Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:30, 28 Желтоқсан 2021

Түтіні тарқамаған Теміртау

None
None

          Қайран Теміртау… Қыс түссе болды, қара түсті қар жауатын қаланың экологиялық жағдайы жыл өткен сайын нашарлап барады.

Экология министрі мен облыс  әкімі өндіріс алпауыты «Арселор Миттал Теміртау» компаниясымен қоршаған ортаға зиянды қалдықтарды аз шығаруға қатысты меморандумға қол  қоюдан шаршаған емес. Ал теміртаулықтар түтіннің азаймай отырғанын айтып зар қағады. Уақыт қойнауына кетіп бара жатқан жылда да атқарылған жұмыстар  нәтиже бермей, Теміртау еліміздегі ең лас қалалардың көшін бастап тұр.

       Жыл қорытындысында белсенді экологтар Теміртау қаласының экологиясын соңғы екі жыл бойы тексерген зерттеу көрсеткішін жариялады. Олар тіпті ауаның ластануын  айқын көрсетіп тұратын карта жасаған. Мамандар қыс бойы Теміртауға жауған қар мен топырақтан 300-дей сынама алып, зерттеуге жіберіпті. Теміртаудың қара қарынан алынған сынаманың кейбір бөлігін  Голландиядағы танымал зерттеу орталығы да тексеріп көріпті. Зерттеу қорытындысы Теміртау қаласының жүз түрлі зиянды қалдықтармен уланып жатқанын көрсеткен. Бұл қалдықтардың басым бөлігі «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының металлургиялық зауытынан шығып жатқаны анықталды. Алпауыт компания бір жылдары «қаланың ластануына жер үйлер мен өзге кәсіпорындардан шығатын түтін себеп» деп, ат-тонын ала қашқан еді.

        Айта кету керек, пандемия жайлаған уақытта Теміртау елімізде ластанған қалалардың тізімінде бірінші болып тұрған еді. Ауа қабатында тұнып тұратын зиянды қалдықтар адамның өкпесінде тұрып қалады. Бұл ауамен дем алып жүрген адамның ауруға ерте ме, кеш пе шалдығатыны сөзсіз. Теміртау ауасындағы лас қалдықтардың көптігі сонша – бір тұрғынға 6 келіден келетін көрінеді. «Арселор Миттал» компаниясының өзге елдерде орналасқан зауыттарына барып көрген экологтар «шетелдегі зауыттарда тура осындағы комбинаттағыдай  сүзгіш құрылғылары орналасқан, бірақ оларда қар таза, ал бізде таза емес, сондықтан тағы шара қолдану керек» дейді.

       Экологтардың зерттеу қорытындысы жарияланған жиналыс барысында компания басшылығы «ауаны жақсарту шарасын қолға аламыз әрі қоғамға ашықпыз» деген ниеттерін білдірген болатын. Алайда белсенділер алпауыт компания басшылығы тарапынан ешқандай ашықтықтың болмағанын жариялап, қынжылыстарын білдірді. «Сіздермен біз осы жерде 1 шілдеде жиналған болатынбыз. Сонда сіздер «осы жерде отырған қоғам белсенділері компания нысандарын барып көре алады, кедергі болмайды» деген уәде берген едіңіздер. Міне, желтоқсанның соңы болды, әлі бірде-бір рет нысандарды аралап көрген жоқпыз. «Біз жиналамыз, талқылаймыз» деген сөздеріңіз жалған, ешқашан жиналған емеспіз, бұл жерге тек облыс әкімі келгенде немесе экология министрі және Америка елшісі келгенде ғана жиналып, бас қоса қаламыз», – деді экологиялық белсенді Шыңғыс Лепсібаев.

       Осы жылдың сәуір айында экология министрі Мағзұм Мырзағалиев арнайы келіп,  «Арселор Миттал Теміртау» компаниясымен 2025 жылға дейін ауаға шығаратын зиянды қалдықтарды 30 пайызға азайтуға қатысты меморандум жасасқан болатын. Алайда жыл соңында теміртаулықтар «ауаның сәл де болса тазарғанын көрмедік» деп отыр. Тәуелсіз экологтар да «бұл меморандум қағаз жүзінде жасалған келісім болып қала береді» деген сенімсіздік танытып отыр.

        Соңғы үш жылда аталмыш металлургиялық комбинат экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін 4 млрд теңгеден астам айыппұл төлеп құтылыпты. Белсенділер алпауыт компанияға ескірген құрылғыларын жаңартып, сүзгілерді ауыстырғаннан гөрі айыппұл төлеп жүре беруі тиімді дейді. Ал теміртаулықтар «түнгі уақыттарда зауыт қою қара түтінді ауа қабатына көбірек шығарады» деп қынжылады. Биыл да экологияға қатысты атқарылған шаралар нәтиже бермей, «баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалды. Сорақысы сол – Теміртауға түскен қар бір тәулік болмай жатып қара түске боялады. Қара қар Теміртауда тұрып жатқан қалың қазақтың қасіретіне айналмасына кім кепіл болады?!.

Тегтер: