Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:09, 02 Қараша 2023

Тұйықтағы шахта. Инвестор ақталып әлек, ал халық апаттан қорқады

1
Фото: из открытых источников

Қарағандыдағы Костенко шахтасында болған шырғалаңнан жұрт көңілі шайлыққанымен, шенділердің шекесіне тимеген сияқты. Әлі сол КСРО-дан қалған көне кеніштерді кім көрінгеннің басқаруына беріп, адам өмірімен ойнап жүр. 

Қауіпсіздік талаптарын сақтамайтын, қайдан келгені белгісіз «инвесторлар» ақша табуды ғана ойлайды, оларға халықтың амандығы маңызды емес. Бұған «АрселорМиттал Теміртау» көзімізді анық жеткізді. Осындай халықаралық деңгейдегі ірі компания өнеркәсіп қауіпсіздігі талабын белден басып жүргенде, ешкім білмейтін кішігірім фирмалардан не күтуге болады?

Жақында Тұйық қорғасын-барит кен орны төңірегінде дау шықты. Алматы облысы Кеген ауданы Тұйық ауылында орналасқан кеніш 1966 жылы жұмысын бастап, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жабылған. Жиырма неше жыл қаңырап тұрған кеніш көпшіліктің керегіне жараса жақсы-ақ. Бірақ бұл қызметті қолға алған компанияның жұмысы көптің көңілінен шықпай отыр. Жергілікті халық «Слава Мұнай Сервис» ЖШС қауіпсіздік талабын сақтамай, азаматтарымыздың басын қатерге тікті деп санайды.

Ернат Ысқақ
Фото: из открытых источников

«Бұған дейін халық ашық шахтаның ашылуына қарсы болып, дау шыққан. Ол кезде аудан әкімі араласып, ол жұмыс тоқтады. Ендігі мәселе жабық шахтаға қатысты болып тұр. Компания қазірше тазалау жұмысын жүргізіп жатқанын айтады. Бірақ ешқандай техникасы жоқ, ауылдың бірнеше жігітін жинап алып, жалаң қолмен жұмыс істеп жатыр. Қауіпсіздік талаптары мүлде сақталмаған. Мысалы, шахта ішіне 9 вольттан асатан ток тартуға болмайды, ал бұлар 220 вольттық ток пайдаланып жатыр. Оқыс оқиға болса, ішіндегі адамдар қырылып қалады. Бұл шахта кезінде кісі өлімі көбейген соң жабылған, қайта ашуға тырысып жатқандар осыны ескеруі керек. Оның үстіне жұмысшылар жалақысын қолма-қол алады екен, еңбек келісімшартын жасамаған. Тіпті жұмыс киімі жоқ, қарапайым киіммен жүр. Апат болған жағдайда шақыратын құтқару бригадасы да дайын емес, мұндай бригада Балқаш қаласында ғана бар. Тұйық ауылында қатерлі ісіктен қайтыс болғандар аз емес. Себебі радиация өте жоғары. Сондай-ақ барит рудасын тікелей Қытайға сатып жатыр деген ақпарат бар. Оны сатудан біздің ауылға қандай пайда бар, салық төлеп жатыр ма, ол жағы белгісіз. Бұл мәселені бірнеше мәрте көтердік, ешкім құлақ аспай отыр», – дейді ауыл азаматы Ернат Ысқақ.

Ашық дереккөздегі ақпаратқа сүйенсек, «Слава Мұнай Сервис» ЖШС директоры Юи Хайбинь есімді қытай азаматы екен. Олар Тұйық ауылынан мыс, қорғасын өндіретін кен орнын іске қосуға 3 жыл бұрын рұқсат алған. Сол үшін фирмаға 1,5 гектар жер беріліпті. Олар 25 жылда Тұйық кен орнын игеруге шамамен 13,1 млрд теңге инвестиция құямыз деп отыр. Бірақ тұрғындар мұндай инвестиция келетініне сенбейді. Керісінше, компанияны ашық шахтада барит өндіріп, шетелге сатады деп айыптап отыр. Ауыл азаматтарының наразылығынан кейін ашық шахтаның жұмысы тоқтапты.

Нұбақыт Теңізбаев
Фото: из открытых источников

«Кеңес кезінде Тұйық ауылында қорғасын өндірілген, кейін біраз уақыт кеніш жабық тұрды. Қазір инвесторлар келіп, зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оның жоғары жағында ашық жатқан жерде барит қаза бастаған екен, бұған ауыл тұрғындары, бұрын шахтада істеген ақсақалдар қарсы болып, жұмысты тоқтауды сұрап, бізге хабарласты. Құзырлы орган өкілдерімен бірге барып, екі рет жиналыс өткіздік. Нәтижесінде, ашық барит өндіру жұмысына тоқтау салдық. Өйткені олардың техникасы да, жұмыс күші де стандартқа сай емес. Ал қорғасын өндірісі әлі басталған жоқ, кен орнының ішін тазалап жатыр, ол жұмысты жүргізетін техникасы да дайын емес. Соның бәрін толықтауды ұсындық», – дейді Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев.

