Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:52

Ұлыбритания королінің інісі Эндрю босатылды

Эндрю
Фото: : Phil Noble / Reuters
Ұлыбритания королі III Чарльздің інісі Эндрю Маунтбеттен-Виндзор Джеффри Эпштейн ісіне байланысты тергеу аясында ұсталып, кейін босатылды.

19 ақпан, бейсенбі күні Эндрю Маунтбеттен-Виндзор америкалық қаржыгер Джеффри Эпштейнмен байланыстары бойынша тергеу аясында қамауға алынған еді. Сол күні кешке, шамамен 12 сағатқа созылған жауап алудан кейін ол полиция бөлімінен босатылды. Бұл туралы BBC және бірқатар британдық басылымдар хабарлады.

Жарияланған фотосуретте 66 жастағы Маунтбеттен-Виндзордың қараңғы түскен соң Англияның Норфолк графтығындағы Айлшем қаласындағы полиция бөлімінен көлікпен шығып бара жатқаны көрсетілген.

Полиция мәлімдемесінде бұрынғы ханзада мемлекеттік қызметте жүрген кезінде қызметтік өкілетін теріс пайдалануы мүмкін деген күдікпен ұсталғаны айтылған. Алайда ол «тергеу жалғасып жатқан кезеңде босатылған». Бұл оған әзірге ресми айып тағылмағанын білдіреді.

Айта кету керек, полиция таңертеңгі хабарламасында Эндрюдің есімін тікелей атамаған. Тек «60 жастан асқан ер адам ұсталды» деп көрсеткен. Осы іс аясында екі мекенжайда тінту жүргізілгені де хабарланды.

Associated Press агенттігінің мәліметінше, полиция бұрынғы ханзада 2010 жылы жыныстық қылмыстар үшін сотталған Джеффри Эпштейнге сауда есептерін жолдағаны туралы ақпаратты тексеріп жатыр. Тергеу Эпштейн ісі бойынша АҚШ-та жиналған миллиондаған құжат жарияланғаннан кейін басталған.

Полиция дерегінше, корольдік отбасы мүшесі ресми қызметте болған кезінде өз мәртебесін заңсыз пайдаланған болуы мүмкін. Бұған дейін Эндрю ханзада атағынан айырылған еді — бұл оның Эпштейнмен тығыз байланысы туралы мәліметтер шыққаннан кейін болған. Эпштейн кәмелетке толмағандарды жыныстық қанау ісі бойынша айыпталған және 2019 жылы түрмеде көз жұмды.

Маунтбеттен-Виндзор Эпштейн ісіне қатысты қандай да бір заңбұзушылық жасағанын үнемі жоққа шығарып келеді. Ол Эпштейнмен достық қарым-қатынаста болғанына өкініш білдірген.

III Чарльз інісінің ұсталуына байланысты «қатты алаңдаулы» екенін білдірді. Сонымен бірге корольдік отбасы құқық қорғау органдарына толық қолдау көрсететінін және «толық әрі әділ тергеу» жүргізілуі тиіс екенін мәлімдеді.