Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:10, 01 Маусым 2025

Ұлттың тұтас жадын жоюға бағытталған мәдени-рухани геноцид

Серік Нұрмұратов
Фото: из открытых источников

Үлкен метрополия мен колонияның арасындағы, яғни империя мен бодан елдер арасындағы қарым-қатынас әлемдік деңгейде бір-біріне ұқсас келеді. Әр халықтың ұлттық болмысына, өткен тарихына байланысты ерекшеліктер болатыны рас, десек те адамзат тарихында осындай жаулап алушылық, геноцид, қолдан ашаршылық жасау әрекеттері қашан да орын алып келді.

 Оның түпкі себебі – әлемді күшпен, озбырлықпен бағындырып, ақылды білек пен қарудың құдіретіне жұмсаса, осындай қуғын-сүргін, зорлық-зомбылық еш тоқтамақ емес. Саяси игілікке ие боламын деген ой үстемдік құрғанда адамаралық трагедия орын алады. Қуғын-сүргінге тек қазақ қана емес, украин, орыстың өзі де ұшырап, шығынға батты. Біз де талай тағдырлы күндерді бастан кешірдік, ол ұлттың жадында қалай да сақталады. Бір-ақ сәтте өшіріп тастау әлде өшіп кетуі мүмкін емес. Тарихи жады – ұлттың өзін-өзі тану үдерісінің өзегі. Неміс философы Хайдеггердің айтуынша, халық өзінің тарихын ұғыну арқылы ғана «болмысқа келіп», өзінің түпнегіздік мәнін таба алады. Ал жадысыз қоғам – өзіндік болмыстан ажыраған, өзгенің танымы арқылы ғана өзін көруге мәжбүр болған қауым. Кеңестік репрессия жылдары қазақтың ең таңдаулы ойшылдары, қаламгерлері, ғалымдары, ұстаздары, дін және ел басшылары «халық жауы» деген жала жабылып, аяусыз жазаланды. Саяси қуғын-сүргін – жай ғана қате саясаттың немесе «репрессияның» салдары емес. Ол – жүйелі түрде жоспарланған, тұтас ұлттың ойлау қабілетін, рухани еркіндігін, интеллектуалдық әлеуетін жоюға бағытталған мәдени, саяси, адами апат. Оның салдары – жүз мыңдаған адамның түрмеге жабылуы, атылуы, итжеккенге айдалуы ғана емес. Оның салдары – бүгінгі ұлттың қорқақ, үнсіз, өзіне сенімсіз, өткенінен безінуге бейім ұрпаққа айналуында жатыр. Демек, бұл зұлмат жеке тұлғалардан бөлек, ұлттың тұтас жадын жоюға бағытталған мәдени-рухани геноцид еді.

Өзімнің Нұрмұрат деген атам отызыншы жылдары «халық жауы» деген айыппен атылып кеткен адам. Жезқазған мен Қызылорданың ортасында Арал Қарақұмы деген жер болатын. Сол жерде ұжымдастыруға қарсы басталған «Қарақұм» көтерілісі өткен. Теміржол бойында ауылнай боп қызмет істейтін атамды сол көтеріліске қатысқан «жау» санап, ұстап алып кеткен десе-ді. Осылай құрбан болған адамдардың санында шек жоқ. Біз бұл трагедияны жылына бір мәрте еске алып, парызымызды өтедік деп ойлаймыз. Бірақ философиялық тұрғыдан қарасақ, мұндай рәсімшілдік ұлттық жараны ұмытудың бір формасы ғана.

Ұлт болу дегеніміз – бір территорияда өмір сүретін адамдардың формальды бірлігі деу үстіртін пікір болар, ортақ естелігі мен ортақ арманы бар, ортақ жарасы мен ортақ үміті бар болмыстық қауымдастық. Біз бұл жараны ұлт ретінде сезіне алған сәтте ғана оны емдей аламыз. Яғни қуғын-сүргін біз үшін тек «өткен шақтағы» қасірет емес, бүгінгі рухани пробациямыз, ұлт ретінде кемелденуіміздің моральдық межесі. Бірақ түйсіну деген жоқтау, жылау емес, бұл қасіретті түйсініп, сезінгің келсе, тарихты жаңғырту, зерделеу, зерттеу қажет. Ең алдымен, бұл трагедияға қатысты ұлттық дискурс қалыптастыруымыз керек. Қуғын-сүргін туралы тек мектеп оқулығында екі-үш сөйлеммен шектелуге болмайды. Бұл тақырып мектептен бастап университетке дейін, мәдениеттен бастап саясатқа дейін – барлық деңгейде қоғамдық сананы түршіктіретін, ойландыратын, жаңғыртатын сипатта айтылуы тиіс. Қуғын-сүргін – тарихи апат қана емес, экзистенциалдық сынақ. Ол бізге ұлт ретінде кім екенімізді, не үшін өмір сүріп жатқанымызды, қандай құндылықтарымыз бар екенін қайтадан ой елегінен өткізуге мәжбүр етті. Бізден талап етілетіні – жансыз еске алу емес, ояу сана, ойлы жүрекпен түйсіну, саяси шу емес, рухани үн, өткенге өкпе емес, болашаққа адал жауапкершілік.

Серік Нұрмұратов, философ