Ұлттық құндылықтарды талақ еткен кезең
Ғасырға жуық мерзімді кейін шегерсек, қазақ киносының жарыққа шығып, әупірімдеп қадам басқан кезеңіне табан тірейміз.
Ұлттық кино қалыптасқан кезден бастап жаманды-жақсылы талай фильм түсіріліп, көрерменге ұсынылып келеді. Ұлттық киноның дамуы, әсіресе тоқсаныншы жылдармен сабақтасып жатыр. Дәл осы кезеңде қазақ киносына екі ұғым қатар келді, бірі – коммерциялық кино болса, екіншісі – авторлық кино. Соңғы жылдары бірқатар фильм шетелдік фестивальдерде бақ сынап, кейбірі жүлдеге де ие болды.
Күні кеше Шанхай кинофестивалінде Данияр Саламаттың «Талақ» фильмі «Алтын кубокты» алды. Шанхай фестивалі – әлемдегі «А» класына жататын он фестивальдің бірі. Әлемнің үздік 14 фильмінен оза шауып, жеңімпаз атанған аталмыш фильм Бейімбет Майлиннің әңгімелерінің желісі бойынша түсірілген. Киногерлер арасындағы беделді додалардың бірінде топ жару қазақ кино тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі ретінде есте қалмақ.
Данияр Саламат, фильм режиссері: Әртістердің киімдеріне бола сын айту дұрыс емес
Мен әу баста ХХ ғасырдағы қазақ тұрмысының ауыр кезеңін, қилы тағдырын бейнелейтін фильм түсіргім келген. Оны түсіру үшін сол заманды жан-тәніңмен түйсіну керек болды. Осындай сәттерде бізге әдебиет көмекке келеді. Мен бұрын талмай, қызыға оқыған Бейімбет Майлиннің шығармаларын қайыра оқып отырып, оның «Талақ» және «Әже» деген шығармаларына ерекше назарым ауды. Және дәл осы әңгімелерді экранизациялауға тәуекел еттім. Бейімбет Майлиннің қай шығармасын алып қарасаң да, фильмге сұранып тұратын сияқты. Автор өзі сүрген заманның суретін мейлінше шынайы, шебер бейнелей білген. Сонымен қатар шығармаларында типтік образдар өте көп. Типтік образдар көп болған сайын типтік шарпысулар мен қақтығыстар, тип арасындағы тірестер орын алады. Бұл типтік қақтығыстардың әсерінен конфликт күшейе түседі. Тіпті автор бейнелейтін типтік образдары кей тұсында іс-әрекеті арқылы езуге күлкі де үйіреді. Маған бұл шығармалар шынайылығымен қызық болды. Аталмыш әңгімелерді экранизациялап, көрерменге ұсынбаса болмайды деген шешімге сол сәтте келген едім.
Шын мәнінде біздің халық үшін «Талақ» сөзінің мағынасы ауқымды, аясы кең еді. Қазіргі таңда қолдану аясын тарылтып, ер мен әйелдің ажырасу кезінде ғана айтылатын сөз ретінде қолданып жүрміз. Яғни мұсылман салты бойынша ажырасудың кілті іспетті қабылдаймыз. Шын мәнінде, бұл жаңсақ ой деп есептеймін. Себебі қазақтың ауызекі тілінде де «Ананы талақ еттім», «Мынаны талақ еттім» деп тұрақты сөз тіркесі ретінде «тәрк ету» мағынасында да қолданылады. Сол кездегі қазақ даласына Кеңес өкіметі енді-енді орнап, халық көптеген ұлттық құндылығынан, болмысы мен тұрмысынан айырылды. Тіпті шаруашылығы мен мәдениетінен, тілдік ерекшеліктерін де жоғалта бастады. Міне, осы тұста дәл осы «Талақ» сөзіне байланысты сұрақ туындайды. Талақ әдетте біржақты айтылады, ал сол кезде халықтың сүріп жатқан өмірін ойрандаған Кеңес өкіметі қазақ жұртына өзінің ұлттық құндылықтарын талақ етуге еріксіз мәжбүрледі. Яғни шешім бір жақты ғана қабылданды. Фильмде екі жастың ажырасуына ғана емес, соның астарында ұлттық құндылықтарынан, руханияты мен болашағынан еріксіз айырылып жатқан халықтың бейнесін, хал-ақуалын ашу үшін «талақ» сөзі арқау болады. Фильмді түсіру үшін 2022 жылы қаражат бөлініп, министрлік және «Ұлттық киноны қолдау» орталығының демеуімен түсірілім жұмыстарын бастап кеттік. 2023 жылы түсірілім жұмыстарын аяқтап, биыл фильмнің соңғы нүктесін қойдық. Түсірілім жұмыстары Алматы облысы Әулиеағаш ауылында бір ай бойы жүрген еді. Байқауымша, әлеуметтік желілерде қазірден бастап сыни пікірлер айтылып жатыр екен. Бірақ бұл ұшқары, сыңаржақ пікірлер деп есептеймін. Фильмді әлі ешкім көрген жоқ. Түсірілім барысында, үзіліс кезінде әртістердің суреттері мен киімдеріне бола сын айта салу дұрыс емес. Басқалардың сын айтып, ұшқары пікір білдіріп жатқаны – әртістердің фильмнен тыс уақыттағы қалай болса солай түскен әуесқой суреттері, ондай жағдайда эстетикалық көзқарас әдіре қалатыны бар. Фильмде басынан аяғына дейін суретші жұмыс істеді, әр деталь өзімнің жеке араласуыммен жасалды. Әртістердің киімдері сол кезеңдегі (өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары) саяси, әлеуметтік ахуалдарға сай стилдендірілді. Қанша шыңғырып, жер сабаласа да мен сол кезеңді бейнелей отырып, шындықты белден басып, қазақты малындырып киіндіре алмас едім. Фильмнің ахуалына, түсіне сай киімдер де қоңыр түспен арнайы жасалды. Бұған көз жеткізіп, пікір айту үшін алдымен фильмді көріп, түстік үйлесімділікті байқау керек. Содан кейін ғана көп көрермен өзінің ұшқары пікірінен айниды деп сенемін.
Ерболат Әлқожа, басты рөлдегі актёр: Мен «кішкентай» адамның рөлін ойнағым келді
Фильмнің қаузаған тақырыбы – өзіміз сүріп жатқан қоғамдағы әлсіз адамдардың тағдыры. Кеңес өкіметі орнаған тұстағы қазақ даласының жағдайы, халық ішіне ойран салған билікке қазақтардың көрсеткен қарсылығы – фильмнің негізгі идеясы осы. Әлсіз, елеусіз адамдардың тағдыры арқылы осыны көрсеткіміз келді. Кеңес өкіметі алып келген қызыл таңба бостандықтың емес, қазақ даласына тамған қанның белгісі іспетті еді. Фильмде дәл осы ойды ашып көрсету басты мақсат болды. Сол кездегі идеология ертеден келе жатқан құндылықтарымызды қиратып, халықты адастырып, алжастыру мақсатында жұмыс істеді. Соның бір мысалы, Кеңес үкіметі қазақ даласындағы әйелдерге бостандық бердік деген ұранмен келіп, әйелдер сол өтірікке иланып, отбасыларын ойрандай бастады. Сағым сынды санаңды алдаған қызылды-жасылды дүние көрініп тұрды да, халық соған қарай ұмтыла бастағанда, жарқ етіп жоғалып кетті. Бұдан бөлек, сол кезде дүбәра, арамза молдалардың халықты ақымақ қып, бас пайдасына бола алдап соғуы сынды құбылыстар фильмде кездеседі. Би-ағамыздың әңгімелерінің сюжеті де осы тақырыпқа құрылған, біз соны кино тілімен көрсеткіміз келді. «Талақ» фильмінде Сарымсақ есімді басты кейіпкердің рөлін сомдадым. Осыған дейін талай сұхбатта «Ендігі сомдағыңыз келетін рөл қандай?» деп жиі сұрақ қоятын. Мен «кішкентай» адамның рөлін ойнағым келді. Сарымсақ – сондай адам, армандап жүрген образды сомдау маған бұйырыпты. Фильмнің сценарийі он жыл бұрын жазылып бастаған сәттен бастап, фильм режиссері Данияр Саламат бұл рөлді менің болмысыма ынғайлап отырды. Данияр ағаның мен сонау 1999 жылдан бастап қасында жүрген шәкіртімін, маған бағыт-бағдар беріп, шығармашылығымды шыңдаған ұстазым. Ол кісі мені жақсы танып-білгендіктен, маған арнап «Талақ» фильмінің бас кейіпкерін жазып шықты. Әр сахнасы жазылған сәттен бастап мен оқып, оны бойыма сіңірдім. Сарымсақ – қоғамдағы «кішкентай», қолынан ештеңе келмейтін елеусіз, бірақ жұмсақ, кешірімшіл кейіпкер. Сол кездегі адамдардан ойы, болмысы да бөлектеу. Сарымсақтың әйелі кетіп қалатын сахна бар фильмде. Сол кезде бала-шағасы үшін бе екен белгісіз, әйтеуір, әйелін кешіріп, қайта алып келеді. Бірақ өкінішке қарай, әйелі өмірден озып кетеді. Фильмнің басынан аяғына дейін менің образым қатысатын болғандықтан, көп дубль жасамауға тырыстым және солай болды да. Мен образды сіңірдім, ішімде қайнаттым, сол сценариймен өмір сүрдім. Әрине, фильм түсіріліп біткен соң, «әттеген-ай» деген тұстары болуы заңдылық. Десек те, сценарийді әу бастан оқып, ой елегінен өткізіп, бойыма сіңіргендіктен, Сарымсақтың образын сомдау қиындық тудырмады. Менің қоржынымдағы жаңа образ, жаңа тип, кейіпкер. Қаншалықты шебер ойнап шыққаныма көрермен өз бағасын бере жатар, бірақ шама-шарқым жеткенше образды ашуға тырысып бақтым.
Ауқымды кинофестивальден бас жүлдені алудың өзі қазақ киносындағы тарихи оқиға. Фильмді байқаудың әділқазыларынан бөлек, қытай жұрты мен киногерлері, фестивальге шет елдерден қатысып жатқан режиссерлар да жоғары бағалап жатты. Әсіресе фильмдегі қазақ халқының байтақ, қоп-қоңыр даласын, сол далада мамыражай, тып-тыныш, қоңыр тірлігін кешіп жатқан халықтың өміріне қызығып, ұнатқанын байқадым. Стилистика, киім кию үрдісі мен түстерді ойнату, үйлестіруге байланысты да бірқатар жақсы пікірлер айтылды. Алтын кубокты иеленеміз деген ой болмады, бірақ сыйлықсыз қайтпайтынымызды іштей сездім. Соңғы сыйлықты табыстаған сәтте режиссер Данияр ағамыз күдерін үзе салды, өз қиялына шомып отырған еді. Әйтеуір, бас жүлдені жариялағанда естімей қап, маған «Не дейді?» деп сұрақ қойды. Мен: «Біз – мықтымыз деп жатыр» деп, екеуміз бір-бірімізді құшақтап, ұзақ тұрып қалдық. Сол сәт еміс-еміс есімде қалыпты. Кеудемде еңбектің, маңдай тердің ақталғанына қуанышпен қатар, сөзбен айтып жеткізе алмайтын сезімдер қайнап жатты. «А» класындағы кинофестивальден қазақ кино әлемінде тұңғыш рет бас жүлдені жеңіп алған фильм сөзсіз тарихта қалары анық. Фильмнің тілі ғана емес, жаны да – қазақ. Аталмыш фильмді көріп, жас режиссерлар бой түзейді, үлгі алады деп ойлаймын. Қазіргі таңда қазақ киносы деп түсірілетін фильмдерде бір ауыз қазақша сөз, қазақша ой болмайтыны өкінішті. Мәселе тілде де емес, фильмнің жанында ғой. Қазақтың болмысы мен тұрмысынан бейхабар адам пародия ретінде бірнәрсе түсіріп, соны қазақ киносы деп атап жатқанда, жүрегің ауыратыны бар.
Гүлнар Әбікеева, кинотанушы: «Талақ» фильмі биылғы ең үлкен жүлдені алды
Шанхай кинофестивалі әлемдегі ең ауқымды 10 кино байқаудың құрамына кіретін фестивальдардың бірі. Бұл фестивальде әлемнің әр түкпірінен әртүрлі режиссерлар мен фильмдер бақ сынайды. Канн, Венеция фестивалі сынды Шанхай кинофестивалі де «А» класына жатады. Туынды әлемнің ең озық 14 фильмнен озып шығып, талғампаз көрермендерді ерекше таңғалдырды. Бізден бөлек, фестивальде Франция, Германия, Аргентина, Жапония, Қытай сынды алып мемлекеттердің режиссерлары бой көрсетті. Бәріміз кинофестивальдің бас жүлдесін қытайлық режиссер алады деген ойда болдық. Бұл ойға аталмыш режиссердің жақында ғана «Қара ит» фильмі үшін Канн фестивалінде топ жарып, жүлдеге ие болғаны себеп болды. Бұл фестивальге режиссердің «Ерлер мен әйелдер» кинокартинасы байқауға түскен. Бірақ бұл фильм Шанхай фестивалінде тек операторлық жұмысы үшін ғана жүлдеге ие болды. Киносүйер қауымға арт-хаус фильмдерімен кеңінен танымал грузин режиссері Бакурадзе де фестивальге қатысып, «Үздік режиссура» жүлдесіне ие болды. Бұлардан бөлек, біз үздік деп санаған тағы бір кинокартина аргентин режиссерінің «Ересек ерлер» фильмі бас жүлдені жеңіп алды. Осы тұста, бір назар аударатын дүние бар. Кинофестивальдердің басым бөлігінде бас жүлдеден де жоғары тұратын бір марапат бар. Бұл – фестивальдің Алтын Кубогы. Ең маңызды әрі абыройлы марапат біздің еншімізге бұйырды. Алтын кубок иегері ретінде «Талақ» фильмін атаған кезде өз құлағымызға өзіміз сене алмай, аңтарылып қалдық. Себебі біз үшін бұл марапатқа қол жеткізу мүмкін еместей көрінді. Десек те, 14 елдің режиссерлары бақ сынаған байқауда кіл мықтының ішінде суырылып, ең мықтысы атанғанымыз үшін шексіз қуанышты болғанымыз рас. «Үздік әйел бейнесі» сыйлығын бізге беретініне әу баста сенімді болдық. Себебі Данияр Саламат пен Ерболат Әлқожаны фестиваль орнына жеткен соң, кейін актрисаның келісімін сұрап, шақырту жіберді. Біз сол кезде-ақ «Үздік әйел бейнесі» жүлдесі бізге бұйыратынын түсіндік. Осыған дейін ең үлкен жүлдені Эмир Байғазиннің «Уроки гармонии» фильмі 2013 жылы оператор жұмысы үшін Берлинде жүлде алды. Бұдан кейін Самал Еслямова «Айка» фильміндегі рөлі үшін Канн фестивалінде «Үздік әйел бейнесі» жүлдесін жеңіп алды. Бұдан бөлек, Әділхан Ержанов, Фархад Шарипов, Ерлан Нұрмұхаммедов сынды режиссерлар осыған дейін бірнеше кинофестивальдерде бақ сынап, әртүрлі жүлделерге ие болып жүр. «А» класына жататын фестивальдерді атағанда, негізгі Канн, Венеция және Берлин кинофестивальдерін сөз етеміз. Ал Шанхай кинофестивалі «А» класына жататын үш Азия (Пусан, Токио, Шанхай) фестивалінің бірі. Былтыр Шанхай фестивалінің екінші сайысында Айсұлтан Сейітовтың «Қаш» фильмі азиялық жас дебютанттардың арасынан жүлдеге ие болды. Бірақ екінші сайыстың ауқымы әлдеқайда тар. Биыл қазақ киносының қоржыны сапалы картина, ірі жүлделермен толығып жатыр. Әділхан Ержановтың «Степной волк» фильмі Ротр-Дам қаласындағы фестивальге қатысты, Кенжебек Шайқақовтың «Айқайы» Везуль қаласында өткен отызыншы Халықаралық Азия фильмдері кинофестивалінде топ жарды. Ал Әсел Аушахимованың «Велошах» фильмі жақында Америкада өткен фестивальде жүлдеге ие болды. Бірақ не десек те, биылғы кино әлеміндегі ең үлкен, ауқымды жүлде Данияр Саламаттың «Талақ» фильміне тиесілі екенін жоққа шығара алмаймыз.
Қазақ киносындағы фестивальдерге қатысып, бақ сынайтын авторлық, арт-хаус фильмдерді шартты түрде орыстілді және қазақтілді деп екіге бөлсек болады. Әдетте, фестивальдерге қатысатын Әділхан Ержанов, Фархад Шарипов, Эмир Байғазин сынды авторлар фильмдерін орыс тілінде ғана түсіретінін байқауға болады. Оның бір себебі – әдетте бұл режиссерлар Мәскеуде, не шет елдерде білім алады. Қазақтілді режиссерлардың бірі – Данияр Саламат. Одан бөлек, Кенжебек Шайқақов пен Фарида Шәріпова ғана қазақ тілінде авторлық фильм түсірген шығар. Данияр – ұлттың жанын, құндылығын түсіне алатын, әлемге қазақы көзқараспен қарайтын режиссер. Оның Бейімбет Майлиннің әңгімелерін негізге ала отырып, фильм түсіруінің түп-төркінінде де автордың ұлттық сенімі, көзқарасы жатыр деп ойлаймын. «Талақ» фильмі трилогияның алғашқы бөлігі ғана. «Талақ» деп аталатын бірінші бөлігі жиырмасыншы жылдардағы қазақ даласына Кеңес өкіметінің орнауын бейнелесе, трилогияның екінші бөлімі отызыншы жылдардағы ашаршылық жайлы болмақ. Ал үшінші бөлігін соғыс пен тыл әйелдері жайлы түсірмек. Бұл үш кинокартинада да басты кейіпкер – әйел, тақырыбы – қазақ әйелдің тағдыры. Автор жанынан қазақ әйелінің қуаты мен жігерін әлемге танытатын ғажап туындылар дүниеге келеді деп сенеміз. Фильмді көріп, сапалы, мақтауға лайықты туынды шыққанына риза болдым. Әсіресе қазақтың қарапайым қоңыр тіршілігін сұр, қоңыр, ақ-қара түстермен беріп, Кеңес одағының таңбасын ғана қызылмен бейнелеуінде терең символика жатыр. Қызыл белгі – қанның, құрбандықтың белгісі. Кеңес өкіметі санаға сіңірген өтіріктің салдарынан халықтың тұрмыс-тіршілігі өзгерді, қолындағы асылынан айырыла бастады. Фильмде күйеуін тастап, екі баласымен байдың қолына кетіп қалған әйелдің тағдыры ғана емес, тұтас бір халықтың тарихы жатыр. Кеңес өкіметінің идеологиясы бізге бостандық сыйлады деген желеумен, жаңсақ ойларды да санамызға сіңірді. Мысалы, сол кезеңдегі фильмдерде байдан қашып, революционерге тұрмысқа шыққан қыздардың өмірін романтизациялады немесе «әйелдерге бостандық керек» деген идеяны насихаттады. Мысалы, қырғыздар түсірген «Алғашқы ұстаз», өзбек фильмі «Чадра» сынды фильмдер осының бір мысалы. Ал Данияр дәл осы идеяға басқа ракурстан қарап, жаңа көзқараспен келген алғашқы режиссер сияқты. Жоғарыда атап өткенімдей, Данияр – қазақы діл мен тілді, болмысты, бояуды, ұлттық тарих пен әдебиетті әбден бойына сіңірген режиссер. Автордың дүниетанымы аталмыш фильмде де анық байқалып тұр.
Дайындаған
Ақгүлім Ерболқызы