Ал Тұйық ауылының әкімі Жеңісбек Әлиасқаровтың айуынша, тұрғындар кен өндірісіне қарсы шығып, қазба байлықты қызғыштай қорып отырған жоқ. Олар азаматтардың қауіпсіздігіне алаңдайды. Қарағандыдағы сияқты қайғылы оқиға қайталана ма деп қорқады.

Жеңісбек Алиасқаров
Фото: из открытых источников

«Кеңес кезінен қалған кен орны ұзақ уақыт бос тұрды. 2021 жылы «Слава Мұнай Сервис» ЖШС индустрия министрлігінен рұқсат алып, жұмыс бастауға келді. Халықпен кездесу өткізді. 10-15 жергілікті азаматты жұмысқа алып, кезіндегі шахтаны (туннель) тазалауды бастады. 30 жылдай бос тұрған шахта, жөндейтін жұмысы көп. Үш жылға жуық уақыт болды, әлі өнім шығарған жоқ. Кен 2500 метр қашықта (көлбеу) жатыр екен, қазірге дейін шамамен 1800-2000 метр туннельді тазалап болды. Қорғасын кенішіне жеткен соң жұмысшылар санын көбейтеміз, шикізат өңдейтін комбинат құрамыз деп жоспарлап отыр.

Ауыл тұрғындары, белсенді азаматтар кен орнының ашылуынан бекер қорқып отырған жоқ. Қауіпсіздік мәселесіне алаңдап жүр, азаматтардың амандығына ешкім кепілдік бере алмайды. Ең басты мәселе – осы. Жұмысшылар қазір 1800 метрге жетті деп отырмыз, сондай кезде шахта аузы жабылып немесе басқа мәселе болса, оларды құтқару оңай болмайды. Жергілікті 10-15 жұмысшы, компания басшылары, инженерлер, аудармашыларды қосқанда мөлшермен 25 адам жұмыс істейді. Ауыл ақсақалдары «жеткілікті білікті маман жоқ, оқыс жағдай болса шығатын есік жоқ, ауа кіретін қосымша мүмкіндік жоқ» деп шағым білдіріп отыр. Қауіпсіздік жағдайын қадағалауды сұрап отырмыз. Мен де, ауыл тұрғындары да сол жерде жұмыс істеп жатқан азаматтар аман болса дейміз!», – дейді ауыл әкімі.

Кен қазып, өнім алған, экономиканы дамытқан жақсы. Бірақ соның бәрі заң аясында, қажетті талаптарға сай жүргені жөн. Адам өмірі бәрінен қымбат деп жүрміз. Ендеше, үкімет те, инвестор да алдымен қауіпсіздікті қамтамасыз етсін. Ал елге пайда әкелетін, ешкімге зияны жоқ жұмысқа халық қарсы болмайды. Бізге пікір білдірген азаматтардың бәрі осыны айтып отыр. Ал «Слава Мұнай Сервис» ЖШС өкілі бұл айыптарды жоққа шығарды. Оның айтуынша, көпшілік істің мән-жайын толық түсінбей жатып, шу шығарып жүр.

«Бізде лицензия, қажетті құжаттар толық. Сұраған адамның бәріне көрсетіп жүрміз. Әлі өндіріс бастаған жоқпыз, бұрынғы кен орнын тазалап, барлау жүргізіп жатырмыз. Барит өндірісін бастайық деген едік, жергілікті тұрғындар қарсы шығып, тоқтатып тастады. Халық не үшін қарсы болып отырғанын түсінбедім, адамдар істің мән-жайын біле бермейді, содан шығар, бәріне қарсы шығады. Кездесу өткіздік, құжаттарымызды көрсеттік, нәтиже болмай тұр. Ендігі жоспар – шахтаны тазалап бітіріп, қорғасынға дейін жету. Тез тазалап боламыз деп жоспарлаған едік, бірақ қатты тозған шахта екен, әлі аяқтай алмай жатырмыз. Қашан бітетіні де белгісіз. Ал Қытайға өнім сатты деген де бос сөз. Қазір ешқандай өнім шығарып жатқан жоқпыз, қазірше қара жұмыс қана. Ештеңе сатылған жоқ. Бір-екі рет сынақтан өткізуге өнім алған едік, адамдар соны сатуға әкетті деп жүр», – дейді компания өкілі Еділ Аухадиев.

Әртүрлі дереккөзде тараған ақпараттарға сүйенсек, тәуелсіздік жылдары еліміздегі кен орындарында оннан аса ірі апат болып, 200-ге жуық адам қаза тауыпты. Осының көбіне қауіпсіздік талабын сақтамау себеп болған. Демек, сабақ алатын, сақтанатын кез жетті.

Қуаныш Қаппас