Украина мен АҚШ арасындағы келіссөз: Киев Tomahawk зымыранын алуға әлі де үмітті
Украина АҚШ-пен Tomahawk және өзге де алыс қашықтықтағы қаруларды сатып алу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр. Украина елшісі Ольга Стефанишинаның айтуынша, бұл келіссөздер «позитивті және конструктивті бағытта» өтіп жатыр.
6 қараша күні Bloomberg TV арнасына берген сұхбатында Украина елшісі Ольга Стефанишина Киевтің АҚШ-пен Tomahawk қанатты зымырандарын алу туралы келіссөздер жүргізіп жатқанын растады. Бұл келіссөздер АҚШ президенті Дональд Трамптың Киевке мұндай қару жіберуге ниеті жоқ екенін мәлімдегеніне қарамастан жалғасып келеді.
«Келіссөздер әлі де жүріп жатыр. Бізде бірнеше делегация жұмыс істеп жатыр, олардың мақсаты — әскери техника сатып алуға арналған қаржы көздерін көбейту», - деді Стефанишина.
Украина тек Tomahawk зымыранын ғана емес, сонымен қатар әртүрлі радиустегі басқа зымыран да алуы мүмкін.
Еуропалық және еуроатлантикалық интеграция мәселелерімен айналысып келген Ольга Стефанишина небәрі екі ай бұрын Украина елшісі қызметіне тағайындалған. Оның басты міндеттерінің бірі — АҚШ президенті Дональд Трамппен қатынасты жақсарту.
Трамп бұған дейін Украина басшысы Владимир Зеленскийді бірнеше рет сынға алған, тіпті бір сұхбатында оны «диктатор» деп атаған еді.
2025 жылдың басында Ақ үйдегі кездесуде Трамп пен вице-президент Джей Ди Вэнс Зеленскийгесын айтқан. Бірақ кейін қарым-қатынас біршама жақсарды. Қазан айында АҚШ Ресейдің «Роснефть» пен «Лукойл» компанияларына санкция салып, Мәскеуді «бейбіт процеске шынайы бейілді емес» деп айыптады.
Bloomberg мәліметінше, Украина үшін басты басымдық — Tomahawk және өзге де алыс радиустегі зымырандарды алу. Мұндай жүйелер Ресей аумағындағы нысандарды дәл атуға мүмкіндік береді.
Алайда Дональд Трамп бұл ұсынысты қолдамай отыр. Ол Tomahawk зымырандарының тиімділігі тек АҚШ әскері қолданған жағдайда жоғары болатынын айтып, Вашингтонның өз күштерін бұл соғысқа тартпайтынын мәлімдеді.