Украина 27 наурызда шекарасын толық жабады
Украина 27 наурызда түнде коронавирусқа байланысты шекарасын толық жабады. Елге кіріп-шығуға тыйым салынады.
Бұл туралы бейсенбі күні мәлімдеме жасаған президент Владимир Зеленский хабарлады.
Зеленскийдің айтуынша, жұма күні барлық елдермен жолаушылар қатынасы тоқтайды. Шетелде қалып қалған Украина азаматтарының жағдайын сол елдегі Украина елшіліктері мен диаспорасы біліп отыруы тиіс.
"Шетелде қалған Украина азаматтарының қауіпсіздігі маңызды ма әлде елдегі 40 млн адамның өмірі маңызды ма? Біз осындай шешілуі қиын мәселеге тап болдық" деді Зеленский. Ол эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, шетте қалған украиналықтарды елге қайтаруға күш салатынын айтты.
Бұған дейін Украина шетел азаматтарының елге кіруіне тыйым салған.
Соңғы дерек бойынша, Украинада 169 адамға коронавирус жұққан. Бес адам қайтыс болған. Елде қатаң карантиндік шаралар енгізілді. Ірі қалаларда метро жұмыс істемейді. Қоғамдық көліктердің жұмысына шектеу қойылды.