Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:03, 31 Тамыз 2022

Уәлибек Әбдірайымов: Күлкінің өзі де, күлетін адамдар да бөлек болып кеткен

None
None

Қазақ сатирасында, жалпы әзіл-сықақ эстрада театрында өзіндік ойып тұрып алар орны бар актерлардың бірі – Уәлибек Әбдірайымов екенін жақсы білеміз.

Уәлибек Әбірайымов тек театрды құрып қана қоймай, халық арасында жүрген таланттардың да танылуына себепші болды десек артық емес. Ал таланттардың сахнаға қалай шыққаны және бүгінгі біздің сахнамыз қандай деңгейде деген сауал төңірегінде актердың өзімен сыр шертіскен едік.

— Уәлибек аға, «Шаншар» әзіл-сықақ театры кезінде дүрілдеп тұрған еді.  Қазір «Шаншардан» бөлек, өзге театрлардың да өнер көрсетуі бәсеңсіп қалған секілді. Оның себебі неде?

— Жоқ, бәсеңсіп қалды деп айта алмаймын. Тек карантиннің кезінде тоқтап қалды. Бірақ одан кейін барлық театр бірінен кейін бірі өнер көрсетіп жатыр. Жақында «Алдараспан» театры әдемі көріністерімен шықты. «Шымкент шоу», «Өнер қырандары» да өнерлерін тоқтатып жатқан жоқ. Тұрсынбек Қабатов басқарып отырған «Әзіл әлемі» де өз көрермендеріне сай қойылымдарын көрсетуде. Оның үстіне осы аталған театрлардың барлығы эстрада жанрындағы театрлар. Біз эстрада жанрына жатамыз. Ал эстрада – заманның айнасы. Сондықтан да осы заманға бағыттап, өнерімізді көрсетіп, заманның мұң-мұқтажын бәріміз де айтуға тырысамыз. Жалпы эстрада жанрында өнер көрсететіндер әрі кетсе 20 жыл, 15 жыл өнер көрсетеді. Содан кейін жаңа стильдегі, жаңа бағыттағы жаңа топтар өнерге келе бастайды. Эстрада өзі бір ғұмыры аздау жанр саналады. Әрі ол эстрада қалмайды, бірақ стильдері әр уақытта өзгеріп отырады. Сондықтан да бұрындары біз күлдіретін едік, ал қазіргі күлдіретіндер басқаша күлдіреді. Оның үстіне, күлетін көрермендеріміздің талғамы да бөлек-бөлек болып кетті. Яғни біреулері қазақы қалжыңдарға күлсе, ал біреулері КВН сияқты нәрселерге күлетін болыпты.  Осылайша, күлкінің өзі де, күлетін адамдар да бөлек-бөлек болып кеткен. Мысалыға бір әзілге біреу күлсе, екінші адам күлмейді. Өйткені ішіндегі стильдері мен күлдіру манерасы да көбейген соң әртүрлі.

— Шынын айту керек, соңғы 5 жылда сатира мүлде сұйылып кетті. Енді сіздер сатираның майын ішкен майталман өнер иесісіздер, кейінгі жастарға неге жол көрсетпей келесіздер?

— Сатира сұйылды деп мен 5 жылды емес, кейінгі 10 жылды айтар едім. Өйткені сахнаға Ресей жақтың КВН деген жобасы келді. Бұрын КВН деп қана жүр едік, енді «Жайдарман», «КТА» деп тағы шықты. КВН деген біреуі аздай, мектеп, балабақша деген секілді екеу болып кетті. Енді мына мәселеге назар аударсаңыз, енді тілі шығып, қазақтың әдеби сөздерін меңгермей жатқан балалар жеңіл-желпі әзілдерге құмар болып өседі. Оның үстіне, «Жайдарман», «КТА»-лардан шыққан шебер болсын, шебер болмасын командалық ойын болғаннан кейін эфирге тез шығып кетеді. Олар осы бір жеңіл жолды таңдайды. Ал жеңіл жолды таңдағаннан кейін жеңіл әзілдер пайда болады. Егер әзілдің тереңін, әзілдің астары мен қазақы қалжыңдарды айту үшін қазақ тілінде өте жақсы сөйлеп, әдеби тілдік нормаларды барынша қолданып, астарлы әзілдер айту керек еді. Жастар болса, КВН-ның жобасына кетеді де, күлдіру осы екен деп, сол бағытта жұмыс жасайды. Оның үстіне, қазіргі телеарнада болсын, кино саласында болсын, оған квнчиктерді алады. Олардың барлығын жаман деп айта алмаймын, жақсылары да бар. Бірақ квнчиктердің жүруі жалпы етек алып кетті. Мәселен, мектеп, колледж, университеттердің барлығында осы жоба бар. Тіпті университеттің ректорлары да, аудан басшылары да осыған араласатын болды. Қаншалықты күлдіріп жатыр, қаншалықты қазақ қалжыңын қолданып жатыр? Оның бүге-шігесіне бармай, елге танылып жатса, соған елітіп кетуде. Кейде оларға ақыл айта қояйын десең, біздің ақылымызды тыңдамайды. Өйткені олар мықты. Яғни, өздерін мықтымыз деп ойлайды. Тіпті бүкіл сериалдың барлығында квнчиктер, жайдарманшылар, КТА-ның адамдары жүреді. Жобаның барлығын солар басқарып жатады. Ал солардың жобаларын қарап отырсаңыз, қарныңыз ашады. Сол себептен олар жасап жатқан жобаларды көре бермеймін. Ал киноларын көрсеңіз, боқтыққа толы. Кейбіреулері ерсі сөздерді қолданып, күлдіремін деп, бүлдіріп жатады. Тіпті олардан ең мықтылары орыс тілінде сөйлейді. Киноларын орысша сөйлетіп, қазақтың тілін бейшараның, әшейін бір топастың тілі қылып қояды. Сөйтіп, өз қазағын өзі топас қылады да, орыстың тілін ұлы тіл қылады. Ол қателіктерін ескерткенім үшін, жек көріп, Уәлибек «ақылсынып» кетті деген әңгімелерді айтқан да болатын. Сол үшін де оларға аузымды ауыртқым келмейді. Санасына берсін. Кім екендерін өздері ойлансын. Содан кейін олармен сөйлесуге болады. Өз ұлтын дәріптей алмайтын, өз ұлтын жақтырмайтын жеңіл ойлы, ақымақ адамдармен мен не үшін ерегеседі екенмін. Миына қонбайтын болса, не үшін оларға ақыл айтамын. Ал миына қонатын, ақыл тыңдайтын, тыңдай алатын адам болса, оларға айтып-ақ жүрміз. Ақылды ұққанға айту керек. Олардың барлығы «Қазір біз мықтымыз, Қазақстандағы шоу-бизнестің барлығында біз жүрміз» деп жүр. Яғни сол мықтылар концерт жүргізушілер, әрі әр жобаның басы-қасында жүрген болса, олардан әдебиет туралы, Шерағаңдар, Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішев секілді тұлғаларымызды қаншалықты білетіндігі жөнінде сұхбат алып көріңіз. Біле ме екен?

— Кейінгі кездері көптеген фильмдер мен сериалдарға түсіп жүрсіз. Негізі сіз үшін театрда өнер көрсеткен қиын ба, әлде сериалдарға түсу жеңілірек пе?

— Театрда актерға көбірек басымдылық беріліп, актер шеберлігі көп көрсетіледі. Өйткені театрда бір ойнаған рөл екінші рет қайталанбайды. Сол жерде бір образға кіріп, ойнап шығады да, 1 жарым сағаттың ішінде бастан-аяқ бір адам болып шығады. Театрда ойнау қай актер үшін де өте қиын екені бесенеден белгілі. Ал енді кинода сценарий жақсы болса, әрі режиссеріңіз сізді ойната алатын болса, рөл жақсы шығады. Сондай-ақ кинода ойнай алмаған рөліңізді қайталап ойнап, образды жасай аласыз. Енді өзіме келсем, мен классикалық театрлар мен классикалық киноларда ойнай алмаймын. Тек эстрада жанрларындағы интермедия скетчтерді, миниатюраларды, монологтарды ойнау маған өте жеңіл. Ал жоғарыда айтып өткен классика жанры қиынға соғады. Сол үшін киноларда ойнағанда маған режиссерлардың көмегі өте қажет. Өйткені мен өнер мектебінде, өнер оқуында оқымағанмын. Сондай-ақ Жүсіптің көмегімен, әрі оның өнер саласында оқығанының арқасында эстрада жанрына келген адаммын. Ол үшін мен кішкентайымнан буыным қатпаған кезде өнерде оқып, театрда сусындап, әртістің қыр-сырын жан-жақты меңгеруім қажет еді. Сахнаға кеш шыққандығымнан кейін де эстрада жанры мен үшін оңай.

