Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:27, 19 Наурыз 2024

Ұлттық құрылтайда не айтылды?

Ұлттық құрылтай

Көшпенділер құрылтайы – ғұн дәуірінен басталып, түркі дәуірінде іргеленген жүйе. Дала философиясы қоғамдағы сан-қырлы топтар мен тайпалардың басын біріктіріп, тізесін қосып, түрлі бастамалары мен ой-пікірлеріне құлақ асып отырған.

 Осындай көшпенділер демократиясының заңды жалғасындай дәріптеліп жүрген Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы туралы бірер сөз. 

Демократияның дала философиясындағы көрінісі

Ұлттық құрылтайдың құрамында 117 азамат бар, олар – әр өңірдегі қоғамдық кеңестердің мүшелері, түрлі саланың өкілдері. Басқаша айтқанда, Ұлттық құрылтай ел ішінде халықтың сөзін сөйлеп жүрген, бірақ парламент пен мәслихат құрамына кірмеген азаматтарға мемлекет дамуына қатысты ұсыныстарын ортаға салуға мүмкіндік беретін алаң деуге болады. Сондай-ақ Құрылтай құрамын әрдайым жаңартып, ротация жасалып отырады.

Қазақ халқының тарихында құрылтай шақыру ежелден қалыптасқан дәстүр дедік. Тарихымызда ұлт тағдырына тікелей әсер еткен құрылтайлар жетерлік. Сонау 1269 жылы Талас өзенінің жағасында Қайду ханның шақыруымен Ұлы құрылтай өтіп, Алтын Орда дербес мемлекет болып жарияланды. Қалмақтың үздіксіз шапқыншылығынан қорғану үшін мұқым қазақ Қарақұмда бірінші, Ордабасыда екінші рет бас қосып, жауға қарсы күш біріктірді. Орынборда 1917 жылы 21-26 шілдеде өткен алғашқы қазақ құрылтайында «Алаш» партиясының іргетасы қаланды. 1917 жылғы 5-13 желтоқсанында Екінші жалпықазақ съезінде Алаш автономиясы жарияланды. Азаттық алған алғашқы жылдарда Алматыда Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы ұйымдастырылды. Алыстағы ағайынның басын қосып, жұрт болып жиылып, содан Атамекенге ұлы көш басталды.

Бұған дейін Ұлттық құрылтай ежелден елге киелі, топырағында хандар мен әулиелер тыным тапқан өлкелерде өткізілді. Алғашқы жиыны Алаша хан, Жошы хан кесенесі тұрған Ұлытауда өтті. Құрылтайдың екінші жиыны Әзірет Сұлтан кесенесі орналасқан, атақты хандар мен аруақты би-сұлтандардың сүйегі жатқан қасиетті Түркістанда өтті.

Биылғы үшінші отырыс Атырау қаласында ұйымдастырылды. Әйгілі Сарайшық қаласы осы жерге тиіп тұр. Бұл шаһар Ұлық ұлыстың, кейін Қазақ хандығының маңызды әкімшілік және сауда орталығы болғаны тарихтан белгілі.

Елтаңбаны өзгерту

Биылғы құрылтайда Елтаңбаны өзгерту мәселесі сөз болды. Әлбетте, қазіргі Елтаңбамызға көпшіліктің көзі үйреніп қалғаны рас. Бірақ оған қатысты айтылатын сын да жетерлік. Мәселен, оның эклектикалық, күрделі екені жасырын емес. Әрі Кеңес заманын еске түсіретіні тағы бар. Мұны қарапайым адамдар ғана емес, мамандар да айтып жүр. Осы орайда, мына нәрсені ескерген жөн. Тоқаев елтаңба міндетті түрде өзгереді деген жоқ. Егер қоғам ортақ пікірге келіп жатса, онда арнайы комиссия құрылады. Содан кейін ғана негізгі жұмыс басталады. Яғни халық гербті ауыстыру қажет деген нақты шешімге келгенде ғана жаңа Елтаңба жобасына байқау жарияланады.

Оның үстіне, гербті ауыстыру әлемде жиі кездесетін қалыпты жағдай. КСРО құрамында болған Украина, Латвия секілді елдер елтаңбасына өзгерістер енгізді. Ал Әзербайжан ұлттық болмысынан хабар беретін мүлдем жаңа герб қабылдады. Осылайша, демократияның даңғыл жолына түскен кез келген ел тоталитарлық жүйе құрсауынан құтылып, егемендік жолына түскенін айшықтау арқылы өз мемлекеттігінің негізін нығайтады.

Жалпы, Қазақстанның бұрынғы және қазіргі Елтаңбасында ұқсастық жетерлік. Ұлттық нақыштар енгізілгені болмаса, визуалдық тұрғыда ескі гербтің ізімен жасалып шыққаны анық аңғарылады. Мысалы, екеуінің пішіні қатты ұқсас. Тәуелді Қазақстанның елтаңбасында қызыл түс, ортасында – орақ пен балға, екі жанында – бидайдың шашағы, күн мен оның сәулесі және төбесінде қызыл жұлдыз бар.

Қолданыстағы Елтаңбада қызыл түс көкке ауысқан. Бидай – пырақтың қанатына, күннің сәулесі – уыққа, күн – шаңыраққа алмастырылған. Жұлдыздың түсі өзгеріп, сәл төмен кескінделген. Яғни қанша жерден ұлттық нақыштар қосылғанымен, бәрібір советтік мұраның сарқыншағы сезіліп тұрады.

Тәуелсіздік енді алған елең-алаң тұста қабылданған Елтаңбамызды үзілді-кесілді жоққа шығарудан аулақпыз. Совет одағы енді ыдырап, ұлттық экономика тұралап жатқан, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары егемендік нышандарын тезірек қабылдау керек болды. Сол кезде жіберілген кемшілікті қазіргідей ел аман, жұрт тынышта жасамағанда, енді қашан өзгертеміз?

Шартараптың қай түкпіріне қарасаңыз да, дамыған мемлекеттер өркендеу жолында гербін талай мәрте ауыстырған. Мәселен, Сербия 2004 жылы жаңа елтаңба қабылдап, оны 2010 жылы соңғы нұсқасын біржола бекітті. Испания сонау 1981 жылы демократиялық бағытқа қадам басқанда, мемлекеттік гербін өзгертті. Еуропадағы ғұндардың ұрпағы Мажарстан өткен ғасырдың өзінде басты нышанын бірнеше мәрте ауыстырып үлгерген екен.

Қысқасы, елтаңбасын ауыстырған қай елге қарасаңыз да, үлкен өзгерістің алдында мемлекеттік нышандарын елдің даму бағытына сай етіп қайта қарастырады.

Экономикалық бағыт

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда төрт ауқымды инфрақұрылымдық кешеннің іске қосылғанын мәлімдеді.

Кейінгі кезде елімізде жылуға қатысты мәселе күн тәртібінде тұр. Мәселен, аймақтардағы жылу орталықтары мен басқа да құрал-жабдықтардың 80 пайызы әбден тозған. Сол себепті қыстың көзі қырауда тұрғындар жылусыз қалып жатады. Әсіресе солтүстіктегі өңірлерде мұндай апаттар кейінгі уақытта жиілеп кетті. Осыған байланысты ұзындығы кемінде 6,5 мың шақырым болатын инженерлік жүйе жаңғыртылады. Атап айтқанда, 55 жылу орталығы жөнделмек.

Халықты баспанамен қамту – өзекті мәселелердің бірі. Оның үстіне, жыл өткен сайын үйдің бағасы шарықтап бара жатыр. Бұған дейін «7-20-25» секілді мемлекеттік бірнеше бағдарлама қабылданды. Бірақ бөлінген қаражаттың басым бөлігі Астана мен Алматы секілді үлкен қалалардағы құрылысқа бөлінді. Ал аймақтардың үлесі төмен. Осыған байланысты жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады. Бұл жоба негізінен ауыл және аудан орталығының тұрғындарына арналады. Айта кететін мәселе, несие көлемі 7 пайыздан аспауға тиіс. Сондай-ақ сатып алу құқығымен берілетін жалға берілетін тұрғын үй көлемі артады.

Әлеуметтік желілерде жаңа бағдарламаға қатысты «мемлекеттің нарыққа араласуы» деген сыңайдағы сын айтылып қалып жатады. Тұрғын халықты баспанамен қамту Қазақстанда ғана емес, әлемнің бақуатты елдерінде де үлкен мәселе. Бұған қатысты БҰҰ, ЕЫҚҰ жүргізген зерттеулер жетерлік. Олар жариялаған баяндамаларға көз жүгіртсеңіз, дамыған мемлекеттердің өзінде атқарушы билік тұрғын үй нарығына араласуға мәжбүр. Өйткені шарықтаған пәтер құны тұрмысы төмен отбасыларға баспаналы болуға мүмкіндік бермейді. Мысалы, АҚШ үкіметі жыл сайын тұрғын үй нарығына 70-150 миллиард доллар көлемінде субсидия береді. Ұлыбританияда Right to Buy бағдарламасы жұмыс істейді. Қазірге дейін 2,2 миллион ағылшын аталған жобаның қызығын көрген екен. Сол себепті тұрғын үй бағдарламасын енгізу секілді мемлекеттің нарыққа араласуы әлемнің қай түкпірінде де қалыпты жағдай.

Бұдан бөлек, еліміздегі 12 мың шақырымға жуық автокөлік жолы жөнделеді. Жалпы, Қазақстанда 96 мың шақырымға жуық автомобиль жолы бар. Соның 25 мыңы республикалық маңызға ие. Дегенмен жол сапасына қатысты айтылатын сын көп. Төселген асфальт көктемде қармен бірге еріп кетеді. Жол құрылысы ұзаққа созылып, жүргізушілердің әбден зықысын шығарады. Бұл аз десеңіз, жол сапасына байланысты көлік апаттары көп. Биыл 12 мың шақырым жолға жөндеу-құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Бұл – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы рекордтық көрсеткіш.

Келесі мәселе – халықты газбен қамту. Қазақстан газ қоры бойынша әлемдегі отыз елдің қатарына кіреді. Алайда көгілдір отын әлі жүргізілмеген елді мекендер жетерлік. Тіпті ел жүрегі саналатын Астанаға газдың келгені кеше ғана. Енді, кемінде 1 700 шақырым газ желілерін жаңғыртылады. Осылайша, 300 мыңға жуық адам көгілдір отынмен қамтылмақ.

Мұның екінші жағы бар. Париж келісіміне сәйкес, Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді мақсат етеді. Мұндай міндетті орындау үшін ауаға зиянды газды көп шығаратын көмір секілді қазба отын тұтыну көлемін азайту қажет. Ал мұның бірден-бір жолы – балама энергетика түрлерін қолдану. Еуропалық одақ таяуда газ бен атом энергетикасын «жасыл отын» санатына қосқаны белгілі. Демек, Қазақстан көгілдір отын пайдаланушылар санын арттыру үшін Париж келісімі аясындағы мақсатына бір табан жақындай түседі.

Қоғамдық мәселелер

Ұлттық құрылтайда ортаға салынған мәселелердің бірі – тозығы жеткен дәстүрлерден арылу. Мысалы, «қыз алып қашу», «көп әйел алу» секілді ежелгі дәстүрлер әлі күнге дейін ел ішінде бар. Біріншіден, қыз алып қашу – адам құқығын таптау, қылмыс. Екіншіден, кез келген салт-дәстүр уақыт өте келе құндылығын жояды. Жаугершілік заманда ер азаматтардың көбі соғыста қаза тапқанда көп әйел алу қалыпты жағдай болған шығар. Өйткені ұрпақ жалғастыру, жетім мен жесірді тентіретпеу керек еді. Алайда бұл қазіргідей бейбіт заманға сай емес. Оның үстіне, Статистика бюросының мәліметтеріне сәйкес, елімізде қыздарға қарағанда ұлдар көп. Демек, қай тұрғыдан алып қарағанда да ақтауға келмейді.

Қоғамды алаңдатқан тағы бір мәселе – нашақорлық, лудомания, вейптер және насыбай секілді тәуелді ететін құмарлық түрлері. Статистикаға сүйенсек, елімізде 350 мыңға жуық адам лудоманиядан зардап шегеді. Былтыр ойын бизнесі нарығы 500 миллиард теңгеден асты. Демек, құмар ойынның құрығына түскендер осынша қаражатты желге шашып отыр десек қателеспейміз.

Кейінгі жылдары вейп те үлкен мәселеге айналып отыр. Әсіресе оны қолданатын жастардың саны артып барады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2018 жылы жүргізген зерттеуіне сүйенсек, 15 жастағы ұлдардың 14 пайызы, қыздардың 6 пайызы вейпті бір рет қолданып көрген, 11-15 жастағы ұлдардың 8,5 пайызы, қыздардың 3,8 пайызы үнемі тұтынған. Ал 2022 жылы бұл көрсеткіш бірнеше есеге артқан. Қазіргі таңда дамыған әлем елдері біртіндеп вейпке тыйым салу туралы әңгіме көтере бастады. Сол секілді насыбай мен нашақорлық та жасарып барады. Бұрын шалдардың әуестігі саналатын зиянды құмарлыққа бастауыш сыныптың оқушылары қызыға бастаған. Оған қоса, былтырдың өзінде есірткіге қатысты 7,5 мыңнан астам қылмыс анықталды. Заңсыз айналымнан 41 тонна есірткі алынған. Бұл да алаңдатарлық мәселе.

Айтылған мәселе орындалуға тиіс

Ұлттық құрылтайда көтерілген келесі бағыт – қоғамның келбетін айқындайтын құндылықтар. Оның бастылары – Тәуелсіздік пен Отаншылдық. Әр азамат Отанға сүйіспеншілігін іспен көрсетуі қажет.

Осы орайда, Хазіреті Омарға қатысты қисса еске түседі. Бірде халифаға жеке шаруа қонаққа келеді. Сол сәтте Хазіреті Омар жанып тұрған шамды өшіріп, басқасын тұтатады. Қонақ мұның мәнісін сұрағанда, халифа шырақтың алғашқысы мемлекеттің меншігі, екіншісі өзінікі екенін айтып, жеке шаруаға халықтың бұйымын қолдануға қақысы жоқ екенін алға тартады. Егер еліміздегі әрбір адам Отанға сүйіспеншілігін осылай көрсете алса, Қазақстан дамыған озық елдердің қатарына қосылатыны сөзсіз.

Құрылтайда көтерілген түрлі тақырып сол алаңда қалып қоймауға тиіс. Бұған дейінгі Ұлттық құрылтайда Республика күнін қайтару туралы шешім қабылданды. Осылайша, 25 қазан қайтадан мемлекеттік мейрам қатарына қосылды. Жаңа технологиялар арқылы халықты ауқымды реформаларға қатыстыру мақсатында Quryltai мобильді қосымшасы әзірленді.

Қорыта айтқанда, Ұлттық құрылтай халықты ортақ мақсатқа ұйыстырып, қоғамдық диалогты одан әрі нығайтуға үлес қосуға тиіс. Бұл – азаматтық қоғам құруда маңызды шарт. Ұлттық құрылтайдың жиынын тарихи орындарда өткізу үрдісі келесі жылы да жалғасын таппақ. Келесі құрылтай төл шежіремізде айрықша орын алған, хан Абылайдың ордасы тігілген Көкше жерінде өтеді.

Әлихан ҚЫСТАУБАЙТЕГІ,

журналист