Тұтынушы ұтылып жатқан жоқ па?
Тұтынушылардың құқығын қорғау қай кезде де өзекті мәселе. Нарықтық экономика жағдайында тұтынушылардың құқықтарын қорғау – мемлекет пен қоғамның маңызды міндеттерінің бірі.
Күнделікті өмірде әр адам азық-түлік сатып алады, қызмет түрлерін пайдаланады, тұрмыстық техника немесе киім-кешек алады. Осындай қарым-қатынастар барысында тұтынушы мен сатушы арасында түрлі мәселелер туындауы мүмкін. Сондықтан тұтынушының құқығын қорғау жүйесі қоғамдағы әділдік пен сапаның сақталуына ықпал етеді.
Заң не дейді?
Елімізде тұтынушылардың құқықтары Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңы арқылы реттеледі. Бұл заң тұтынушыға қауіпсіз әрі сапалы тауар мен қызмет алуға, толық әрі дұрыс ақпарат білуге, сондай-ақ құқықтары бұзылған жағдайда оларды қорғауға мүмкіндік береді.
Ең алдымен, әрбір тұтынушы сапалы өнім алуға құқылы. Сатушы немесе өндіруші ұсынған тауар адам денсаулығына қауіп төндірмеуі тиіс. Егер сатып алынған өнім ақауы болса немесе сапасы талапқа сай болмаса, тұтынушы оны қайтарып, ақшасын талап етуге немесе басқа тауарға ауыстыруға құқылы.
Сонымен қатар тұтынушы тауар туралы толық ақпарат алуға тиіс. Өнімнің құрамы, шығарылған күні, жарамдылық мерзімі, өндіруші туралы мәліметтер ашық көрсетілуі қажет. Ақпараттың жасырылуы немесе жалған мәлімет берілуі тұтынушы құқығын бұзу болып саналады.
Онлайн саудада тұтынушы құқы қалай қорғалады?
Қазіргі уақытта интернет арқылы сауда жасау кең таралып келеді. Онлайн дүкендер мен жеткізу қызметтері көбейген сайын тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселесі де өзекті. Мұндай жағдайда тұтынушылар тауардың нақты сипаттамасына, жеткізу шарттарына және қайтару ережелеріне ерекше назар аударуы керек.
Егер тұтынушының құқығы бұзылса, ол алдымен сатушыға немесе қызмет көрсетушіге жазбаша түрде шағым түсіре алады. Мәселе шешілмеген жағдайда тиісті мемлекеттік органдарға немесе сотқа жүгінуге мүмкіндік бар. Қазақстанда бұл бағыттағы жұмыстарды Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі және оның қарамағындағы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті үйлестіреді.
Тұтынушының сауатты болғаны маңызды
Сарапшылардың пікірінше, тұтынушы құқығын қорғаудың ең тиімді жолы – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру. Әр адам өз құқығын біліп, оны талап ете алғанда ғана нарықтағы әділетсіздік азаяды.
Қорытындылай келе, тұтынушылардың құқықтарын қорғау тек заңның міндеті ғана емес, қоғам мәдениетінің де өлшемі. Сапалы қызмет көрсетіп, адал сауда жүргізу кәсіпкерлердің беделін арттырса, өз құқығын білетін тұтынушы нарықтың әділ әрі тұрақты дамуына ықпал етеді.
Сондықтан сатып алмас бұрын тауар туралы толық ақпарат білгеніңіз абзал. Өнімнің шығарылған күні, жарамдылық мерзімі, құрамы, өндіруші туралы мәлімет міндетті түрде тексерілуі керек. Бұл әсіресе азық-түлік пен дәрілік өнімдер үшін өте маңызды. Бұдан соң төлем түбіртегі немесе келісімшартты сақтаудың да маңыздылығы зор.
Көп жағдайда адамдар сатып алғаннан кейін төлем түбіртегін тастай салады. Ал тауарда ақау болса, оны дәлелдеу үшін төлем түбіртегі немесе келісімшарт қажет болады. Сондықтан кез келген сатып алуда құжаттарды сақтап қойған дұрыс. Сондай-ақ бағаны салыстыру да сауаттылықтың белгісі. Бір тауар әр дүкенде әртүрлі бағамен сатылуы мүмкін. Сондықтан тұтынушы асықпай, бірнеше жердің бағасын салыстырып барып шешім қабылдағаны жөн.
Алтын Нұрымова