Ұлылық тамыры ұстаздан
Бүгінде Қазақстанның білім беру саласында мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім берудің 500 мыңға жуық педагогы жұмыс істейді.
Сол ұстаздар мәртебесін көтеру аясында 4-5 қазан күндері елордада «Ұстаз жолы – ізгілік пен адалдық» тақырыбында республикалық педагогтар съезі өтті. Оған еліміздің барлық өңірлерінен 700-ге жуық мұғалім қатысты. Ұлт тамыры ұлытаулық ағартушылар да осы салтанатты шарадан тыс қалмады. Бұдан бөлек, облыстағы ұстаздарды құттықтау мен мадақтауға арналған түрлі шаралар облыс деңгейінде атап өтілді.
Алдымен Астанадағы съезге тоқталсақ. Съезге Ұлытау облысынан 16 делегат қатысты. Өкілдер қатарында «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік атағының иегері Мақсат Арунов, «Еңбек ардагері» төсбелгісінің иегері Бибісара Бекмағамбетова, «Үздік педагог-2022» республикалық конкурсының жеңімпаздары Динара Капарова, Бақыткүл Калмекеева, шебер-педагог Светлана Денисюк болды. Сонымен қатар шараға жас мамандар, зерттеуші-педагогтар, қосымша білім беру, техникалық және кәсіптік білім беру, мектепке дейінгі ұйым педагогтары, әдістемелік орталық мамандары қатысты.
Ұстаздар мерекесі қарсаңында облыс құрылғалы бері бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Барлық мектеп, колледждерде «Ұстаз аты – биік әрі мәңгілік» тақырыбында кездесулер мен мерекелік кештер жыл сайын ұйымдастырылады. Талай шәкіртке қалам ұстауды үйреткен ардагер ұстаздар да атаулы мерекеде еленбей қалмайды. Мәселен, жылда өтетін ардагер ұстаздарға арналған «Қалдырған ізің мәңгілік...» атты мерекелік кездесу. Кездесу барысында Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалаларының, Жаңаарқа және Ұлытау аудандарының ардагер ұстаздарына ұрпақ тәрбиелеудегі еңбектері үшін естелік сыйлықтар тапсырылады. Былтырғы кездесуде 4 педагог ҚР оқу-ағарту министрлігінің Ы.Алтынсарин төсбелгісімен, 16 педагог Ұлытау облысы әкімінің Алғысымен, 28 педагог Ұлытау облысы әкімі орынбасарының Алғысымен және 50 педагог Ұлытау облысы білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Педагог мәртебесін көтерудегі тағы бір игі іс – құрметті ұстаздарға еңбегіне сай атақ беру. Облыс әкімдігі осы жылы құрметті атақты Рысжан Нұршинаға ұсынды. Жезқазған қаласы, №8 гимназия мектебінің мұғалімі 36 жылдан бері бастауыш сынып оқушыларына білім берген. «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын мәртебелі ұстазға облыс әкімі өзі табыстады.
«Қиын да қызықты мамандықты алып жүру үшін жауапкершілік пен тәртіп керек. Осындай мерекелі шарада барша ұстаздарға қағазбастылықты ұмытып, өз қызметтеріңізден ләззат алыңыздар дегім келеді. Сондай-ақ еңбегімді елеп ескеріп, құрметті атақ ұсынып, марапаттап жатқандарыңызға алғысымды білдіремін», – дейді ұстаз Рысжан Нұршина.
Бүгінгі күні облыстың білім беру ұйымдарында 6000-нан аса педагог қызмет етеді. Оларға көрсетіліп жатқан көмек те, мемлекеттік қолдау да жылдан-жылға артып жатпаса кеміп жатқан жоқ. Соған қарамастан, қазіргі уақытта облыста мұғалім тапшы. Ағымдағы жылы білім ордалары 155 жас маманмен толықтырылған. Алыс-жақын ауылдар мен облыс орталығы мектептерінде 400-ден аса педагогтың орны бос. Әсіресе жаратылыстану бағытындағы пәндерде мұғалім жетіспейді. Жазғы демалыста педагог мамандарды жұмысқа тартуда қалалық, облыстық деңгейде бірсыпыра еңбек жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Басқа облыстағы жоғары оқу орындары түлектерін Ұлытауға шақырды. Облыстық білім басқармасының маманы Елжан Асылбековтің айтуынша осы мәселе бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.
«Өңірімізге біраз маманды тарттық. Соның ішінде қазір Ұлытау облысында біз атқарған жұмыстардың нәтижесінде 17 маман қызығушылық танытып, бұл мамандардың басым көпшілігі ауылдық аймақтарға барып отыр. Өзге өңірлерден келген педагогтардың таңдауы ауылға түсуі тегін емес. Себебі ол жерге барған маманға қызметтік баспана беріледі», – дейді маман.
Биыл мұғалімдер тапшылығын жою үшін облыс әкімдігінен ең қажет деген мамандықтарға 90 грант тағайындалды. Бірақ сол тегін оқуға түсетін талапкерлер табылмаған. Өкінішке қарай, әзірге 12 ғана түлек осы гранттың иегері атанды. 90 грант бөлінсе де келіп түскен өтініштер саны аз болған. 12-сі қазір мемлекеттік грант иегері атанып отыр. Қазір тапшы мамандардың жүктемесін басқа ұстаздар өзара бөлісіп, жұмыстарын атқарып жатыр. Өңірге қарасты мектептерде 90-ға жуық зейнетке шыққан мұғалімдер де білім беріп жүр.
Шыңғыс АТАЙ