Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
19:24, 06 Қыркүйек 2018

Ұлттар лигасы Ұлы даладан басталады

Бүгін Астана уақытымен сағат 20:00-де УЕФА аясындағы жаңа турнир – Ұлттар лигасы басталады.
«Астана Аренаға» D1 тобындағы қарсыластар – Қазақстан мен Грузия шығады. Осылайша жаңа жарыс қазақ жерінен бастау алмақ.Бір қарағанда Ұлттар лигасы формуласы өте қиын сын болып көрінеді. Бірақ маңызына тереңдесеңіз, кез келген құрама үшін пайдалы жағын тез шамалайсыз:
  1. Күшті 12 құрама (Германия, Франция, Голландия, Бельгия, Швейцария, Исландия, Португалия, Италия, Польша, Испания, Англия, Хорватия) А лигасына бөлініп, әрқайсысы үш командадан төрт топқа жіктелген. Биылғы іріктеу кезеңінде әр топтың жеңімпаздары финалдық кезеңге шығып, 2019 жылдың маусым айында жартылай финал мен үшінші орын үшін ойында және финалда Ұлттар лигасының жеңімпазы мен жүлдегерлерін анықтайды. Яғни мықты құрамалар Ұлттар лигасын жеңіп алуға тырысып қана қоймай, 2020 жылғы Еуропа чемпионатына да тікелей жолдама алуға ұмтылады.
  2. В, С және D лигаларының жеңімпаздары алдыңғы лигаларға жоғарылап отырады, ал А, В және С лигаларының өз топтарында ең соңғы орында қалған құрамалары төменгі лигаларға түседі. Демек, Қазақстан құрамасы өз тобында бірінші орын алатын болса, келесі Ұлттар лигасында С тобында өнер көрсетуге жол ашылады.
  3. Төрт лигадан барлығы 16 жеңімпаз команда (әр лигадағы төрт топтың дарабоздары) қосымша турнирге қатысып, Еуро-2020 додасына берілетін тікелей төрт жолдамаға таласады. Яғни Қазақстан құрамасы өз тобын жеңіп алып, алдыңғы лигаларға қадам жасап қана қоймай, құрлық додасына қатысуға да мол мүмкіндік ашылып отыр. Бұл үшін алдыңғы лиганың үздіктерімен күш сынасудың қажеті жоқ. Қазақстан өнер көрсететін D лигасының төрт тобының жеңімпазы өзара кездесіп, 2020 жылғы құрлық додасының бір жолдамасын сарапқа салады.
Міне, жаңа турнирдің игілігі осындай. Негізгі меже – құрлық додасына шығу болса да, бұл турнир, негізінен, жолдастық кездесулердің орнын алмастыру үшін ұйымдастырылып отырғаны ақиқат. Өйткені рейтингі төмен құрамалар жолдастық кездесуге қарсылас таба алмай қиналатыны рас. Тіпті Жозе Моуринью сияқты танымал бапкерлер бір кездері «Қазақстан, Сан-Марино, Андорра сияқты аутсайдерлер бір-бірімен ойнауы қажет» (сөзбе-сөз осылай) деп мәлімдеме де жасаған. УЕФА ресми турнир арқылы құрамалардың рейтингін көтерудің төте жолын тауып отыр. Моуринью қалағандай, аутсайдерлер бір-бірімен қырқысса да, кейінгі сатыларда олар элиталық командалармен күш сынасуға мүмкіндік алады. Бәрі әділетті.Бұған қарап 2020 жылғы Еуро додасына іріктеу қайда қалады деуіңіз мүмкін. Ол ешқайда кеткен жоқ. Келер жылдың наурыз айында жаңа іріктеу кезеңі басталады. Яғни Ұлттар лигасының жеңімпаздары мен Еуро-2020 додасына осы лига арқылы жолдама алғандар анықталып бітпей жатып-ақ, жаңа іріктеу ойындары өткізіле береді. Ұлттар лигасы арқылы жолдама алған төрт құрамаға іріктеуден өткен 20 құрама қосылады. Сондықтан бұл турнирдің Қазақстан үшін маңызы зор. Ұлттық құраманың бас бапкері Станимир Стойлов тізімді екі апта бұрын жасақтап, оқу-жаттығу жиынын жақсы өткізді.D лигасының бірінші тобында Қазақстан құрамасы Грузия, Латвия, Андорра құрамаларымен кездеседі. Бір қарағанда бәрі сыралғы қарсылас көрінгенімен, төртеуінің де жолдамадан үміті зор екені белгілі. Отандастарымыз бүгінгі кездесуден кейін Андорраға сапар шегіп, 10 қыркүйек күні жергілікті құрамамен ойнайды.Ал осы жолғы қарсылас – Грузия командасымен бұрын жолымыз төрт рет тоқайласты. 2006 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде грузиндер Алматыда 2:1 есебімен жеңіске жетті, Тбилисидегі қарымта кездесу 0:0 есебімен тең аяқталды. Бұдан кейін 2013 және 2016 жылдары екі рет жолдастық кездесуде жолығып, Қазақстан құрамасы басымдық танытты (1:0 және 1:1).Осы екі ойынға қарсы Стойлов құрама ардагерлерімен қатар, Д.Непогодов, А.Әбікен, Д.Нәрзілдаев сияқты жаңа ойыншыларды да шақырды. Құрама сапындағы жалғыз легионер – Е.Сейдахмет («Уфа», Ресей). Ол жақында жарақатынан толық айықты, бірақ Стойлов оны бірден негізгі құрамға қоймауы мүмкін.Есалы ӨстемірФото: tricolortvmag.ru
Тегтер: