Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:02, 11 Қараша 2023

Үкімет Кореядағы қазақ жұмысшыларынан ақша дәметпесін!

корея
Фото: из открытых источников

Осы күні Оңтүстік Корея десе ойымызға бірден сонда жұмыс істеп жүрген қазақстандықтар оралады. Ресми мәліметтер Оңтүстік Кореяда 9 мыңға жуық қазақстандық еңбек етіп, нәпақасын тауып жүр дейді. 

Кейбір дереккөздерде жұмыс істейтіндердің саны бұдан бірнеше есе көп екені айтылады. Әрине, олар шекарадан турист ретінде өтіп, ары қарай заңсыз жұмыс істеп жатыр. Сондықтан да ол жаққа «ақша табамыз» деп барған Қазақстан азаматтары көптеген кедергілерге жолығады. Тіпті кейбіреулері тіркеусіз жүргені үшін айыппұл арқалап, шекарадан шығарылады. Енді біреулері ауырып-сырқаса медициналық көмек ала алмайды. Сондай-ақ жұмыс берушімен заңды келісімшарт жасалмағандықтан кейбір азаматтар тиесілі жалақысын уақытылы ала алмай қиналады.

Осындай кедергілерге қарамастан, Оңтүстік Кореяға жұмыс іздеп баратындардың қарасы азаймай тұр. Ал Қазақстан билігі біраз уақыттан бері Оңтүстік Кореяның «Еңбекке рұқсат беру жүйесіне» (ESP) кіруге әрекет етіп келеді. Ол үшін екі ел арасында жеті рет келіссөз жүргізілген. Еңбек министрлігін айтуынша, Корея тарабы Қазақстанның ұсынысына жылы қабақ танытқан әрі осы мәселені талқылауға құлықты екенін білдірген.

Оңтүстік Кореяда заңсыз жұмыс істеп жүрген қазақстандықтардың мәселесі парламент қабырғасында да айтылды. Премьер-министр Ә.Смайыловқа «Қазақстан қашан «Еңбекке рұқсат беру жүйесіне» кіреді?» деген сауал жолданды. Премьер-министр көп кешіктірмей жауап беріп, екі ел арасында еңбек қызметі және жұмысшылардың құқықтарын қорғау жөнінде келісімнің әзірленгені айтылды. Енді аталған заң жобасы белгіленген тәртіппен Корея үкіметінің қарауына енгізілмек.

Осы уақытқа дейін Оңтүстік Кореямен 16 мемлекет «Еңбекке рұқсат беру жүйесіне» қосылған. Демек, бұл елдердің азаматтары Оңтүстік Кореяға бару үшін арнайы бөлінетін оқу орындарында алдын ала дайындалады. Кәрісше үйренеді. Медициналық тексерістен өтеді. Ең соңында жұмыс беруші тараппен еңбек шартына қол қояды. Яғни Оңтүстік Кореяға заңды жолмен барған жұмысшы ретінде олардың барлық құқықтары қорғалады.

Оңтүстік Кореяда жұмыс істейтін қазақстандықтар нақты қандай қиындықтарға жолығады, олар үшін басты кедергілер неде, дайындалып жатқан заң жобасында неге баса мән берілуі тиіс. Осы және өзге де мәселелер жөнінде жеті жылдан бері Оңтүстік Кореяда жұмыс істейтін Қазақстан азаматы Сайрангүл Дахан «Жас Алашқа» айтып берді.

Сайрангүл Дахан
Фото: Сайрангүл Дахан

Оңтүстік Корея кез келген елге жұмыс визасын бере салмайды. Оның өз ереже, тәртібі бар. Негізінен халқы кедей, жер аумағы кіші, дамуы кенжелеп қалған елдерді алдымен ескереді. Дәл осы елдердің санатында 2004 жылы Корея үкіметі Қытай, Индия, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан қатарлы 16 мемлекетке жұмыс визасын беру туралы заңға қол қойған. Осы заң негізінде аталған елдерден жылына 3 000-3 500 адам Кореяға келіп, заңды түрде жұмыс істей алады. Әрине, бұл заңның да өз ережесі бар. Онда жұмысшылардың жас шектемесі көрсетілген. Сондай-ақ істі болмағаны туралы, жұқпалы ауруы жоқ екендігі жөнінде анықтамалар талап етеді. Сонымен қоса корей тілінен тест тапсырасыз, себебі сіз Кореяға барғанда жұмыс берушімен тіл табыса білуіңіз маңызды. Негізі Кореяға «Еңбекке рұқсат беру жүйесі» бойынша келген дұрыс. Себебі сіз аз болса да корей тілін үйренесіз, олардың заңымен, мәдениетімен танысасыз. Сөйтіп мұнда келгенде көп қиындық болмайды. Тез түсінісіп, тіл табысып кетесіз. Ал қазақстандықтардың көбісі ондай дайындықтан өтпейді, тек «Кореяда жұмыс бар, ақшаны күреп табамыз» дейді де, ұшаққа билет алып, жетіп келеді. Сонан соң түрлі қиындықтарға жолығады.

Енді Кореяда заңсыз жұмыс істеудің келеңсіз жақтарын айтайын. Ең әуелі осындай заңсыз жүрген мигранттар елдің атына кір келтіреді. Мысалы, жол ережесін білмей көлік жүргізіп, кісі қағып кеткен қазақстандықтар болды. Өздері бір ауыз корей тілін білмейді және тіркеусіз жүр, визасының уақыты өтіп кеткен. Әрине, осындай оқиғалардан соң Қазақстан, Қырғыз сияқты елдерден келгендерге: «заңсыз жүреді, тәртіп бұзады» деп үрке қарайды. Тіпті мұндай жағдайлар Кореяның ақпарат құралдарында да айтылды. Көрдіңіз бе, Кореяда азаматтарымыздың заңсыз жүруі мемлекеттік имиджімізге көлеңке түсіріп жатыр. Сондай-ақ Құдай бетін ары қылсын, өмір болған соң бәрі болады, алда-жалда бір азамат сол жақта қайтыс болса, оның сүйегін Корея үкіметі Қазақстанға жеткізіп бермейді. Барлық шығынды қайтыс болған кісінің жақындары төлейді, бұған кемі 8-10 мың доллардай ақша қажет. Жылына Кореяда шамамен 5-7 адам әртүрлі жағдайда қайтыс болады. Егер соның бәрінің еңбек визасы болса, мұндай көп қаражат кетпес еді.

Тағы бір кедергі – медициналық сақтандырудың жоқтығы. Егер сіз жарақат алып қалсаңыз немесе ауырсаңыз, тіпті тісіңізді емдеткелі барсаңыз да сізден виза сұрайды. Визаңыз болмаса, үстеме ақша төлеуге мәжбүрсіз. Мысалы, корейлер 15 мың теңге төлесе, сіз 60-70 мың теңге төлейсіз. Тағы бір қиындық – жақсы жұмыс табу мәселесі. Жоғарыда айтқанымдай, еңбек квотасымен келген жұмысшылар кәріс тілін жақсы біледі, сондықтан жұмыс табуда еш қиналмайды. Кейде мемлекетаралық келісімшарттар жасалады. Мысалы, Кореядағы бір көлік зауыты Өзбекстанға айтады «бізге мынадай жұмысқа, осынша адам қажет» деп, сосын Өзбекстан қажет жұмысшыны алдын ала дайындап, еңбек визасымен жібереді. Сөйтіп, келісімшарт бойынша әлгі көлік зауыты жұмысшылардың жатар орын, ішер асын қамтамасыз етеді. Құжаттарын реттейді. Сақтандыруын төлейді. Сәйкесінше, жалақыларынан белгілі мөлшерде қаражат ұстап қалады. Жұмысшылар мұндай салықты Өзбекстанға да төлейді. Демек, мұндай жағдайда сырттағы жұмыскерлерінің есебінен мемлекет қазынасына қаржы құйылып отырады.

Жақында «Еңбекке рұқсат беру жүйесі» іске асуы мүмкін, Қазақстан азаматтарына Кореяға жұмыс визасын берудің жолы қарастырылып жатыр дегенді естідім. Бұл өте дұрыс. Осыған байланысты менің айтарым – еңбек визасына өтініш берген Қазақстан азаматтарынан кәріс тілін білуді талап етсе. Әрине, тереңдей меңгермесе де, тұрмыстық деңгейде білсе, себебі олар Кореяға барып жұмыс істегенде еш қиналмайды. Жалақысы жоғары жұмыстар істей алады. Ал тіл білмесеңіз, тек ауыр, қара жұмыс істеуге тура келеді. Сосын екі ел арасында еңбек келісімі жасалғанда Қазақстан өз азаматтарының жалақысынан салық алмаса жақсы болар еді. Себебі Корея онсыз да еңбекақыларының мәлім пайызын ұстап қалады. Екі ел бірдей салық алса, шетте жүріп, жанын жалдап тапқан ақшасынан не қалады?

Кореяға келіп жұмыс істеген азаматтар еліне құр қол қайтпайды. Дамыған, өркениетті елден түрлі дүниелер үйренеді. Егін егудің, көлік жасаудың, басқа да жаңа технологиялардың тетігін игеріп барады. Міне, осындай азаматтардың елге келген соң кәсіп ашуына мемлекет көмектессе, қаржылай қолдау білдірсе жақсы болар еді. Кәрістер шетелге шығып, кәсіп ашқан азаматтарына төмен пайызбен несие береді. Қазақстан да солай жасауы қажет, сонда біздің кәсіпкерлеріміздің өрісі кеңейеді. Ең бастысы – жұмыс визасымен Кореяға келсеңіз, сізге «қашқын, босқын» есебінде емес, іздеушісі, сұраушысы бар азамат ретінде қарайды. Сондықтан тездетіп, осы еңбек визасын іске асыруымыз қажет.

P.S.Қазақстан Кореяның «Еңбекке рұқсат беру жүйесіне» нақты қашан кіретіні әлі белгісіз. Алдағы уақытта заң талқылануы мүмкін. Ал егер мұндай заң қабылданған жағдайда Кореяда жұмыс істеп жүрген Сайрангүл сияқты азаматтардың жанайқайы ескеріліп, заңды дайындаушылардың назарына іліксе дейміз. «Арқаның қысы жайлы болса...» дегендей, бізде бәрі жақсы болса, қазақстандықтар гастрабайтер атанып, жанын жалдап, жер түбіне бармас еді ғой...

Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