Үкіметте «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының орындалу барысы қаралды
Үкіметте Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2023 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының орындалу барысы қаралды.
Кеңесті Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жүргізді. Жиынға Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Ұлттық экономика және Өнеркәсіп министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ өңір әкімдері мен олардың орынбасарлары бейнебайланыс арқылы қатысты.
Кеңестің негізгі тақырыбы – ауылдық жерлерде медициналық инфрақұрылымды жаңарту, аудандық ауруханаларды модернизациялау және оларды білікті кадрлармен қамтамасыз ету. Ұлттық жоба аясында бүгінге дейін алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін 655 нысанның 645-і пайдалануға берілген. Оның 226-сы бұрын медицина инфрақұрылымы мүлде болмаған ауылдарда салынса, 419 нысан ескірген ғимараттардың орнына тұрғызылған. Қалған 10 нысанды жыл соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр.
Аида Балаева өңір әкімдіктеріне құрылыс-монтаж жұмыстарының уақтылы аяқталуын, жобалық сүйемелдеуді және әкімшілік кедергілердің алдын алуды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Оның айтуынша, барлық өңірлер нақты бекітілген кесте бойынша жұмыс істеуі, әр кезең жүйелі түрде тіркеліп, алынған міндеттемелер толық орындалуы тиіс.
Сонымен қатар ұлттық жобаның екінші бағыты – орталық аудандық ауруханаларды жаңғырту мәселесі қаралды. Бұл бағытта инсульт орталықтары, перинаталдық бөлімшелер, травматология, хирургия, медициналық оңалту және жоғары технологиялық медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету көзделген. Қазіргі таңда 14 ауруханада жұмыстар аяқталған, ал тағы 24 нысан реконструкция немесе күрделі жөндеу кезеңінде.
Кеңесте ерекше назар кадр мәселесіне аударылды. Ұлттық жоба шеңберінде 1100 медициналық маман даярлау жоспарланған. Аида Балаева инфрақұрылым салумен қатар, медицина нысандарының нақты әрі тиімді жұмыс істеуі тікелей кадрлық қамтуға байланысты екенін атап өтті. Оның айтуынша, медициналық объектілерді пайдалануға беру оларды мамандармен толық қамтамасыз ету, көрсетілетін қызмет сапасын нақты бағалау алгоритмімен қатар жүруі тиіс.
Вице-премьердің сөзінше, соңғы жылдардағы экономикалық қиындықтарға қарамастан, Қазақстан денсаулық сақтау саласына ауқымды инвестиция салып отыр. Бұл жобалар – мемлекет жүргізіп отырған саясаттың нақты нәтижесі әрі үстірт сын-пікірлерге берілетін практикалық жауап. Сондықтан салынған нысандардың қанша адамды қамтитыны және олардың нақты әлеуметтік әсері туралы ақпарат халыққа ашық жеткізілуі қажет.
Кеңес қорытындысы бойынша Аида Балаева бірқатар нақты тапсырма жүктеді. Атап айтқанда, жыл соңына дейін жұмыстарды аяқтайтын өңірлерде қосымша көшпелі тексеріс жүргізу, әр облыс бойынша егжей-тегжейлі жоспар-кесте жасап, оның орындалуын тұрақты бақылау, сондай-ақ 2025 жылдың қорытындысы бойынша жобаның іске асу нәтижелері туралы өңірлер бөлінісінде толық әрі нақты есеп ұсыну міндеттелді.
Осылайша, Үкімет ауылдық денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуда тек нысан салумен шектелмей, сапа, кадр және нақты нәтиже қағидаттарына басымдық беріп отыр. Бұл – азаматтардың денсаулығын қорғауды елдің стратегиялық капиталы ретінде қарастыратын мемлекеттік саясаттың айқын көрінісі.