Ұлт үшін қашанғы ұтыла береміз?!
Тауарың сапалы болмаса, жағдайың өте қиын. Ең алдымен шығарған отандық тауарыңды өткізе алатын нарық керек.
Ал нарық бар делік, алайда сол кеңістікте өз мемлекетіңнің мүддесін қорғай алмасаң, онда жағдай тіпті қиын. Ел экономикасы тұралайды. Халықтың да әлеуметтік-экономикалық, материалдық тұрмысы төмендейді. Мұны неге айтып отырмыз?
Ақиқатын айту керек, осыдан бес-алты жыл бұрын құрылған Еуразиялық экономикалық одақта Қазақстанның еңсесі биік тұр деп айта алмаймыз. Ойсыратып тұрған да өзіміз. Өйткені билік өз мүддесін кезінде дұрыстап қорғай алмады. Бүгін де солай. Әділін айтсақ, Ресейдің айтқанына бас шұлғып, өз мүддемізді қорғауда дәрменсіздік танытып келдік. Енді олай өмір сүре беруге болмайды. Былтыр Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы болғаны белгілі. Сол кеңесте президент Қасым-Жомарт Тоқаев «2025 жылға дейінгі еуразиялық экономикалық интеграцияның стратегиялық құжатының» кейбір бөлімдерін қайта талқылап, әлі де пысықтай түсу керек екенін басқа президенттердің алдында ашық айтты. Әрине, Тоқаевтың бұл пікірі Ресей басшыларына ұнамауы да мүмкін. Алайда біздің президент: «Ол құжатты әлі де талқылап, бетпе-бет кездесу барысында қабылдаған жөн. Ерте ме, кеш пе, біз бір-бірімізбен кездесеміз», – деп кесімді сөзін айтты.
Рас, мемлекет басшысының алаңдап отырғаны бекер емес. Кейінгі кезде біздің сарапшы мамандар «Еуразиялық экономикалық одақ Қазақстанға не берді, біз неден ұтылдық?» деген мәселені билікке тікелей қоя бастады. Бұл экономикалық одақтың Қазақстанға көп пайда, табыс әкеле бермейтінін сарапшы экономистер кезінде айтты. Бірақ біздің билікте оны тыңдайтын құлақ болған жоқ. Үкіметтегі жетекші министрлер Мәскеу саясатының жетегінде жүрді. Сөйтіп, Қазақстанның мүддесі ескерілместен, көптеген құжаттар қабылданып кетті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтып отырғаны да осы. Сонда біз неден ұтылдық? Ең алдымен қазір осы Еуразиялық экономикалық одақтың нарығына өз өнімдерімізді толық өткізе алмай отырмыз.
Мысал керек пе? Қазақстан 2015-20 жылдар аралығында Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі саудадан 44 млрд доллар жоғалтқан. Қазақстан соңғы бес жылдың ішінде аталған одаққа кіретін төрт мемлекетке бар-жоғы 31 млрд 732 млн 400 мың доллардың тауарын ғана өткізген. Ал Қырғызстан, Ресей, Армения, Беларусь елдерінен Қазақстан нарығына 75 млрд 681 млн 700 мың доллардың тауарлары еркін енген. Міне, арадағы айырмашылықты қараңыз. Негізінен, Қазақстан нарығына сырттан импорттық тауарлар көптеп келген.
Енді тағы да дерекке жүгінсек, былай: Қазақстан Тұрақты даму рейтингі бойынша 2020 жылы Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің ішінде Ресей, Қырғызстан, Беларусьтан кейінгі орында қалды. Армениядан ғана жоғары тұр. Негізі, біздің билік еліміздегі мықты экономист сарапшылардың айтқанына назар аударып, мойын бұрғысы келмейді. Мысалы, осыдан бес жыл бұрын экономика ғылымының докторы Тоқтар Есіркеповтің былай дегені бар: «Біз Еуразиялық одақтың зиянды жақтарын сезініп те үлгердік. Рубльдің арзандауынан біздің кәсіпкерлердің жан даусы шығып жатыр. Кәсіпкерлер кедендік шекараларды уақытша болса да, жаба тұруды сұрап отыр. Екіншіден, Ресей тауарларын елімізге кіргізуді тоқтатып, өзімізде бар ұқсас тауарларды елімізге әкелуді тоқтату не оларға квота қою мәселесін көтеру керек».
Расында да, қазіргі уақытта Еуразиялық экономикалық нарықта Ресей тарапы қожайындық жасап отыр. Мәселен, өткен жылы Қазақстанның мыңдаған тонна қызанақтарын шекарадан өз еліне өткізуге тыйым салып, біраз уақытқа дейін рұқсат бермей қойды. Сонда қалай, олардың тауарлары Қазақстан нарығына еркін кіреді де, біздің тауарлар Ресейге өте алмай, отандық фермерлер шығынға батады. Әділі, бес жыл бұрын экономист Тоқтар Есіркеповтің айтқан пікірін сол кезде ешкім елең қылған жоқ.
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің ішінде әсіресе Ресей соңғы жылдары Қазақстаннан келетін тауарларды азайтып жіберді. Әрине, бұған «коронавирус кінәлі» деп шешім шығаруға болар. Бірақ 2020 жылғы көрсеткішке назар аударсақ, Қазақстанның Ресейге экспорты 13,2 пайызға төмендеп кеткен. Өткен жылы мырыш – 37, мыс – 13,1, тас көмір – 15,2, табиғи газ – 47,6, алюминий – 30, қара металл сынығы – 53,7, мұнай өнімдері – 47,2, хром 51,4 пайызға азайған.
Рас, пандемиялық дағдарыс ел экономикасына орасан зор соққы болып тұр. Шикізатқа байланған елдің еңсесі төмен. Қазақстанның ұлттық экономика министрлігі экономикалық ахуал нашарлаған жағдайда «Б» жоспары барын айтқан. Ал «Б» жоспарының қандай қадамнан тұратынын мәлім еткен жоқ. Бірақ біздің билік бір нәрсені түсінуі керек: ғаламдық нарықта шикізаттың бағасы төмендесе, мемлекеттің қазынасы ортаяды. Еуразиялық экономикалық одақта тағы еңсеміз түседі. Онсыз да осы нарықта отандық тауарлардың үлесі ортайып тұр. Ұлт үшін ұтылып тұрмыз.
Негізі, Қазақстан Кеден одағына да, Еуразиялық экономикалық одаққа да дайын болмай шықты. Бәсекеге төтеп бере алатын отандық сапалы тауарларымыз жоқ. Осы орайда, өз мүддесін күйттеуді өзбектерден үйренуіміз керек. Ислам Каримов кезінде біз айтып отырған Еуразиялық экономикалық одақты місе тұтқан жоқ. «Ресейге кіріптар болып қаламыз» деп, алыстан ойлады, жақындамады. Бүгін де өзбек президенті Мирзиеев аталған одаққа кірмей, тек қана бақылаушы мәртебесін иеленіп, мәселені таразыға салып, сырттан қадағалап қарап отыр. Ал біз біреу бастама көтерсе, оны сарапқа салмай, мақұлдап, басымызды шұлғи береміз. Бұл нарыққа, халыққа қиын. Сондықтан ұлт үшін ұтылмауымыз қажет.