— Ел арасында танылмай жүрген көп талант иелері сіздің театрыңыздан кейін бақтары ашылып, бірден танылып кетеді. Оның ішінде әншілер де бар. Оның сыры неде? Әлде, әншілерге де жоғары талап қоясыз ба?

— Олай емес. Оның ішінде шығарып жатқанымыз бар, шығара алмай жатқандарымыз да бар. Мен бірінші қарапайым халық арасында жүрген талантпен сөйлесемін. Яғни, әдебиет туралы, өнер туралы. Өнердегі түйсігі қандай екенін зерттеймін. Содан кейін сахнаға шығарамын. Енді кейде кейбір жақындарым «Сіздің сахнадан шықсақ, жұлдыз болып кетеді екенбіз. Сахнаға шығарыңызшы» дейтін жағдайлар да кездескен. Сондағы олардың ойы елге танылып, тойларға шығып, ақша табу. Ойында өнер жоқ. Ондай адамдарды жақындата бермеймін.

«Өткір кездік қап түбінде жатпас» демекші, талантты адам бір жерден болмаса, басқа жерден бәрібір тесіп шығады. Сондықтан да менің сахнадан шығарып жатқан көптеген өнерпаздарым «Шаншардан» танылып, үлкен абыройға ие болып жатырмын. Көбісі «бақытымды осы театрдан таптым» деп жатады. Онысына да рақмет. Бірақ сол таланттар басқа театрдан шықса да, танылып кетер ма еді деп ойлаймын. Өйткені халық ақымақ емес. Халық өз таланттарын табады, таниды, тани біледі. Сол үшін мен ананы шығардым, мынаны шығардым демеймін. Өйткені олардың өз бойында таланттары бар.  Мен тек жол көрсеттім. Сахнаны қызғанбадым. Жалпы сахнаны қызғанбау керек. Қызғанбаған барлығымызға дұрыс. Егер сахнаға алып шыққан адамыма көрермен риза болып, шапалақ ұрып жатса, маған одан басқа абырой керек емес. Мен содан рахаттанатын адаммын. Олар да менің балам секілді. Себебі, олар сахнаға шыққанша менен үміт күтіп, ақылымды тыңдайды. Содан кейін менің ақылымды тыңдап, «жаса» дегенімді жасап жүр ғой, «жаса» деген дүниемнен ел танып кетсе, жақсы болар еді деп уайымдаймын. Егер шынымен ол танылып кетсе, онымен бірге іштей қуанып жүремін.

— Кезінде Нұржан Төлендиев пен Жұлдызай Дүйсенбиевалармен араласыңызда түсініспеушілік болған еді. Тіпті бір сұхбатыңызда «Нұржан «Шаншарға» қайтып келем десе, алмаймын депсіз». Соған қарағанда, шәкіртіңізге қатты ренжіген секілдісіз.

— Нұржан кеткен кезінде ренжігенім рас. Өйткені олар театрға келген кездерінде «кетпейміз» деп келген. Сөйтті де аяқ астынан кете салды. Жұлдызайға да үндемей кетіп қалғаны үшін ренжідім. Одан кейін оларға ренжігенім жоқ. Өйткені ренжіп жүрген кездерімде 2-3 мәрте кешірім сұрап, «Ұстазымызсыз. Жалпы өнердегі ұстазым – Райымбек Сейтметов, ал эстрада жанрындағы ұстазым өзіңізсіз» деп, «Алдараспан Шаншарды шақырады!» атты концертке шақырған. Негізі бұндай реніш тек қана театрда ғана емес, үйде де болатын тірлік. Кешірім сұрап келсе, қайтадан татуласасың. Сондықтан онымен балам ретінде қайтадан араласып жүрміз. Қандай қуаныш болып жатса да, «Көке, сіз ашып беріңіз» деп менсіз жасамайды. Өздеріңіз білетіндей, Шаншардың 25 жылдығына да, Жүсіп екеуміз ұйымдастырған «60+60» жобасына да келіп, театрымен бірге құттықтап кетті. Сондықтан ренжіп жүр деген дұрыс болмас. Негізі мен қатты ренжи де бермеймін. Бірақ артымнан өзінше мықты болып кетіп, өзінен-өзі әңгіме айтып жүргендер бар. Тіпті бір актрисамыз «Шаншарда жағдайым өте қиын болған» деп сұмдық сұхбат та берген екен. Ондайларға не дейміз? Бар түсінігі сол болса, жүре берсін. Менің ештеңем кетпейді. Кімнің қай жерден қалай шыққанын бір Құдай көріп тұр. Ал енді алғашында әнші ретінде бір топ құрып, не театр құрып, танымал болғанда біреуі бөлініп шыға келсе, ондайларға ренжимін. Мысалы, Еркін Нұржан «Жігіттер» тобынан кетті. Топтағы үш жігіт ренжімеді емес ренжіді. Тек сыр бермейді. «МузАрт»-тан Мақсат та кетті. «Өнер қырандарынан» Дәулет те кетіп қалған болатын. Бірде сол жігітті ұстап алып, «Бүйтіп жеке басыңды ойлап кететінің болса, «Өнер қырандарында» басында ойнап нең бар еді?» деп ұрысқанмын. Сол үшін тек Нұржан ғана емес, басқа да театр, не әншілердің тобын бірлесіп құрып, ортасына келгенде тастап кету деген дұрыс нәрсе емес. Бірге топты ашқаннан кейін аяғына дейін жүру керек. Не болмаса, «Меломен» тобы Жігер Аупбаевты салтанатты түрде сахнадан шығарып салғанындай, сахна мәденииетімен шығарып, бөлінуі қажет деп ойлаймын.

Ал енді Нұржанды сахнаға қайта алу мәселесіне келсек, «Алдараспан» театр ретінде құрылып, шаңырақтарын тігіп қойған. Актерларын да қабылдап қойды. Жолын салды. Сол себепті, оны қайта алуға болмайды. Өйткені оның актерларынан ұят. Егер Нұржан жеке өзі жүргенінде, қайта алар едім. Ол кезде «алмаймын» деп те айта алмаймын. Енді оның актерлары жиналып қойғаннан кейін, қаншама адам Нұржанға сенім артып отыр. Оларда да «Нұржан ағамыздың театрында ойнасақ, өзіміздің талантымызды көрсете алады екенбіз ғой» деп үміттенеді. Енді ол театрын құрып қойғаннан кейін «қайта келгім келеді» десе, «Театрыңа ие болып, қыз-жігіттеріңе бас-көз бол. Не істеп жүрсің мұнда?» деп ұрысып жіберер едім.

— Әзіл арқылы шенеуніктерді сыбап алатын кездеріңіз көп болады. Олардың тарапынан қандай жауап алатын едіңіздер? Яғни, басыңызға бәле тауып алған кездеріңіз болған жоқ па?

— Енді астарлы әзілдеріміз де, басқасы да шықты. Бірақ шенеуніктер тарапынан әңгіме естігеніміз жоқ. Естімедік, естіртпес те едік. Енді таза қазақ қалжыңын түсінгендер «Дұрыс айттыңыздар» деп хош көрді. Шенеуніктер болсын, депутаты болсын. Ал қалған министрлердің, жалпы қанша министр бар, соның барлығы «Шаншарды» көреді деп айта алмаймын. Көптеген элитамыз біздің театрымызды көрмейді. Көрсе, элитасы түсіп қалады. Өйткені өзі орысша сөйлеп, әрең дегенде элита болып отырғандар. Таза қазақи болып кетеді да, сай келмей қалады оған. Ал министрлікте отырған қазақтілділердің түгелі біздің ақындарды, қазақы театрлардың барлығын жақсы таниды. Тіпті Жүсіп екеумізді біледі десем, шатаспаймын. Мысал келтіретін болсам, үлкен кәсіппен айналысатын қазақ жігіті Үрімшіге барған сайын қасымызда жүріп, дастархан жайып жүретін. Сол бір күні Астанаға барып, үлкен, ірі кәсіппен айналысатын кәсіпкермен кездесіп, серіктес болған көрінеді. Сонда ол «мен Уәлибекті танимын» деп мақтанған екен. Сөйтсе, жаңағы танысқан кәсіпкері «Қай бизнесте? Әлде министрлікте ме ол кісі?» деп сұраса, «Жоқ театрда», «Қандай театр?» ««Шаншар» театрында» десе әлгі кәсіпкер білмепті. Кейін жаңағы кәсіпкер жігітпен жолыққанымда жоғарыдағы әңгімені айтып, «сізді танымай қалғанына таңғалдым» деді. Ал мен болсам, «Таңғалма» деп жауап бердім. Оған таңғалудың еш қажеті жоқ. Етіміз де үйреніп кетті. Өйткені шенеуніктер деген елден оқшауланып тұратын, өздері бөлек топ қой. Бәріне бірдей топырақ шаша да алмаймын. Әрине, іштерінде қазақ айтыстарын көретін, ақындарды танитындары бар. Ал қалған 70 пайызы қазақы қалжыңың мен ақындарыңа түкіргені бар. Оларға осы жерде дүниесін сатып, шетелге қашып кетсе болды.

