Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:01, 25 Қаңтар 2024

Ұлттық буржуазия ұлттық дүниетаныммен қайта оралады

Құмар ЖҰМАХАН
Фото: из открытых источников

Ұлттық буржуазия ұғымы үлкен жүректің, еліне деген махаббаты бар, жұртын сүйетін адамдарға тән дүние. 

Ал қазіргі нарықтық қоғам табысты адамдардың жаңа бейнесін пайда қылды. Оның іші ала-құла, тіршілікке мығым, іске пысықтың бәрі буржуазия бола алмайды. Тапқан табысын жасырып, қарапайым салық тапсырудан жалтарып, артылса тапқанын шетел асырып, жеті ұрпағына жететін дүние жиса да, шексіз байлыққа ұмтылатын бай-манаптардың саны басым болып тұрған кезде ұлттық буржуазия туралы айтуға ерте сияқты.

Бұл сөз өзіңнен артылғанды жұртыңа бөліп беру керек дегенді білдіреді. Негізін ұлттық дүниетаным құрайды, ал одан ажырап қалған, тілінен, ділінен айырылып қалған ұрпақтың ойына келмейді. Өткен 30 жылда Қазақ тарихында бұрын-соңды болмаған қалталы адамдар шықты. Санаулы топ елдің бар байлығынан игіліктенді. Ұлттық буржуазия ретінде тарихта қалатын мүмкіндік болған, оны жіберіп алды. Жұрт олардың атын естісе осылар елге бір нәрсе жасайды-ау деп емес, тағы немізді тартып алар екен деп, тыжырынатын жағдайға жетті, қоғамдағы ең жек көрінішті адамдарға айналды. Рас, өз еңбегімен зор жетістікке жеткендері де бар, өз басым ол буынның білімділігін, кәсібилігін, масштабын мойындаймын, үлгі тұтамын. Бірақ бұл буынға ортақ кемшілік – ұлтына, еліне деген махаббаты, патриоттылығы үлгі бола алмайды. Бұлар халықтың арасынан шығып, халқынан алыстап кеткен азаматтарға айналды.

Бұрынғының буржуазиясы кәдімгі жұрттың ішінде жүріп жасаған жасайтынын, әу баста жетіміне, жесіріне қорған болып, ауылының мұқтаждығын шешіп бастаса, кейіннен, елдің саяси өміріне, газет шығаруына, кітап басуына, өнеріне, өнеркәсібіне үлес қосты. Дүниесінің зекетінің өзі біраз жұрттың кемін толықтырып жатты. Елдің қамын ойлаған білімді адамдардың бір жағына шығысты.

Жаңа Қазақстанның идеологиясында осы ұлттық буржуазия ұғымы болу керек деп санаймын. Ол үшін, жаңа байлар пайда болу керек. Елдің байлығына ие болып, биліктің төңірегіне топтасып алып, аты-жөні де ауыспайтын адамдардың тағдырын көзбен көрген буын оларды қайталамаса деймін. Басқарушы билік қаншалықты ұзақ отырса, соншалықты белгілі адамдарды байытады. Билік ауысса, байлық та басқа адамдарға ауысады. Қазір енді сондай мүмкіндік туып тұр.

Мүлдем жоқ емес, қазірде барын бөліп беріп жүрген азаматтар жетерлік. Саны аз болғандықтан, олардың үлесі құмға құйған су сияқты. Меніңше, олардың насихаты жасалу керек, сол арқылы кейінгі буынның дүние жинау туралы ұғымына әсер етуге болады. Сол арқылы патриотизм жалаң ұран емес, елге, жерге жанашырлық үлгісі ретінде дәріптеледі. Қазір бұқара халықта байларды елдің байлығын тонады деген жалпақ түсінік бар, ол жайдан-жай қалыптасқан жоқ, оған әсер еткен жоғарыда айтқан буын. Байларды жаман көрудің басы ұжымдық идеология кезінде басталды. Соның сызы адамдардың санасында қалыптасты. Негізі елдің де, жұрттың да жағдайын жасайтын сол табысты адамдар, қазіргі тілде кәсіпкерлер. Кәсіпкерлердің сүйкімді, елге жанашыр образы қалыптасқан кезде оларды үлгі тұтатын, сондай болуға талпынатын буын қалыптасады. Соңғы уақытта жақсы бір құбылысты байқаймын, бұрын қазақылыққа пысқырмайтын буын жайлап бетбұрыс жасай бастады, тәуелсіздікте ержетіп, тіршілікке араласқан буынға дүние біте бастады, солар ұлттық буржуазияның өкілі бола алады деп санаймын. Билік солардың үмітін үзіп жібермесе болғаны.

Құмар ЖҰМАХАН,

«Автомода» компаниясының негізін қалаушы