Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 13 Шілде 2025

Ұлттық болмысты бейнелеудің тың формалары

Сахи Романов
Фото: Коллаж: kyzylorda-news.kz

Сахи Романов... Аты да ерекше, тегі де қызық. Өзінің барлық шығармаларын ол «Р. Сахи» деп қана қолтаңбалайтын.

Фамилиясын жазбайтын. Неге десеңіздер, «Романов» деген тегін ол бала кезінде, балалар үйінде жүргенде алған екен. Ал «Сахи» деген ат ше? Бұл сөз араб тілінен аударғанда «жомарт» деген мағына береді екен. Қызығы сол – бұл есім Сахи Романовтың бүкіл болмысына, тіпті шығармашылығына дейін дәл келіп тұр. Оның салған суреттеріне қарасаңыз, кең тыныс, мейірім, өмірге деген махаббат байқалады.

Қызылорданың Қазалысында дүниеге келген Сахи Романов ерте есейді. 1926 жылы туған бала небәрі жеті жасында ашаршылық пен қуғын-сүргіннің қақ ортасында ата-анасынан айырылып, басқа да мыңдаған қазақ баласы секілді балалар үйіне түсті. Оның жаңа өмірі Орынбор облысы Сарықташ ауданы Ельшанка ауылындағы балалар үйінде басталды. Кейіннен интернатқа ауыстырылып, Калинин атындағы совхозда тәрбиеленді. Сол жақтан Орынбор қаласына келіп, қолөнер училищесіне түсті. Сосын – соғыс.

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары ол Харьковтен көшірілген әскери зауытқа жұмысқа жіберіледі. Кейін Куйбышевтегі станок құрылысы зауытында еңбек етті. Бірақ Сахи бұл сыннан да сүрінбей өтіп, қиын-қыстау заманда қару-жарақ жасаумен қатар, сурет салуға да уақыт тауып жүрді. Оның ең алғашқы картиналары дәл осы соғыс жылдарында дүниеге келді.

Куйбышевте жүрген жылдарында белгілі кеңес суретшілері В.П.Ефанов пен Г.К.Савицкий эвакуацияда болып, қаланың мәдениет үйінде сурет студиясын ашқан еді. Осы студия Сахидың болашағын айқындайды. Оның таланты мен жарқын болашағын көрген екі шебер жас жеткіншекке қылқалам сырын үйретіп, суретшілікті таңдауға шабыт береді. Міне, сол кезден бастап Сахи Романов «мен суретші боламын» деп нақты шешім қабылдапты деседі.

С.Романов 1944–47 жылдары Москваның көркемсурет орта мектебінде, ал 1947–48 жылдары Ленинград қаласындағы И.Е.Репин атындағы институтта оқыды. Суретші Б.Ф.Фогель, М.Д.Бернштейн сияқты оқытушылардан дәріс алды. Осылайша қазақ даласынан шыққан бала енді Ресей академиялық сурет мектебінің биігіне аяқ басты.

Институтты тәмамдағанда Сахи дипломдық жұмысы ретінде қазақ халық ертегісі «Қырық өтірікке» иллюстрациялар ұсынды. Бұл суреттердің мазмұнында, дәл ертектің өзіндегідей, шындық пен қиял ұштасып, кішкентай кейіпкердің өмірлік тәжірибесінен алыс кетпей, нанымды жасалды.

Соғыс аяқталып, оқуын бітіргеннен кейін Алматыға оралған Сахи біраз уақыт баспагерлік салада қызмет атқарады. Алайда ол ары қарай білім жолын қайта жалғап, 1950 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының көркемдеу факультетіне оқуға түседі. Онда екінші курстан бастап қабылданып, 1955 жылы оқуын үздік тәмамдайды. Бұл ел ішінен шыққан суретшінің тұтас кеңестік өнер элитасының ортасына енген шағы болатын. Себебі Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институты ол кезде бүкіл Кеңес Одағындағы ең таңдаулы көркемдік орта саналатын. Сахи осы ортада әйгілі шеберлер: Ф.С.Богородский, Г.М.Шегель, Ю.И.Пименов, С.А.Шпинель, Б.И.Дубровский-Эшке сынды майталмандардан білім алады. Бұл ұстаздар оның дүниетанымын, көркемдік көзқарасын қалыптастырып, сурет пен киноның үйлесімін терең меңгеруге ықпал етті.

Жайлаудағы кеш1957 ж
Жайлаудағы кеш1957 ж

1955 жылдан бастап Сахи Романов «Қазақфильм» киностудиясында қоюшы-суретші ретінде жұмыс істей бастайды. Бұл жылдар оның шығармашылық жолындағы жаңа белеске айналады. Ол кино өнері мен ұлттық мәдениетті терең тоғыстыра білді. «Қазақфильмде» Сахи режиссерлер Ш.Айманов, М.Бегалин, Б.Мансұров, Д.Манабаев сияқты тұлғалармен бірге жұмыс істеп, кинотуындылардың көркемдік бейнесін жасауға атсалысты. Оның шынайы өнердегі орнын сол дәуірдегі рухтас достары – О.Сүлейменов, Н.Жантөрин, Т.Мыңбаев, А.Шәжімбаев, Д.Манабаев сияқты қайраткерлер де ерекше бағалаған.

Сахи Романовтың қатысуымен түсірілген фильмдер қатарында: «Қанатты сыйлық» (1956), «Өмір жолы» (1960), «Көкжиекке кетіп бара жатқан іздер» (1962), «Ойын ба, шын ба?» (1963), «Алдар-Көсe» (1964), «Ән қанатында» (1965), «Мың шақырымдық жол» (1967), «Найзатастың етегінде» (1969), «Құлагер» (1971) сынды көптеген классикалық туындылар бар.

Түсірілім алаңында жүрген Сахи Қазақстан мен Одақ көлеміндегі шығармашылық сапарларға жиі шығып тұрды. Сондай сапарларда қазақ ауылының тұрмысын, көнеден жеткен ою-өрнек пен киім үлгілерін, тарихи заттар мен этнографиялық ерекшеліктерді зерттеді. Осы жинаған деректерін кинодекорация, кәстөм, интерьер, орнамент, тіпті әйелдің сәукелесіне дейін бейнелеуде қолдана білді.

Р. Сахи. «Жер туралы декрет». Майлы бояу. 1970 жыл.
Р. Сахи. «Жер туралы декрет». Майлы бояу. 1970 жыл.

«Қазақфильмдегі» жұмысымен қатар Сахи Романов графикамен де тұрақты айналысты. Ол қазақ эпосы мен фольклорының тереңін қазып, ұлттық болмысты бейнелеудің тың формаларын іздеді. Осы ізденістің нәтижесінде ол «Алдар-Көсе» сериясын жасап шықты. Бұл графикалық циклде Жиренше мен бай, кедейлер бейнесі, аңыздағы кейіпкерлер – бәрі ұлттық фольклордың бар болмысын сақтай отырып, Романовтың өзіндік стилінде сөйледі.

1950 жылдардың соңында Сахи қазақ әдебиетінің классиктеріне арнап суреттер сала бастады. Бұл қатарда: С.Мұқановтың «Ботагөз» (1958), М.Әуезовтің «Қараш-Қараш оқиғасы» (1960), А.Жұбановтың «Ғасырлар пернесі» (1958) кітаптарына жасаған иллюстрацияларын атап айтуға болады.

1968 жылы С.Романов Венгрияға сапар шегіп, Будапешт пен оның маңын аралап қайтты. Өзге топырақтың бояуы мен ырғағын «Геллерт тауы», «Будапештегі жағалау» сынды этюдтері арқылы жазып қалдырды. Сапар барысында венгр суретшілерінің ұсынысымен «Отанды еске түсіру» атты литографияны жазады. Еліне деген ішкі сағыныш пен ұлттық романтикасын ол жылқылардың тау қойнауындағы шабысы арқылы бейнеледі. Экзотикалық, жинақталған, символдық сипаттағы бұл шығарма алыста жүріп туған жерін аңсауының көрінісі болатын.

1969 жылы Романов Шәкен Аймановпен бірге «Найзатас» фильмінің түсіріліміне қатысу үшін Баянауылға сапар шекті. Кейіннен бұл сапар оның шығармашылық өміріндегі ерекше сәттердің біріне айналды. Себебі суретшінің айтуынша, дәл осы жолы салынған жұмыстар оның өнерінде жаңа кезеңнің басталғанын білдірді.

Сахи Романов пен қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаушылардың бірі, халық суретшісі Әбілхан Қастеев арасындағы байланыс ерекше болды. Екеуі жиі Қастеевтің үйінде кездесіп, өнер, музыка, тарих төңірегінде еркін әңгіме құратын. Бұл кезде Қастеевтің үйі шығармашылық адамдарының бас қосар орнына айналған еді. Мұнда мүсінші Хәкімжан Наурызбаев, суретшілер Үкі Әжиев пен Сахи Романов жиі жиналатын.

1960–1970 жылдары Сахи республикалық және одақтық көрмелерге белсенді қатысып, Қазақстан суретшілер одағының көрме жобаларында үнемі бой көрсетіп отырды. 1970 жылы Алматыда жеке шығармашылық көрмесін өткізді.

Суретші 2002 жылы 6 желтоқсанда Алматы қаласында дүниеден өтті. Өмірінің соңына дейін халқына, өнерге адал болған Сахи туған жерін шын сүйген, қарапайым болмысынан айнымай өткен қайраткер ретінде ел жадында сақталары сөзсіз.

«Құлагер» киносимфониясы

1972 жылы С.Романов қазақ руханияты үшін аса маңызды туынды – «Құлагер» көркем фильмінің түсіріліміне қатысты. Бұл – Ақан серінің аяулы тұлпары Құлагер туралы аңызға айналған оқиға еді. Халықтың жүрегіне терең орныққан трагедиялық хикаяны экранға шығару оңай болған жоқ. Бірақ фильм авторлары бұл жобаны шын мәнінде шығармашылық тағдыр ретінде қабылдады.

Алайда фильм ұзақ жылдар бойы көрсетілімге шықпай, «сөреде» қалып қалды. 1972 жылдан 1987 жылға дейін оны қайта-қайта «қысқарту», «өзгерту», «түзету» әрекеттері жасалды. Кеңестік цензура үшін бұл туынды тым «ұлтшыл», тым сезімтал көрінді. Бірақ адам сенгісіз бір сәттіліктің арқасында бастапқы нұсқасы сақталып қалып, ақыры фильм жарыққа шықты және қазақ киносының асыл мұрасына айналды.

Режиссер Б.Мансұровтың, композитор Н.Тілендиевтің, сценарий авторлары А.Сүлейменов пен Б.Мансұровтың (Ілияс Жансүгіровтің шығармасы бойынша), оператор В.Осенниковтің, актерлер – К.Кенжетаев, Ш.Мусин, А.Әшімов, Б.Омаров, Қ.Байсейітовтердің жұмысы бір арнаға тоғысып, бұл фильм ұлт жадындағы рухани естеліктің көрінісіне айналды.

Фильмнің бейнелік болмысын қалыптастырған Сахи Романов қазақ халқының ішкі рухын, табиғатпен тұтастығын, трагедиясын көркем бейнеге айналдыра білді. Фильм үшін Сахи кәстөмдерден бастап, сахналық кеңістік пен табиғи пейзаждарға дейінгі түрлі эскиздер жасады. «Құлагер» фильмі арқылы Романовтың өнері ұлттық таным мен көркем бейнелеу тілінің үйлесімді көрінісіне айналды.

Суретші С.Романов туралы ең жан-жақты, ең жылы әрі ішкі поэтикаға толы естеліктердің бірі өнертанушы Сәуле Бекқұлова қаламынан туды. Ол –суретшінің шеберханасында бірнеше рет болып, сұхбаттасқан, сырласқан өнертанушы еді. Оның жазғандарынан біз тек өнер иесінің кәсіби болмысын емес, Романовтың рухани әлемін, ойлау машығын, әзілкештігін, жан тазалығын да танимыз.

«Сахи ағамен алғаш шеберханада кездескен сәтте мені таңғалдырғаны – оның энциклопедиялық білімдарлығы еді», – деп еске алады Бекқұлова. Ол қазақ, орыс, еуропа, шығыс классикалық әдебиетін терең меңгерген болатын. Кітаптары мен пластинкалары сөрелерде сіресіп тұратын. Музыкасыз жұмыс істемейтін. Тәттімбет, Құрманғазы, Дәулеткерей, Моцарт, Бетховен, Мусоргский – бәрі оның шығармашылық көңіл күйінің ажырамас бөлшегіне айналған. Кейде жай ғана радионы қосып, үнсіз тыңдап отыратын.

«Сөзі ешқашан жоғарыдан емес, жеңіл, еркін, достық көңілмен айтылатын. Білімділігін міндетсінбейтін. Сөзімен емес, болмысымен үйрететін» дейді Сауле Бекқұлова.Бұл суретшінің дәл сипатталған адами болмысы.

С.Бекқұлова 1997 жылдың қаңтарында болған бір оқиғаны ерекше ықыласпен еске алады. Сахи аға телефон шалып, көтеріңкі көңіл күймен: «Сәулеша, сен расында да дұрыс айтқансың. Үкімет мені ұмытпапты», – дейді. Сөйтсе, желтоқсанда И.Тасмағамбетов өзі хабарласып, туған жері Жезқазған облысына бірге баруға шақырған екен. Қақаған қыс, қарлы боран – бірақ бәрі көңілдің жылуымен ыстық көрінген. «Біз барған ауылда ерекше ықыласпен қарсы алды: бір дастарқаннан кейін бірі жайылды, монша, ән-күй, концерттер, далалық сапарлар – атпен, көлікпен, тіпті тікұшақпен де. Адам аз, бірақ бәрі жан-тәнімен қабылдады. Мен жаныммен де, тәніммен де демалдым», – дейді суретші. Бұл сөздерінің соңында Сахи аға: «Ағай, осындай мереке ұнады ма, әлде галстук жақсы ма?» – деген Иманғалидың әзіліне езу тартып, бәрін өзі ұйымдастырғанын ризашылықпен еске алады.

Суретшінің аңсарлы армандары да ерекше болатын. Бір күні терезе алдында тұрып, кезекті әңгіме үстінде Сәулеге шай құя отырып: «Білесің бе, мен нені армандаймын? Эх, шіркін, бір биік таудың шыңында тұрсам ғой. Ал онда – аппақ, көз шағылыстырар ақ киіз үй тұрса. Оның ішінде – аппақ, жас қазақ қызы отырса. Және… сүйсем», – деп еркін қиялмен бөліседі. Бұл сөздердің астарынан әзіл мен арман қатар өріліп, жастыққа деген сағыныштың лебі білінеді.

Сәуле Бекқұлова осы сәтті былай түйіндейді: «Ол ешқашан жастығымен қоштаспап еді. Оның жанында үнемі студенттер, режиссерлер, жас тележурналистер, музыканттар, әдебиетшілер, суретшілер болатын. Олар Сахиден шабыт алып, әңгімесін сүйсіне тыңдап, өмір сүрудің мәнін ұғынатын. Ол өмірді сүйетін, ал өмір оны сүйетін. Өз анасына, туған еліне, қарапайым ақиқаттарға адал болатын. Әрдайым «басқаларға өзіңе қалайтын жақсылықты жаса» деп отыратын».

Иә, Сахи Романов дәл осындай адам болатын...

1

Шәкен Аймановтың портреті

1969 жылы Сахи досы әрі өнердегі серігі Ш.Аймановтың соңғы фильмінің түсірілім алаңында режиссердің портретін салады. Бұл портрет – сәттік этюд емес, ұзақ жылдар бойы жүректе пісіп-жетілген бейнелік ізденістің нәтижесі болатын. Суретші бұл еңбегін бір демде жазып шыққанымен, кейіпкер бейнесін зерттеуге біраз жылдарын арнаған.

Портрет фонында – Торайғыр көлінің терең тынысы мен мұнарлы тау сілемдері көрініс тапқан. Табиғат пен адам егіз жаратылыс сияқты. Ш.Аймановтың бет-пішіні – уақыттың бедерімен қапталған, өмірдің ойы мен қыры қатар жазылған парақ тәрізді. Терең әжімдерінде жүріп өткен жолдың күрделілігі мен қайсарлығы, көзіндегі шапағатта өнерге деген адалдық жатыр.

Бұл бейнеде режиссердің жартастай мығым жүзі тау бедеріне ұқсап кеткендей: өр, биік, айбынды тұлға. Сахи бұл жұмысы туралы кейін: «Көркем де дарқан қазақ жері және оның бір талантты перзенті. Халық мақтана алатын ұлы тұлға. Мен оны сол бейнесінде – тірі, қуатты, рухты күйінде халыққа жеткізгім келді», – деп жазды.

Санжар СЫРҒАБАЕВ

суретші, өнертанушы