұл отбасындағы қоқан-лоққының қайталануына жол беретіні анық. Соған қарамастан, 2022 жылы заңгерлердің нұсқауымен 37 мың адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Тиісті шаралардың арқасында отбасылық жанжалдар былтыр 7 пайызға төмендеген.
Президент тапсырмасына орай ішкі істер министрлігі отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу үшу жауапкершілікті қатайту, қылмыскермен тәрбие жұмысын жүргізу жайлы шараларын белгіледі. Бұл отбасындағы бала тәрбиесі, ана қауіпсіздігін қамти отырып, отбасы мәртебесін көтеруге ықпал ететін қадам. Аталған шараны уәкілетті мемлекеттік органдар бірлесіп жүргізбек. Ол жайында жыл соңында үкіметте өткен құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі комиссияның отырысында жауапты саланың министрлері талқыға салды. Биылдан бастап, әр өңірде отбасының цифрлық картасы әзірленбек.
— Бұл орайда цифрлық технологиялар мен деректерді талдау маңызды. Жаңа жүйенің тиімділігі сол, қауіпті аймақтағы отбасыларды дер кезінде анықтауға қолайлы. Себебі, үйдегі зорлық-зомбылықтың салдарымен күресуден гөрі оның жолын ерте кескен әлдеқайда тиімді, – дейді премьер-министр Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысының айтуынша, енді құқық қорғау саласындағы реформаның орындаласына қатысты жыл соңында әр өңір есеп беретін болады.