Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:36, 18 Қыркүйек 2023

Үкіметтік комиссия «Қазақстан» шахтасында болған өрттің себебін айтты

шахта
Фото: из открытых источников

«АрселлорМиттал Теміртау» АҚ қарасты кеншітегі тамыздың 17 күні шыққан өрттің беті әлі толық қайтқан жоқ

«Қазақстан» шахтасындағы кеншілердің өмірін жалмаған алапат өртке бүтіндей жұмыс берушілер кінәлі. Төтенше жағдайдың себебін анықтаған комисссия осындай ұйғарымға келді.

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов бүгін брифингте осылай деді. «АрселлорМиттал Теміртау» АҚ қарасты кеншітегі тамыздың 17 күні шыққан өрттің беті әлі толық қайтқан жоқ.

Осы уақытқа дейін өрт сөндірушілермен қабаттасып тексеріс жүргізген үкіметтік комиссия мүшелерінің айтуынша, көмір конвейірінде тұтанған жалын механикалық энергияның жылу энергиясына алмасқан. Ал ол конвейірдегі кептелген әрі аумағы үлкен роликтегі таспа төсемінің үйкелуіне алып келген. Соның салдарынан өрт өршіген. Алайда шахтаның инженер-техниктер мамандары дер кезінде әрекет жасамаған. Жұмыстың жүйесіздігінен энергетиктер мен механиктер бақылауды қолдан шығарып алған. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып күш біріктіргенде айтып келмейтін апатты ауыздықтауға болар еді дейді тексерушілер. Оның үстіне, мұнда қауіпсіздік туралы талаптар мен техникалық реттеу стандарты өрескел бұзылған. Мұның бәрі, кеніштегі шаң-тозаңның шектен тыс жоғарлауына және ауаның ластануына ұласқан. Аталған олқылықтардың барлығы 5 кеншінің қапыда опат болуына және бірнеше жерасты майталманының газдан улануына әкеп соққан. «Қазақстан» кен орнында еңбек заңы бұған дейін де, өрескел бұзылып келген. Мәселен, кейбір маңызды жүйелік құрылымдарда кәсіби мамандар жетіспеген. Басқару құрылымдағы қызметкердің орнына келесі үміткерді тағайындауға дейін тиісті нұсқаулар орындалмаған. Соның кесірі айналып келгенде кеншілерге тиіп отыр. Заңды белден басып, міндетіне жауапсыз қараған 28 жетекші тұлға енді сазайын тартпақ. Комисия мүшелерінің айтуынша, тергеуге тартылғандардың екеуі «АрселлорМиттал Теміртау» АҚ-да жұмыс істейтін шетелдің азаматы. Қалғаны қазақстандықтар.

«Қазақстан» шахтасындағы өрттің салдарын тексерген үкіметтік комисияның сараптамалық қорытындысы құқық қорғаушыларға жөнелтілді. Шейіт болған кеншілердің отбасы мен Үкімет күткен Үкімді сот айтады. Брифинктен кейін мәселені өз ішінде талқылаған қайсібір әріптесіміз бұған дейінгі бұрынғы апаттың біріне кінәлі деп танылған «АрселллорМиттал Теміртау» сот шешімін дер кезінде орындамағаны үшін бар-жоғы 172 мың теңге айыппұл төлеп құтылыпты деген ақпараттың шетін шығарды. Анығында солай болса, қапыдан көз жұмып арманда кеткен кеншілердің өмірі қанша тұрады?

Айтбала Сүлейменқызы Қарағанды облысы

Тегтер: