Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:08, 06 Желтоқсан 2024

Үкімет банкті, банк халықты сорады

банк
Фото: kapital.kz

Үкімет бюджетті толтырамыз деп банктерге ақша аударымдары үшін салық салады – Банк салық төлеу үшін комиссияны көтермек болады – Үкімет банктерге комиссияны көтерме дейді – Банктер «онда бізге өзің көмектес» дейді – Үкімет «банктерді сауықтырамыз» деп, бюджеттен ақша бөледі – Қайтадан бюджет тапшылығы болады – Үкімет бюджетті толтырамыз деп... банктерге комиссияны көтеріңдер дейді...

Қазір қолданысқа енуі тиіс жаңа Салық кодексі жиі-жиі сарапқа салынып жатқан тұс. Бюджеттің тапшылығын салықтық төлемдер арқылы толтырғысы келетін үкімет жаңа кодекске қатысты түрлі-түрлі ұсыныс айтып жүр. Соның бірі – жаңа Салық кодексіндегі банктік төлем операцияларына қосымша құн салығын (ҚҚС) енгізу туралы бастама.

Негізінде, биыл ел қазынасына салық жоспардан 24,4 пайызға кем түскен. Үкімет осы жылы қазынаға қазан айына дейін 10,7 трлн салық түседі деп жоспарлаған. Алайда қазіргі уақытта тек 8,1 трлн теңге ғана салық жиналған. Биыл бюджетке 13,5 трлн теңге түссе оның 8,1 трлн теңгесі осы салықтан жиналған сома. Биыл корпоративтік табыс салығы да (КТС), қосымша құн салығы да (ҚҚС) да аз жиналған. КТС бойынша 9 айда 3,1 трлн теңге түседі деп жоспарланса, бұл аралықта бар-жоғы 2,5 трлн теңге салық жиналған. Қосымша құн салығы бойынша 5,1 трлн теңге түсуі керек деп жоспарланса, бюджетке нақты 3,5 трлн теңге салық кірген.

Жалпы, бізде жаңа Салық кодексін ұсынуға, бақылауға, талқылауға жауапты бір емес, екі бірдей ведомство бекітілген. Оның бірі – Мәди Тәкиев басқарып отырған Қаржы министрлігі, екіншісі – Нұрлан Байбазаров басқаратын Ұлттық экономика министрлігі. Қазір осы қос министр жаңа Салық кодексіне қатысты ұсыныстарын қоғам талқысына шығарып жүр. Ондай талқылаулар барысында қызу пікірталас туып, аталмыш құжаттың олқы тұстары да ашық айтылды. «Салық көп болса, сауда өлетінін» мысал еткен сала мамандары бұған дейін де жаңа кодекспен келіспейтін тұстары барын айтқан. Өз кезегінде «Жас Алаш» бұл мәселені бірнеше мәрте қаузады.

Банктік төлем операцияларына ҚҚС енгізуге келейік. Қазір есепшоттағы қаражатты бір картадан екінші картаға аударсаңыз, 150 теңгеден бастап комиссия төлейсіз (төлем, аударым көлеміне қарай қымбаттай береді). Жаңа Салық кодексі бойынша осы аударымдарға ҚҚС салынса, бұл пластикалық карталарға қызмет көрсету, картадан картаға, шоттан шотқа аудару, аударымдар мен банк қызметтерін айтарлықтай қымбаттатуы ықтимал.

Біз мәселенің ақ-қарасын нақты білмек болып Ұлттық экономика министрлігіне хабарластық. Министрліктің баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, азаматтардың ақшасына ешбір салық салынбайды. Бұл салық банктерге салынады. Бұрын банктер қаржылық операциялар бойынша артықшылықтарды пайдаланып, бұл қызметке салық төлемейтін. Жаңа Салық кодексі жобасында бұл жеңілдіктер жойылады. Енді осындай қызметтерді көрсеткені үшін банк табысына салық салынады.

Көлеңкелі бизнес пен ақшаны шұлыққа жинау

Министрліктің түсініктемесінен түйгеніміз – құн салығы халыққа емес, банкке салынады. Ал әлеуметтанушы Меруерт Молдабаева министрлік бұл шығындарды банк өзі жабады дегенімен, оны банктер тұтынушылардың мойнына артатынын айтады. Маманның пайымдауынша, ұлттық экономика министрлігінің бұл бастамасына қаржыгерлер қауымдастығы да қарсы шыққан. Мұндай өзгерістер елдің шығынын арттырып қана қоймайды, қаржы жүйесіне сенімсіздік тудырады.

«Біздің елде қай банк халық үшін жұмыс істеп еді, қандай да бір банктің елдің жайын ойлап, комиссиясын төмендеткенін, несиенің пайызын, жылдық пайызын арзандатқанын көрмедік. Осы уақытқа дейін қаржыгерлер тарапынан қаншама ұсыныстар болды, банктер оның бірін де құлаққа ілмеді. Банктердің аударымдарына ҚҚС енгізуді өз басым құптамаймын. «Банк халыққа салмақ салмауы үшін ол төлемді өзі төлейтін болады, ол банкке салынатын салық» дегенге сенуге болмайды. Біздегі банктер клиент арқылы шығындарды өтеу мүмкіндігін жібермейді. Бұған қоса, келер жылы банктерге корпоративтік табыс салығы (КТС) 25 пайызға өседі. Бұған дейін банктер 20 пайыз КТС төлеп келген. Енді оған аударымдарға ҚҚС енгізетін болса, бұл сөзсіз банктердің қызметін қымбаттатады. Тіпті кейбір банктер несие пайызын өсіру арқылы пайда табуға көшеді. Халыққа берілетін несие одан әрі қымбаттайды. Себебі қазір Ұлттық банк базалық ставканы 1 пайызға көтеріп, 15,25 пайызға өсірді. Бұл дегеніміз – енді екінші деңгейлі банктер Ұлттық банктен қаржыны қымбатқа алатынын көрсетеді. Несие бір қымбаттап, әрбір аударым комиссиясы бір қымбаттаса, бұдан халықтың қаржы институттарына деген сенімі азаяды. Ұлттық экономика министрлігі мұндай жаңашылдықтарды ұсыну арқылы елдің ақшасын банкке емес, шұлыққа жинауға әкеле жатыр», – дейді М.Молдабаева.

Ал «Аналитик» талдау және сараптау орталығының маманы, бизнес аналитика және қаржы саласының сарапшысы Жақсыбек Мұқышевтің пайымдауынша, қазір банктердің салығын көтеруден гөрі елдегі табыс салығына прогрессивті шкала енгізу жайы өзекті болып отыр. Ұлттық экономика министрлігі елдің жайын ойласа, бірінші осыны реттеуі керек. Прогрессивті шкаланың мағынасы сол – жалақысы аз адамдар табыс салығын аз төлейді, жоғары айлық алатындарға салық мөлшері көбейеді.

«Ұлттық экономика министрлігіне прогрессивті шкала енгізу жөнінде 2020 жылдан бері ұсыныстар айтып келеміз. Одан бері бірнеше министр ауысты. Бірақ бұл мәселеге бойлағысы келмейді. Қазір республика халқының 45 пайызы орташа табыс табатын «ауқатты кедейлер». Олар жер салығын төлейді. Үй салығын төлейді. Зейнетақы қорына, МӘМС-ке салық төлейді. Қысқасы, үкімет ұсынған барлық салық түрін төлеп келеді. Енді осы қауымға табыс салығын жеңілдету неге қарастырылмайды?! Мысалы, айлығы 80 мың теңге болса, оған 0 пайыздық салық енгізілсе, 160 мың теңге айлық алса, оның 80 мың теңгесіне 0 пайыз. Екінші 80 мыңына 2 пайыздық салық салынса. Сол тәрізді, 240 мың теңге айлық алса, бірінші 80 мың теңгесіне төлемей, келесі бөлігіне 4 пайыздық салық енгізілсе, әрі қарай 10 пайыздық салық жүктемесі 750 мың теңгенің жалақысына салынса жөн болар еді. Әйтпесе, қазір халық өзінің тапқан табысынан да қомақты табыс салығын төлеп, қиналып кетті. Сондықтан табыс салығының 0 пайыздық шкаласын енгізген жөн деп санаймын.

Ал жаңа Салық кодексіне қатысты айтар болсақ, үкіметтің есебінше, салықтың түрін арттырсақ, бюджетке бір жылда 5 трлн теңгеден аса түсім түспек. Бірақ бұл арада салық төлеуге келгенде екі түрлі есеп-қисап жүргізетіндердің барын да ұмытпаған жөн. Бізге қазір жасырын салық көздерін әшкерелеп алу да маңызды. Мысалы, елімізде жұмыс берушілер мен жұмысшы арасындағы өзара келісім, жұмыс берушінің өз қарамағында істейтін жұмысшыларын кемітіп көрсетуі жиі орын алады. Осының есебінен жұмыс істейтіндердің жартысы тізімде болмағандықтан, заң бойынша табыс салығы да, әлеуметтік салық та төленбейді. Міне, алдымен осыны реттесін. Көлеңкелі бизнесте қаншама салық жатыр, мұны ойластыру керек. Жалпы, жаңа Салық кодексіне қатысты ешбір үкі­меттік құжатта салық реформасының стра­тегиялық мақсаттары сипатталмаған. Талқылауға ұсынылған жаңа Салық кодексінде салық-бюджет жүйесіндегі дағдарыс назардан тыс қалып отыр. Салық-бюджет жүйе­сіндегі олқылықты түзетудің екі ға­на жол бар: біріншісі, бюджет шығысын азайту, екіншісі, бюджетке түсетін мұнайдан басқа са­лық кірістерін арттыру. Үкімет бюджет шығысын қысқарта қоймайды. Ал енді мұнайдан басқа салық көздерін іздеу деген халықтың қалтасын қақшу емес қой. Қарапайым ғана банктік аударымдарға ҚҚС енгізіп және оны «банк өзі төлейді» деп халықты сендіруге тырысу ақылға қонымсыз», – дейді сарапшы.

Маманның айтуынша, салық түрлерін енгізіп, мөлшерлемелерін көтермес бұ­рын бірінші кезекте бюджет шығын­дары­ның тиімділігін арттыруға, бюджет тап­шы­лы­ғын азайтуға және барлық үкімет шы­ғын­дарын қо­ғамға есеп беретіндей етіп жасауға мүмкіндік бе­ре­тін түбегейлі бюджет реформасын жүргізу қажет. Бұдан кейін салық мөлшерлемелерін көтеру алдын­дағы тағы бір негізгі шарт – нарықтық емес және тиімсіз салықтық жеңілдіктерді толық жою керек. Осындай жеңілдіктерді түбегейлі жою­дан кейін үкіметке тіпті салық мөлшер­ле­мелерін көтерудің қажеті болмауы да мүм­кін.

Әрине, мұның барлығын онсыз да бет бақтырмай отырған қаржы министрі Мәди Тәкиев пен ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров «зерттедік, таразыладық, сараптадық» дері даусыз. Теңгенің құны бір түсіп, салық екі көтеріліп, ең алдымен бизнесті қысады. Ал бизнес, әлбетте, тұтынушысын қысады. Басқасын айтпағанда, онсыз да комиссиясы көп қазақстандық банктер үкіметке қымбат ҚҚС төлеу үшін нарықтан басқа жол іздеп әуре болмайды, не халықтың қалтасына қол салады, не үкіметтің өзіне қол жаяды. Сөйтіп, «банктерді сауықтыру» науқаны қайталануы мүмкін. Бұл, әлбетте, бюджетке үлкен күш түсіреді. Сонда, үкімет бюджетті құтқару үшін бюджеттің шығынын арттырған болып шығады.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Тегтер: