Ұлытау облысында бюджеттің 223 млн теңгесі талан-таражға салынған

Ұлытау облысында 223 млн теңге сомасына бюджет қаражатын жымқыру фактісі анықталды, деп хабарлайды Zhasalash.kz.
«Прокурорлар Жезқазған қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің (бұдан әрі – ТКШ бөлімі) қызметін тексерді.Тексеру нәтижесі бойынша Жезқазған қаласының жылу желілерін қайта құру және жаңғырту кезінде бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқыру фактісі анықталды. Атап айтқанда, 2021 жылы ТКШ бөлімінің лауазымды тұлғалары құрылыс жұмыстарын жоғары бағамен қабылдаған, бұл 223 млн теңгеден астам мөлшерде бюджет қаражатын негізсіз артық төлеуге әкелген», - деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Аталған факт бойынша облыс прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 189-бабы (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуді бастап, оны тергеп-тексеру Ұлытау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаментіне тапсырылды.
Қылмыстық істі тергеп-тексеру барысы облыс прокуратурасының бақылауына алынды.