Украина жағында соғысқан беларусь белсендісі қаза тапты
Украина қарулы күштері жағында соғысқан беларусь белсендісі Украинада қаза тапты.
Беларусь белсендісі Мария Зайцева Украинада көз жұмды. Оның қаза тапқаны туралы жұма күні Азаттықтың Беларусь қызметі хабарлады. Зайцева Ресейдің Украинаға әскери шабуылы басталғаннан кейін Украина Қарулы Күштері жағында соғысқан.
Ол Екінші халықаралық легионның құрамында болды. Өлімінен бір күн бұрын 24 жасқа толды. Беларусьтің «Наша нива» басылымының хабарлауынша, Зайцева Украина қарулы күштері бөлімшелерінің бірінде ерікті болған және 17 қаңтар күні таңертең Бахмут маңында қаза тапқан.
Мария Зайцева 2020 жылы Минскіде өткен президент сайлауынан кейін Александр Лукашенко жеңімпаз деп танылған наразылықтарға қатысты. Оппозиция сайлау нәтижелерін бұрмаланған деп санап, оны қайта қарауды талап етті. Наразылық шерулеріне миллионға жуық беларусь қатысты. Наразылықтарды қауіпсіздік күштері аяусыз басып тастады, адам шығыны болды, оппозиционерлер түрмеге жабылды немесе елден кетуге мәжбүр болды.
Зайцева демонстрацияларға белсене қатыса жүріп жарылған гранатадан ауыр жарақат алды, оған бірнеше ота жасалды. Оның жарақат алған суретін Беларусьтағы көптеген БАҚ жариялады.
Бұл фото Беларусьтегі президент сайлауының бұрмалануына қарсы наразылық символдарының біріне айналды.