Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:49, 14 Желтоқсан 2022

Үкімет пен «иллюзия» егіз бе едің?!

None
None

 2022 жылдың аяқталауына да санаулы күндер қалды. Биыл жыл басында тағайындалған су жаңа Смайылов үкіметінің де жұмыс істегеніне келесі айда бір жыл болады.

Әу баста «халықтың тұрмысын жөндейміз, табысын арттырамыз, алдағы уақытта  – 700 мың адамды жұмыспен қамту үшін  қажетті жағдай жасалады» деген үкіметтің халыққа ұсынған реформаларынан үміт күткеніміз рас.

 Бастапқыда, Смайылов үкіметі «елдегі жұмыссыздықпен, әсіресе жастардың екі қолға бір күрек таба алмай, бос жүргендермен білек сыбана күресуге күш саламыз» деді. Ал нақ қазіргі бұған қатысты деректерге жүгінсек, Қазақстан жұмыссыздық деңгейі бойынша Еуразия экономикалық одақ елдері ішінде әлі алдыңғы қатарда тұр. ЕАЭО комиссиясы келтірген статистикаға сүйенсек, Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі маусым айындағы көрсеткіш бойынша – 20,9 пайызды құраған.

Негізінде, осы жұмыссыздық мәселесімен Смайылов үкіметіне дейін Мамин үкіметі де белсене «күрескен-ді». Бұл ретте, тіпті Мамин үкіметі кезінде «Еңбек» және «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» мемлекеттік бағдарламалары бойынша арнайы жоспар-мақсат та құрылған болатын.  Оған бюджеттен 1 трлн теңге де бөлінді. Бірақ осы бағдарламалар аясында нақты жұмысқа орналасқандар саны әлі де күмән туғызады. Хош, кететін Мамин әлдеқашан кетті, ал енді Смайылов үкіметі не бітіріп отыр?!

  Негізінде, осы уақытқа дейін біздің халық талай-талай реформаларды көрді. Шынтуайтында, шенеу­ніктердің орынды-орынсыз реформасы елді әбден шаршатып жіберді. Құрғақ уәде беріп, бөлінген қаражатты оңды-солды шашуға жол беру – халықты одан әрі ашындырды. Бізде реформалар көп, бірақ елдің жағдайы одан гүлдене қойған жоқ.

Халықтың жағдайының төмен екенін кезінде президент Тоқаев та ашып айтты. Бұған қатысты Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда миллионға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне жетпейтінін алға тартып, «Қарызға батқандар мен кедейлердің үлесі артып жатыр. Бүгінде бір миллионға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді. Бұл соңғы 10 жылдағы ең нашар көрсеткіш. Осыған қарамастан, үкімет орташа жалақының өсіп жатқанын хабарлады, бұл – қиял» деген болатын.  

Халықтың жағдайы осылай қалыптасып отырғанын тілге тиек еткен Тоқаев үкіметке екі ай ішінде шетелге заңсыз әкетілген қаржыны және онда сатып алынған активтерді елге қайтару жөнінде ұсыныстар беруді де тапсырды.    Осыған байланысты ел үкіметі президентке «Жаңа экономикалық бағыт. Бірінші қадам. 2022 жыл» атты іс-қимыл бағдарламасын да ұсынды. Бұдан бөлек,  Ұлттық банк пен үкімет осы жылдың соңына қарай халықты қинап, қысып отырған инфляцияны 8-8,5 пайызға түсіруге ниеттеніп отырғандарын қоса жариялады. Алайда, сала мамандары өкінішке қарай, халықтың жағдайы түзеліп, еңсесі тіктелетін алғышарттар әлі нықтала қоймағанын айтып жүр. Міне, жылдың аяғы болды Ұлттық банк пен үкіметтің қарапайым ғана қымбатшылықты ауыздықтауға шамасы жетпей отыр.  Бүгінде елдегі  инфляция 8  пайызға түскен жоқ, керісінше, 18 пайыздан асып кетті. Қарапайым халықтың табысы өзін-өзі дамытуға жетпейді. Бұл ретте мамандар нақты-нақты әдістерді қолға алмасақ, келер жылы да «қымбатшылыққа одан әрі күйіп отырамыз» деседі.

 Қаржыгер Арман Мусиннің пайымдауынша, бір ғана Алматыны мысал етсек, Алматы өзін-өзі толықтай азық-түлікпен қамтуға әлі жеткен жоқ. Мегаполистегі өнім өндіретін кәсіпорындар бар, қаланың маңындағы аудандардан келетін азық-түлік өнімдері бар осы екі тарап қосылып, қаланы 60 пайыздық отандық өніммен қамти алады. Ал қалған 40 пайыз өнім сырттан әкелінді.

 – Барлығымыз білеміз, импорт өнімді елге әкелгенде төленетін кедендік баж салығы, кедендік әкетілім салығы, кеден аумағында тауарды әкелу кезінде қосылатын құн салығы, кеден аумағына тауарды әкелу кезінде тауарды акциздеу барлығына төлемақы алынады. Осының барлығының шығынын импорт тасымалдаушылар өнімнің бағасынан шығарып алғысы келеді. Болашақта Ресей сыртқа шығаратын тауарларының бағасын екі есеге көтеріп жіберуі де мүмкін. Сол кезде біздің нарыққа Ресейден келетін өнімдер қымбат болып келеді. Міне, алдағы 2023 жылы импорттар тасқыны инфляцияны өсіре түседі, – деді Арман Мусин.

Қаржыгердің пайымдауынша, осыны ескергендіктен, үкімет алдағы уақытта иллюзияның жетегінен шығып, мына жайттарға назар аударғаны жөн.

Біріншіден, инфляцияны нарықтың талабына сай тежей алу үшін отандық өнім өндіретін кәсіпкерлерге қосымша салықтық жеңілдіктер қарастырылуы тиіс. Екіншіден, жеке тұлғаларға арналған тарифтерден бөлек, кәсіпорындарға тариф бағалары бар. Келер жылы тариф бағасы арзандамайды. Керісінше, қымбаттауы әбден мүмкін. Биылдың өзінде тариф бағасы едеуір өсті. Міне, мұны зерттеу керек. Расымен де қойылатын тариф бағамы отандық кәсіпорындарға қолайлы ма? Осы жағын толық біліп алып барып, бұл арада да жеңілдіктер керек. Үшіншіден, делдалдар мәселесін шешу керек. Тауар бағасының қымбаттауына тікелей ықпал етіп отырған делдалдарға бізде бақылау аз. Супермаркеттерге, ірі сауда дүкендеріне өнімді тікелей зауыттан, өз бағасына алатындай жағдай жасалынуы керек.

– Бұл арада бизнесті бастадың ба, әрі қарай мемлекеттің көмегінсіз өзің дамытып ал деген болмайды. Олай етсек, жабайы кәсіпкерлік дамып кетеді. Сондықтан бизнеске де бақылау қойып, керек кезінде демеп отырғанның артығы болмайды. Бұл қарапайым халық үшін қажет нәрсе. Міне,  үкімет құр жалаң сөзді қойып, нақты осы мәселелерді шешіп алса, одан кейін қалғаны біртіндеп реттелер еді. Халықтың үкіметке деген сенімі оянар еді, – дейді қаржыгер.

   Расымен де маман айтса айтқандай, қазір үкіметке халықтың сеніміне кіру қиын болып тұр. Себебі ел бұған дейінгі айтылған, ұсынылған реформалардың құрғақ сөз, құр уәде болып қалғанын жақсы біледі. Тіпті атқарушы билік ұсынған жаңашылдықтарға аса ден қойып, құлаққа іліп тыңдамайтындар бүгінде халық арасында жетіп артылады. Ең қынжыларлығы, үкімет пен иллюзияны егізге балап жүргендердің де қатары баршылық. Ендеше, мұны ескерсе, үкімет болашақта «әділдік әкімге де, әркімге де керек» деген бағытпен жұмыс істеп, елдің сенімінен шығуға тырмысар деп үміттенеміз...

 

Тегтер: