Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:49, 22 Сәуір 2021

Үкімет кете ме? Болды! Сенім әбден таусылды!

None
None

        Дәл қазір елде үкімет басшысы Асқар Мамин әне-міне отставкаға кетеді деген сыбыс қатты күшейіп тұр.

Оның орнына Әлихан Смайыловты қояды екен деген әңгіме де қатар жүр.

      Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше күннен бері әкімдер мен әр министрді жеке қабылдап жатыр. Бұл мамырда болуы мүмкін үлкен ауыс-түйісте үкіметте кімнің қалатыны мен кімнің кететіні пысықталып жатқанының айқын белгісі болар.

       Ұлттық компаниялардың басшылары мен ЖОО ректорларының жаппай ауысып жатқаны аздай, жақын арада әкімдердің ауыс-түйісі күтілуде. Телеграм-каналдар қазір президент әкімшілігінде Алматы әкімі Сағынтаевтың орнына Өмірзақ Шөкеевті тағайындау мен Түркістанға басшы етіп, елорда әкімі Алтай Көлгіновті аттандыру мәселесі қаралып жатқанын жарыса жазуда. Ал бас қала әкімінің креслосына Бауыржан Байбек қонжияды-мыс деген жорамал жасалыпты.   Болуы  мүмкін аяқасты  ауыс-түйіске  байланысты  белгілі  саясаттанушы, сарапшы  Әзімбай  Ғали  былай  дейді:  «Таңғалатын ештеңе  жоқ,  бұл күтіліп  отырған  дүние. Өйткені  Мамин  үкіметі  өзінің   барлық  мүмкіндігін сарқыды. Қазіргі пандемия кезеңіне  байланысты  үлкен  тірлік,  жағымды  бетбұрыс жасай алмады.  Екіншіден,  Тоқаевқа да  өзінің  командасы керек. Дәл  қазіргі  жағдайды  пайдаланып, президент үкіметті айырбастап  жіберудің  қамын  жасап  жатуы  әбден мүмкін».

       Алайда бұлардан бұрын, үкіметтің өзін, министрлер кабинетін қайта жасақтау қажеттігі туындағаны анық. Мамин бастаған бұл үкіметке деген ең соңғы сенім таусылған сыңайлы. Ел бойынша жаппай вакцинациялау ақсап жатыр: 20 сәуірдегі жағдайға сәйкес, екпенің екі компонентін небәрі 123 мың адам алды, бұл республика халқының 1 пайызына да жетпейді. Ал Мамин мен Цой екеуі вакцинациялау туралы тапсырманы үйіп-төгіп, бар жауапкершілікті жергілікті басшыларға арта салуға тырысуда. Маминнің министрлері індетке қарсы іс-шараларға тағы да ақша бөлуден басқа амал таппады, кеше бұл мақсатта қосымша 265 миллиард теңге бөлінгені белгілі болды. Цойдың соңғы болжамы тіпті шошытты, ол мамырда коронавирус жұқтыратын науқастар тәулігіне 4000-ға дейін жетуі мүмкін деген сценарийін жайып салды. Бұл – Мамин үкіметінің әлсіздігі мен шарасыздығы. Ендеше Маминді орнынан алу керек. Оның отставкасы мамырда бола ма, не мамырға дейін бола ма – ол маңызды емес. Маңыздысы – Маминмен қош айтысу керек.

        P.S. Айтпақшы, күні кеше сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Шпекбаевтың кеткені де біраз дүниені аңғартады: шешуші ойынға дайындық ретінде командалар президенттік сайлауға даярланып, ойыншыларын орындарына жайғастыруға кіріскен сыңайлы.

Тегтер: