«Ұлы дала қазынасы» - ұлттық құндылық қайнары
Семейдегі Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейінде көшпелі өркениеттің асыл мұрасын дәріптейтін «Ұлы дала қазынасы» көрмесі көпшілік назарын аударды.
Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен ашылған тағылымы мол шараны тамашалауға облыс әкімі Берік Уәли де келді.
Көрмеде Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі ұсынған археологиялық жәдігерлер қойылған. Бұл құнды экспонаттар – тарих ғылымдарының докторы, танымал археолог Зейнолла Самашев пен осы саланың тағы бір тарланы Әбдеш Төлеубаевтың 2016 жылдан бері Абай және Шығыс Қазақстан облыстары аумағында жүргізген археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарының жемісі.

Экспозицияда Абай облысы мен Шығыс өңіріндегі Елеке сазы, Тасарық, Шілікті, Берел, Ақжайлау, Қарақаба сынды археологиялық ескерткіштерден табылған бірегей артефактілер сан ғасыр қойнауына жетелейді. Көне дәуірдің көрінісін көз алдыңа әкелетін жауһар жәдігерлер сол кезеңдегі өркениеттің жоғары деңгейін, сол шақтағы қолөнер шеберлерінің зергерлік ерекшеліктерін айқын көрсетеді. 2016-2025 жылдар аралығында жүргізілген археологиялық зерттеулер барысында 28 мыңнан астам артефакт табылып, облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорын толықтырған жайы бар.
Тарих ғылымдарының докторы З.Самашев пен тарих ғылымдарының кандидаттары Қ.Ахметжан және Қ.Алтынбеков жасаған ғылыми-тарихи реконструкциялардың да ұрпақ танымын тереңдетер сыры мол.

Бұл көрменің шымылдығын ашудағы мақсат – 2016-2021 жылдары еліміздің Шығысынан табылған археологиялық олжалар, оның ішінде тек алтындарға қатысты экспозицияны Семей жұрытна кеңінен таныстыру. Облыс орталығы Өскемен болып тұрған кезде жүргізілген қазба-зерттеу нәтижесінде табылған архелогиялық артефактілердің бәрі Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы. Оның ішінде қазіргі Абай облысы аумағынан табылған құндылығы зор экспонаттар да бар. Біздің заманымызға дейінгі IV-III және VIII-VII ғасырға жататын ерекше алтын жәдігерлер бірер жыл бұрын «Ұлы дала алтындары» деген атпен бұл көрме әлемнің елдерін аралап, шетелдіктерді таңдандырып қайтқан. Көрменің ерекшелігі– мұндағы әр жәдігер сол замандағы алтынды игеру технологиясын танытады. Киімдер мен қаруларды алтынмен аптағаны өз алдына сол дәуірдің зергерлері аң мен құсты бейнелейтін құйма алатындардың түр-түрі жасалған. Сәті түскен жүздесуде облыс әкімі Берік Уәлиге Абай облысы аумағынан табылған алтын адамдар жаңғыртпаларын жаңадан жасатып алсақ деген ұсынысымызды айттық. Облыс әкімі ұсыныстың орынды екенін ескеріп, алдағы уақытта мүмкіндігінше қолдау білдіретін айтты,-дейді Абай облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Қайрат Сабырбай.
Соңғы жылдары Қазақстан археологиясындағы ең үлкен жаңалықтардың бірі –Ақсуат ауданының Елеке сазы қорымынан табылған «Алтын адам». Бұл жәдігер б.з.б. VIII ғасырға жатады. Қорымның ешкімнің қолы тимеген күйде сақталуы ақсүйек әулеттен шыққан бозбалаға тиесілі жерлеу киімін және қару-жарақтарды дәл қалпында жаңғыртуға мүмкіндік берді. Елеке сазы қорымындағы Қаған мәдени-мемориалдық кешенінен табылған VIII ғасырға жататын «Тақта отырған Қаған» мен Үржар ханшайымы реконструкциясы да келушілердің назарын өзіне аударды.