— Өміріңіз бен өнеріңізде қандай жаңалықтар болып жатыр? Хабарласқанымызда түсірілімде жүргеніңізді айтқан едіңіз. Соған қарағанда, отандық жаңа фильмнің тұсауы кесілетін секілді ғой.

— Өмірімдегі басты жаңалық – немерелерім, яғни Әкімқұлдың ұрпағы көбейіп жатыр. Немеремнің дүниеге келгеніне қуанып жатқан жайымыз бар. Келін де түсірдік. Биылғы жаңалықтарым осы. Ал әзір театрдан көп қолым босамай жатыр. Сериалдарда кейбір эпизодтарға түскенім болмаса, съемкаларына бастан-аяқ қатысып жатырмын деп айта алмаймын. «Өсекшілер» деген сериалды 7-арнаға түсіріп едік. Биылғы сезон тағы түсіріліп жатыр. Оған бара алмай, орныма Жүсіпті жібердім. Өйткені театрда мюзикл іспеттес үлкен бір форматта пьеса жазылған еді. Соны шығара алмай жатқан жайымыз бар. Содан қолым босамай жатыр. Ал қалған жаңалықтарды эфирден кейінірек көре жатарсыздар. Әзірше өзіміздің Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театрының сахнасынан шыға алмай жатырмыз.

— Тағы бір сұхбатыңызда «ұлым теріс ағымға кіріп кетіп, адасып кете жаздады» депсіз. Жалпы сіз әке ретінде мұндай жағдаймен қалай күресе алдыңыз?

— Иә, ол сонау кезінде болған тірлік. Шынын айтайын, үлкен ұлым Фархад 7-8 сыныпта оқып жүргенінде дзюдодан облыстық, республикалық жарыстардан жақсы нәтиже көрсетіп жүрді. Күреске қатысып, көзге көрініп жүргенде, араларында бір бала жұма намазға шақырған екен. Оған 1-2 дзюдошы мен менің балам да қосылып барған. Сол жерде, ашығын айтқанда «Біләл» мешітіндегі ұстаздар бұларды отырғызып қойып, басқа ағымдағы теріс уағыздарды айта бастаған. Содан естіген сайын, балалардың құлақтарына әбден сіңіп кетіп, анасына «орамал тарт», «мойныңдағы тұмарды алып таста», «намаз оқыңдар, Жұма намазға барыңдар» деп әңгімелер айта бастады. Тіпті үйде намаз оқи бастады. Басында «намаз оқығаның дұрыс» деп қуанып, қолдап жүрдім. Сөйтсем бір күні, кешкі астан соң «мешітке бара жатырмын» дегеніне селт еттім. Өйткені ол кезде кәмелет жасына толмаған мектеп оқушысы еді. Содан «тоқта, түнде қандай мешіт? Әр жұмада барғаның жетеді» десем, «жоқ, ұстазым «келіңдер» деп айтты, баруым керек» деп жылады. Жылағанына қарамай, ұрсып-ұрсып отырғызып қойып, «Барсаң, ертең Жұма күні бар. Барма деп айтпаймын, бар. Бірақ сабаққа дейін не сабақтан кейін кіріп шық. Сосын ұстазыңа «әкем сізбен жолығады. Түнде баланы не үшін шақырады? Қандай бағытта не үйретпекші? Егер діни сұрақтар болса, қойсын. Менің де қоятын сұрақтарым бар деп айтып бар. Әкем ҚазҰУ-да араб тілінде оқу бітірген» деп айтып бар дедім. Содан соң балам 1-2 рет барып жүрді. Кейіннен өзіміздің мазхабымызды түсіндірдім. Оның үстіне, Құрбан айттарда ауылға барып, ата-бабамыздың басына құран оқытып қайтатынбыз. Сол кездерде балам «Баруға болмайды. Тек Құдайдан сұрауымыз керек екен» деп айтып қалды. Баламның сол сөзінен кейін түсінгенін ұқтым. Ал қасындағы мықты дзюдоистер Сауд Арабиясына, Мысырға кетіп, содан бері иектеріне сақал қойып кетті. Қазір балам «Дер кезінде дұрыс байқаған екенсің» деп айтады. Сондықтан да намаз оқып жүрген, келте балақ, қауға сақалдылар көбейіп кетті. Оған әке-шешесі кінәлі. Баласына сұрақ қойып, зерттеп білу керек. Қандай намаз оқып жүр? Қандай мазхаб ұстап тұрғанын дер кезінде біліп, жөнге салса, баланы ұстай алады. Ал егер «балам Арабияға кетті» деп қуанатын болсақ, келгеннен кейін бұлар ширктер деп әке-шешесіне қарамай, теріс айналып кетеді. Бұндай жағдайды көріп те жүрміз. Сол себепті, әр ата-ана баласының есі кіріп, үйленгенінше қатты қадағалауы қажет. Баланы дүниеге де құнықтырмау керек. Әсіресе қазіргі заманда қадағаламаса болмайды. Қазіргі заман аумалы-төкпелі, не орыс болатынымызды, не қазақ болатынымызды білмей жүрген кезең.

— Елімізде болып жатқан саяси өзгерістерге арнап, алдағы уақытта жаңа қойылым қою ойыңызда бар ма?

— Қазақ елінде тұрып жатқаннан кейін ата-бабамыздың тілінде сөйлеп, сол тілдің қалжыңын айтқаннан кейін елдегі өзгерістерді жіті қадағалап, қарап отырамыз. Келеңсіз нәрселер болса, әзілменен әжуалап, қалжыңмен қағытып отырсақ, күніге қорқытып сөйлей бергеннен гөрі әзілмен жеткізсек дейміз. Оны көптеген қойылымдарымызда көріп жүрсіздер. Егер телебағдарламада берген сұхбатым болса, «мынадай қойылымдардан үзінді көрсетіңіздер» деп нақты айтып, түсіндірер едім. Мысалыға, әліппенің айтар одағы секілді көптеген жанайқайымыз бар. Осы елде өмір сүргеннен кейін елдегі өзгерістерге араласып тұрамыз. Бөлек шаппаймыз әрине, елмен бірге сол додада жүреміз.

— Сіз тойларға шығып, асабалық етіп жүрсіз. Асаба ретінде қанша табыс табасыз? Өзге асабалар секілді сіз де қомақты қаржы сұрайсыз ба?

— Енді тамадамын, асабамын деп айта алмаймын. Елдің көзіне көрініп, сахнада монолог айтып жүргеннен кейін, «тойымызды жүргізіп беріңізші» деген өтініштер болады. Сол кезде өтініштеріне барамыз. Ал енді тамада едім деп айтпаймыз. Кейде бейтаныс біреулер  «Нөміріңізді алып едік. Біздің тойымызды жүргізіп берсеңіз» деп хабарласады. Оған «Кешіріңіз, мен асаба емеспін. Мен сахна сатиригі болғаннан кейін тілім тиіп кетуі мүмкін» деп жауап беремін. Сондықтан да элитный тойларды жүргізбеймін. Әрі той басталғаннан «мақтай бер» деген тойларға бармаймын. Өйткені танымайтын адамды қалай мақтайсыз?! Ал енді көбінесе қасымызға асаба ретінде жас жігіттерді алып, солардың қасында қалжың айтып жүреміз. Ал қаржыға келсек, аспандап тұрған бағамыз жоқ. Бергенін аламыз. Енді кейбіреулер мүлдем аз бағаны айтып, қоймай бара жатса, «тегін бара салайықшы. Сенен сондай ақшаны алдық. Сен сондай ақшаны бердім дегеннен гөрі тегін келіп, қайырымдылық жасады» деп айтарсың. Сосын біз де сенің тойыңда «жағдайы өте нашар екен. Осынша адамды шақырып, той жасап несі бар? енді соған көмек қолын создық» деп әзілмен жауап береміз. Кейбіреулер ұялып, өнерімізге сай бағасын беріп жатады. Қатып қалған ставка жоқ.

— Уақытыңызды бөліп, сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Тегтер: