ҰҚШҰ саммиті. Жабық есіктің ар жағындағы Путиннің сесі
Өткен апта Астана қонақ күтумен әбігер болды. Алдымен мемлекеттік сапармен келген Владимир Путинге сый-құрмет көрсетсе, 28 қарашада Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының саммитін өткізді.
Елордадағы жиналысқа Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан және Беларусь президенттері қатысты. Ал ұйымға мүше алтыншы ел Арменияның туы төрде ілініп тұрғанымен, Ереваннан ешкім келген жоқ.
АҚШ-та президент ауысып, Украина мен Ресей соғысы ушығып, Таяу Шығыста да тыныштық қашып тұрған шақта Астанада өткен саммит көп адамның назарын аударғаны анық. Оның үстіне ядролық қару тасуға жарайтын баллистикалық ракетасын соғысқа араластырып, Батысқа азу тісін көрсетуге тырысып жатқан Путиннің сапары да елеусіз қалған жоқ.
Сарапшылар араға 9 жыл уақыт салып, Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Ресей басшысы АЭС салу, энергетика саласы, Украинадағы ахуал сияқты «сүйекті» тақырыптарды талқылайды деп болжаған. Өйткені Путин дипломатия тілінде ең жоғары кездесу саналатын мемлекеттік сапармен келді.
Путин сапары: 20 келісімшарт және шетелдік хакер
Астанада АЭС жайлы сөз болды. Путин Қазақстанда АЭС құрылысын жүргізуге дайын екенін айтты. Ол «Астана таңдауды өзі жасайды» деп маймөңкелегенімен, «Росатом» басшысы Алексей Лихачевті ерте келгені қазақ АЭС-ін жағалап жүргенін аңғартуы мүмкін. Ал Лихачев мұндай жобада халықаралық консорциум құру қиын деп санайды. Соған қарағанда «Росатом» жұмысқа жеке кірісуге ниетті көрінеді.
Ең қызығы, Путин мінген «ИЛ-96-300» ұшағы Астана әуежайына 27 қараша қас қарайған уақытта қонды. Сол күнге жоспарланған мемлекеттік сапардың неге мұнша кеш басталғаны белгісіз. Кремль қожайыны кешігіп жетті ме, әлде келісілген уақыт сол ма, ешкім нақтылаған жоқ. Бірақ келіссөз кеш басталғанына қарамастан Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Путин сол күні 20 құжатқа қол қойды.
Қос тарап өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығы, шекара бекеттері, денсаулық сақтау, білім беру және туризм саласы бойынша келісімшарт жасасты. Бірлескен мәлімдемеде күрделі геосаяси жағдайға қарамастан Астана мен Мәскеу арасындағы қарым-қатынас жақсы дамып жатқаны айтылды.
Бұл күнгі келіссөздерде Украинамен соғыс және оның салдары жайлы ашық сөз болған жоқ. Ал екі президент арасындағы жабық кездесуде бұл тақырыпты талқылады ма, жоқ па, белгісіз. Ресми органдар бұл туралы нақты ақпарат таратпады.
Путинді Ақорда құшақ жая қарсы алғанын айттық, бірақ кей жұртқа оның бұл келісі ұнай қойған жоқ. Ресей басшысын айыптайтын сөздер жазылған плакат ұстап, наразылық білдірген белсенділерді билік ұсақ бұзақылық жасады деп кінәлап, айыппұл салды. Ал Астана көшелері Ресей туына толып тұрғанда «Астана Опера» театрының жанындағы LED-экранда Украина туы пайда болып, жұртты таңғалдырған. Ішкі істер министрлігі бұл іске қатысты қылмыстық іс қозғады. Ал мемлекеттік техникалық қызмет шетелден хакерлік шабуыл жасалғанын хабарлады.
ҰҚШҰ саммитінде не айтылды?
Қазақстандағы саммитке 5 мемлекеттің президенті қатысқанымен, бас кейіпкер Владимир Путин болды. ҰҚШҰ бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов те кейбір оғаш ойларымен көзге түсті. Ал ТМД бас хатшысы Сергей Лебедев пен ШЫҰ бас хатшысы Чжан Мин ешбір мәлімдеме жасамай, тыныш келіп, тыныш кетті.
Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен жиында Тоқаев президенттер халықаралық және аймақтағы ахуалға қатысты пікір алмасып, қазіргі жағдайдың ұйымға мүше елдердің қауіпсіздігіне әсерін талқылайтынын айтты. «ҰҚШҰ – жай ғана әскери серіктестік емес, мемлекеттеріміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау мақсатындағы күш-жігеріміз бен ресурсымызды біріктіретін бірегей механизм», – деді Тоқаев.
Кезекті ҰҚШҰ саммитінде 14 құжатқа қол қойылды. Ұйымның ресми сайты нақты қандай келісімшарттар жасалғанын нақты көрсеткен жоқ. Тек қатысушылар ҰҚШҰ жауапкершілік аймағындағы әскери-саяси жағдайды талқылап, ынтымақтастық пен ұжымдық қауіпсіздік жүйесін одан әрі дамытуға келіскенін хабарлады.
«ҰҚШҰ кеңесі қабылдаған «Тәжікстан Республикасына тәжік-ауған шекарасын нығайтуға көмек көрсету туралы» мемлекетаралық бағдарламасы бекітілді», – деп жазды ұйымның баспасөз қызметі.
Сондай-ақ мемлекет басшылары Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 80 жылдығын бірлесіп мерекелеуге келіскен. Ұйымның келесі отырысы 2025 жылдың төртінші тоқсанында Қырғызстан астанасы Бішкекте өтеді.
Бұл ұйымның ресми ақпараты. Ал шетелдік БАҚ Астанада қабылданған Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясындағы «ҰҚШҰ шеңберіндегі әскери ынтымақтастық үшінші елдерге қарсы бағытталмаған, ол тек қорғаныс сипатына ие» деген сөзге назар аударып отыр. Өйткені ұйым жарғысына сай мүше мемлекеттердің бірінің аумақтық тұтастығына қауіп төнсе, өзгелері көмектесуге міндетті. Ал Путин Украинаның АҚШ пен Британия зымыранын пайдаланғанын, соғысқа үшінші елдің араласқаны деп бағалап отыр.
Декларациядағы мәтін екіұшты ой қалыптастырады. «ҰҚШҰ әскери қызметі үшінші елге бағытталмайды» дегенмен, Путин бірлесіп қорғанамыз дегенге келтіруі әбден мүмкін. Оның үстіне Астанадағы саммитте тараптар ұжымдық қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатерге қарсы жұмыла әрекет етуге дайын екенін мәлімдеген болатын. Бұл да соғыс қаупін тереңдете түседі.
ҰҚШҰ бас хатшысы Тасмағамбетов Ресей ұйымнан көмек сұрамағанын айтты. «Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы аясында көмек, оның ішінде әскери көмек те бар, қатысушы-мемлекеттің өтінішімен беріледі. Мұндай норма іс жүзінде орындалғанын өздеріңіз білесіздер. Қазіргі кезде Ресейден мұндай өтініш түскен жоқ» дейді ол. Бас хатшы «мұндай норма орындалды» деп 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанға ҰҚШҰ күштері кіргенін меңзеп отырған болуы мүмкін.
Бұған дейін «Киевке толассыз қару-жарақ жеткізіп жатқан АҚШ пен Батыстың кесірінен үстел басына отырып, мәмілеге келу мүмкін болмай отыр» деп мәлімдеген Тасмағамбетов осы жолы «Ресей гипер дыбысты зымыранды қолдануға мәжбүр болды» деп, тағы Путиннің сөзін сөйлеп шықты. Бір есептен бұған таңғалудың да қажеті жоқ. Кейбір қазақстандық «ауыр салмақты» саясаткер деп санайтын И.Тасмағамбетов қазіргі қызметінде Кремльге кіндігінен байланған. Өйткені ҰҚШҰ бас хатшысы Мәскеудің мақұлдауымен тағайындалады әрі бұл лауазымдағы адамның позициясы Ресеймен бірдей болады.
Танымал саясаттанушы Досым Сәтпаев «Жас Алашқа» Астанадағы ҰҚШҰ саммиті ұйымға мүше ел ретінде кезекті рет қауіпсіздік саласындағы әлсіз тұстарымызды көрсетіп бергенін айтты. Ол Украинадағы соғыстың өршуі Қазақстанға әскери агрессия тұрғысынан болмаса да, экономикалық тұрғыда қауіп төндіретінін айтады.
«Зымыранмен шабуыл жасалған аймақта ресейлік мұнай-газ инфрақұрылымының Қазақстанмен тығыз байланысты бөлігі болуы мүмкін. Атап айтқанда, Новороссийск теңіз портында Қазақстан мұнайының көп бөлігі экспортталатын Каспий құбыр консорциумы нысандары орналасқан. Биыл мамыр айында Новороссийск теңіз портына Украинаның пилотсыз ұшақтары шабуыл жасады», – дейді сарапшы.
Путин Трампты мақтап, басқаға сес көрсете сөйледі
ҰҚШҰ жиынының көп бөлігі жабық есік жағдайында өтті. Журналистер мен өзге жұрт аса көп ақпаратқа қол жеткізе алған жоқ. Бірақ Кремльдің баспасөз қызметі Путиннің жабық отырыста сөйлеген сөзін видеожазбасымен қоса толық жариялады.
Ол ҰҚШҰ-ны әскери-саяси ұйым деп атады. Одан әрі «Украинадағы жағдай қалай болып жатқанын сұрап отырсыздар, ол туралы толығырақ айтып беруді парызым деп санаймын» деді. Ол қарашаның басында Батыс шенділері Украинаға Батыс өндірісінің алыс қашықтыққа ұшатын қаруымен Ресей аумағына соққы беруге рұқсат бергенін айтып, мұны өзге елдердің қақтығысқа тікелей араласуы деп санайтынын мәлімдеді.
Путин Украина қолданып жатқан Америка, Британия, Франция зымырандарының қуатын айта отырып, олардың ешбірі Ресейдің Х-101 ракетасына жетпейді деп мақтанды. Яғни Ресей зымыраны қуаты бойынша да, ұшатын қашықтығы бойынша да Батыс қаруларынан артық деп санайды.
«Ракета жүйесін өндіруге келсек, НАТО елдеріндегі барлық өндірісті бірге санағанда Ресейде он есе көп. Келер жылы бұл өндіріс 25-30 пайыз артады. Киев режимі қожайындарынан тағы әскери техника сұрап жатқанын көріп отырмыз. Бізде «Калибр» кешені, сипаттамасы бойынша әлемде теңдесі жоқ «Кинжал» және «Циркон» гипер дыбысты зымыран жүйесі бар екенін ешкім ұмытпасын. Олардың да өндіріс қарқыны артып жатыр», – деді Путин.
Ресей президенті жақында Украина жеріне соққы жасауға қолданған «Орешник» зымыранын мақтауды да ұмытқан жоқ. Ол әлемде «Орешниктің» аналогтары жоқ деп санайды әрі жақын арада оған тең келетін ракета шықпайды деп сенеді. Путин «Орешник» секундына үш шақырым жылдамдықпен шабуылдайтынын әрі оның бірнешеуін топтап ұшырса, күші ядролық қару қолданғанмен тең болатынын айтты. Сондай-ақ қажет болса, мұндай қарумен Киевтегі шешім қабылдайтын орталықтарға соққы жасаймыз деп сес көрсетті.
Путин ұзын-сонар сөзінде Украинаны ашық айыптайтын, кейде кемсітетін сөздерді көп қолданған. Ол Киев билігін неонацистік режим деп атап, олардың легитимділігіне күмән келтірді. Бұл жерде Путин соғыс жағдайына байланысты Украинада президент сайлауы өтпегенін меңзеп отырғаны анық. Ол қазіргі Украина басшыларының қарулы күштерге бұйрық беруге де құқығы жоқ деп санайды. Ал өз әскері отан үшін, Ресейдің болашағы үшін күресіп жатқанын айтты.
Беларусьтан өзге ҰҚШҰ мүшелері бұл соғыста бейтарап позиция ұстанып отыр. Яғни ешкімді жақтамайды. Бірақ Путин Астана төрінде Украинаны сыңаржақты айыптайтын, қорлайтын сөздерді еркін сапырды. Ол тіпті соғысты Ресей бастағанын да ескерген жоқ. Мұны өзімен одақтас тәуелсіз мемлекеттерді сыйламау деп есептеуге болатын шығар. Егер ұйымдағы бір ел баса билеп, өзгелердің ұстанымымен санаспайтын болса, мұндай ұйымға мүше болудың, оның жиналыстарын өткізудің қажеті бар ма?..
Батыс елдері мен Украинаға уын шаша сөйлеген Путин АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Дональд Трампқа кішірейе сөйледі. Шетелдік басылымдар Путин Трамп жайлы айтқанда «жылы-жылы сөйлеп», Байден әкімшілігіне деген көзқарасына «мүлдем қарама-қайшы» көзқарас танытқанын жазып жатыр.
Ресей басшысы «Менің білуімше, жаңадан сайланған президент – ақылды әрі тәжірибелі адам, ол шешімін табады деп ойлаймын» деді. Бірақ Путин қандай «шешім» туралы айтып отырғанын нақтылаған жоқ. Сондай-ақ ол Байден әкімшілігі Трампқа Ресеймен қарым-қатынаста қиындық туғызуға тырысып жатыр деп санайтынын айтты. Трамп Ақ үйге 20 қаңтарда кіреді, ол билік тізгінін қолға алған соң Ресей мен Украина соғысын бір тәулікте тоқтатамын деп уәде беріп жүр.
Путиннің Қазақстанға сапары мен ҰҚШҰ саммиті осылай өтті. «Жоғары мәртебелі мырза» деп құрметтеп, үш жолақты туын желбіретіп қарсы алсақ та, Ресей президенті төбемізден қарап, теріс қабақ танытып кеткендей болды. Ол соғыс өзінің жеке мәселесі екенін айтқан жоқ. Одақтастарының ішінен де ескертер біреу табылмады.
Қуаныш Қаппас