Үкіметке реформа ұсыну – бюджеттен ақша «сындыру»
![None](/static/img/image.jpg)
Тап солай… Біздің үкіметіміз «халық үшін шашылып-төгіліп, аптығып, жұмыс істеп жатырмыз» деп есеп береді.
Елдің әлеуетін көтеру мақсатында қилы-қилы жобаларды жүзеге асырып, түрлі-түрлі реформаларға реңк бердік дегенде, алдына жан салмайды. Бірақ содан елдің жағдайы жақсарды ма?!
Керісінше, ұлттық статистика бюросының есебінше, Қазақстанда 1,4 млн-ға жуық адам қара жұмысқа жегіліп, бейнеттеніп күн көреді екен. Деректерге жүгінсек, тау-кен өнеркәсібінің 85 мың қызметкері аптасына 40 сағаттан артық жұмыс істейді. Жылжымайтын мүлік саудасымен айналысатын 42 мың адам, қонақүйлер мен қоғамдық тамақтану саласында 43 мың адам аптасына 40 сағаттан артық еңбектенеді. Көлік, құрылыс және бөлшек саудамен айналысатындардың 20 пайыздан астамы белгіленген нормадан артық жұмысқа жегіледі. Ал еліміздің Еңбек кодексіне сәйкес, қалыпты жұмыс уақыты аптасына 40 сағаттан аспауы тиіс.
Жалпы, нарықтық экономикаға көшкелі бері қазаққа қойылатын негізгі айыптың бірі – жалқаулық. Біреулер баспанасы жоқ, жағдайы төмен қазақты «жалқау» дейді, енді бірі үкімет тағайындаған тиесілі жәрдемақыны алып, оны қажетке жарататындарды «мемлекетке масылдар» дейтінді шығарды. Тіпті көпбалалы болып, ішер асқа жарымай отырғандарды көрсе де, «асырай алмаса бала туып несі бар, өзі жалқау» деп сөгетіндер де табылды. Базарда арба сүйреген қазақты көрсе, «жалқау ғой, дұрыс жұмыс таппай ма» дейтіндер де бар. Шындығында, солай ма? Қазақ жалқаулығынан кедей болып жүр ме? Қара жұмысқа жегіліп, артық күш жұмсаса да, неге осы біздің халыққа шыр бітпейді?
Негізінде, ғалымдар мен сарапшылар қазақтың еңбекқорлығын өз еңбектерінде үнемі тілге тиек етеді. Қазақтың мал басын бейнетпен өсіретін қасиетін, диқаншылықтың мехнатын әлі де тартып келе жатқанын, қуаңшылық мәселесі үнемі алқымнан алатынын ғалымдар осы уақытқа дейін жазбады емес, жазды. Осы мәселені зерттеп жүргенэкономист-ғалым Жұмаділда Баяхметовтің айтуынша, біздің үкіметтің бастамасымен қолға алынған реформалардың аяқсыз қалуы халықтың кедейленуіне жол ашып берген бірден-бір себеп.
– Қазақ халқы мал өсіріп, ауылшаруашылық өнімін алу үшін Еуропа елдерімен салыстырғанда сегіз есе артық күш жұмсайды. Техника ескірген, мал азығы үйлестірілмеген. Мысалы, бізде қазір 72 аудан бар. Өнеркәсіпті дамытпақ түгіл, ол аудандарда күн көрудің өзі тауқымет. Осы жайттың бетін ашып, қанша зар қақсадық. Жер мәселесін жазып та, айтып та, том-том кітап етіп шығарып та жүрміз, бірақ селт еткен жанды көрмедім. Міне, нақ қазір бізде бірінші болып шешілуі тиіс мәселе – осы, – дейді экономист-ғалым. Маманның айтуынша, қазір біз үшін азып-тозған, шөл және шөлейт аймақтарда тұрып жатқан халыққа жағдай жасау маңызды болу керек. Мысалы, АҚШ-та, Канадада, басқаны қойғанда, экономикасы өте төмен саналатын Оңтүстік Африкада құнарсыз, су тапшы, нәрсіз жерлерде тұратын жандардың жалақысына қоса, үстеме төлемақы төленеді. Ал біз зиянды қалдықтар қоймасына айналған елдімекендерде тұрып жатқан, полигонның зардабын көрген жандарды шөміштен қағып, өзге қалаға қоныс аударса, оларға болар-болмас жәрдемақысын төлеуден бас тартамыз.
Сала мамандарының пайымынша, бізде қазір халықтың тұрмыс-тіршілігіне, экономикалық дамуға қатысты реформалар өте көп. Тіпті елде тиімді реформалар легін қалыптастыру мақсатында Жоғары реформалар кеңесі құрылғаны белгілі. Бұл ретте «Жас Алашқа» пікір білдіргенәлеуметтанушы Серік Еңсебаев:
– Осы уақытқа дейін халық талай реформаны көрді. Шенеуніктердің орынды-орынсыз жаңалықтары халықты әбден шаршатып жіберді. Біздің жеріміздің ауқымы үлкен. Тек қана жерасты байлығымыздың арқасында көптеген шетелдік азаматтар миллиардер атанып жатыр. Осындай әрекеттерді көріп қарның ашады, – дейді.
Маманның айтуынша, оңтүстік-батыс, оңтүстік-шығыста тұратын елдің көбісінің ахуалы, тұрмысы нашар. Орталық Қазақстан, Солтүстік Қазақстанның халқы құнарлы жерлерде тұратындықтан, олар жер еміп, егіншілікпен айналысып, әйтеуір, жағдайларын дұрыстап жатыр. Ал шығыс пен батыстағы елдің күнкөрісіне, мал өсіруіне, өнеркәсіптік дамуына қатысты, тіпті қала халқы мен дала халқының әлеуметтік теңдігіне қатысты үкімет әлі сауатты шешім қабылдай қойған жоқ.
– Негізінде, Мамин үкіметі жұмысына кіріскелі бері өте көп қаражатты шашып алды. Пандемияны бір желеу етіп, коронавируспен күресті бір сылтау етіп, бөлінген триллиондар «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетті. Елді дамытудың ұлттық жоспары, реформалар кеңесі, ауылды дамыту, қарапайым заттар экономикасы дейсіз бе, түрлі реформалар қолға алынып жатыр. Бірақ бұдан халық байыған жоқ, экономика шатқаяқтап кетті. Үкімет сонда да қаражатты үнемдеуге ден қояр емес, тіпті болашаққа деп жинаған Ұлттық қорды да түгесуге тақаумыз, – дейді Серік Еңсебаев.
Ұлттық қор демекші, расымен де, өткен аптада ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Ұлттық қордан 2022-24 жылдары кепілдендірілген трансферттерге тағы да қаржы алынатынын айтты. Министрдің айтуынша, келер жылы қордан 2 миллиард теңгеден астам қаржы алынбақ.«Заң жобасы бойынша Ұлттық қордан 2022 жылға арналған республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферт мөлшерін 2022 жылға – 2 400 млрд теңге, 2023 жылға – 2 200 млрд теңге, 2024 жылға 2 000 млрд теңге көлемінде бекітеді», – дейді министр Әсет Ерғалиев.
Ұлттық экономика министрі осылай деп жатқан тұста Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өз кезегінде елде несие алып, қарызға батқан қарапайым халықтың есебін жариялады. Аталмыш агенттіктің есебінше, соңғы сегіз айдың қорытындысы бойынша тұтынушылық қарыздар 2020 жылмен салыстырғанда қатты өсіп, 33 пайызға ұлғайған. Тіпті елде несие алып, қарызға батқандардың көрсеткіші ЖІӨ мен халық табысының номиналды өсімінен едәуір асып түскен. «Бұл тұтынушылық кредит беру нарығында тәуекелдердің артуын растайды», – деді агенттік өкілдері.
Сөйтіп, халық қарызға батқан, ауыр жұмысқа жегілген. Бірақ бұдан елдің байып, шыр бітетін түрі жоқ. Тиісінше, тіршілігі төмендеген қарапайым халықтың күннен-күнге үкіметке, атқарушы билікке деген базынасы көбейіп барады. Осыған қарап-ақ дамуға, өркендеуге бағытталған реформалар халықты шынымен байытпағанын, керісінше, қаптаған «жаңашылдықтан» басымыз шатасып, шаршап кеткенімізді мойындауға тура келіп тұр. Кейде тіпті елдегі реформалардың дені қарапайым халықты емес, бай-манаптарды одан әрі байытып жатқанын көріп еріксіз ашынасың. Үкіметке реформа ұсыну бюджеттен ақша «сындыру» болып кеткенін несіне жасырамыз. Ең өкініштісі, үкіметтің осындай шашармандығынан халық кедейленіп, экономика батпақтап барады. Мұның арты не болар екен?!