Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:30, 14 Қыркүйек 2023

Ұлттық басылымдарды жабылудан сақтап қалған Алтынбек еді...

None
None

Қоғам қайраткерін еске алуға туған-туыстары мен жолдастары, қызметтес болған әріптестері, достары арнайы келді

Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасында Алтынбек Сәрсенбайұлының туған күніне орай «Алаштың Алтынбегі» атты еске алу кеші өтті. Қоғам қайраткерін еске алуға туған-туыстары мен жолдастары, қызметтес болған әріптестері, достары арнайы келді. Оқырмандар залына жиналған халықтың да қарасы көп.

Алдымен сөз алған саясаткер Төлеген Жүкеев: «Саясаткер көп, бірақ ұлт үшін, халықтың мүддесі үшін барын салып, жанын беретін адамдар саусақпен санарлық. Алтынбек Сәрсенбайұлының білімділігі, сараптағаны, алысты болжайтыны қандай еді? Ол интеллектуал саясаткер. Өзі арамыздан кетсе де, артынан қалған еңбектері ұрпаққа азық болары анық», – десе, қоғам қайраткері Дархан Мыңбай: «Алтынбек екеуміз КазГУ-дың журналистика факультетінде, артынан Мәскеу мемлекеттік университетінде бірге оқыдық, бір бөлмеде тұрдық. Кейіннен бір министрлікті де басқардық. Осы министр болып тұрған кезінде Алтынбек ақпарат саласына үлкен еңбек сіңірді. Тираж жоқ қиын кезеңдерде ұлттық басылымдарды, қазақ тілді арналар мен радиоларды сақтап қалды. Қазір айтуға оңай, ал ол ақша жоқ, заман тұрақсыз, қиын кезең еді», – деді.

Естеліктерді тыңдап отырған үлкендер жағы көздеріне жас алып жатты. Одан соң жазушы Жүсіпбек Қорғасбек:

«Алтынбектің әр сұхбаты, мақаласы шыққан сайын кездесіп, оны талқылап, кеңесіп отыратынбыз. Берген ең соңғы сұхбаты «Жас Алашта» жарияланды. Жалпы, Алтынбек туралы өте көп нәрсе айтуға болар еді, уақытында айтылар. Бірде ел алдында жүрген бауырларымыздың бірі «Сіздер Алтынбекпен бірге оқыдыңыздар, дос болдыңыздар. Неге ол туралы айтпайсыздар, неге роман жазбайсыздар?» деп сұрады. Мен оған «Жазушы роман жазып жатырмын деп айқайламайды» деп жауап бердім. Алтынбек туралы Тұрысбек Сәукетайдың «Айғайтас» деген романы бар. Менің «Көкжалдар» деген романым мен «Автопортрет» деген повесім де Алтынбекке арналған. «Көкжалдарда» саясаттағы сатқындық пен жәй өмірдегі сатқындықтың аражігі ашылады. Баса айтатын бір нәрсе, Алтынбек ұлттық басылымдарды жабылудан сақтап қалды, – деді.

Осы кезде залда отырғандардың бірі Алтынбек Сәрсенбайұлының ой-пікірлері жинақталған «Қайраткерлік қағидалары» деген кітапты ашып жіберіп, тау тұлғаның  мына бір сөзін оқып берді: «Егер телехабарлардың кем дегенде жартысы қазақ тілінде болуы керек деген менің ұсынысым ұлтшылдық болса, онда еліміздің егемендігі жайлы әңгімені жылы жауып қою керек. Ұлтымыздың мүддесі үшін күрес ұлтшылдық па екен?»

Ал замандас досы Сағатбек Медеубекұлы: «Қазақ Алтынбегін ешқашан ұмытпайды» десе, Батық Мәжитұлы: «Мұқағали поэзияда қандай мол мұра қалдырса, Алтынбек те саясатта сондай мол мұра қалдырып кетті», – деген пікір айтты.

Жиынның соңына қарай Алтынбек Сәрсенбайұлының екі томдығының тұсауы кесілді. «Уақытында айтылған шындық» деп аталатын бірінші кітапта тұлғаның 2003-2006 жылдары баспасөз беттерінде жарияланған сұхбаттары, ой-толғаныстары, жарияланып үлгермеген пікірлері топтастырылған. Ал «Алаштың Алтынбегі» атты екінші томда естеліктер мен толғаныстар, кейінгі кезеңдерде жазылған мақалалар мен зерттеулер, арнаулар жинақталған. Қазіргі таңда кітаптың үшінші томы дайындалып жатқан көрінеді.

Қорытынды сөз алған бауыры, қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбай бауырының орындалмай кеткен бір арманы туралы айтты. Алтекең 2005 жылы өзі туып-өскен ауылдағы Лабасы тауына шықсам деп жоспарлапты. Теңіз деңгейінен 3480 метр биіктікте орналасқан таудың ең биік шоқысына көтерілейік деп жиі айтып жүріпті.

— «Келесі жылы» деп жүргенде келесі жылдың ақпанында қайғылы қазаға ұшырады. Өзі тауды жақсы көретін еді. Қазір сол тауға қарай жүретін жол «Алтынбектің соқпағы» деп аталады. Ауыл тұрғындары осы атауды жазып, жол белгісін де қойған. Есеңгіреткен қазадан соң, 2007 жылы сыныптастары, ауыл тұрғындары, бәріміз сол шыңға шықтық. Одан кейін «Жас Алаш» ұжымы, Әмірхан Меңдеке бастаған журналистермен тағы шықтық. Қазір бұл дәстүрге айналды, Лабасының шыңына шығып, еске алып тұрамыз. Онда Алтынбек Сәрсенбайұлының орындалған арманы ретінде белгітас та қойдық. Ал оның ең үлкен арманы – шынайы демократия көппен орындалады, – деді Рысбек Сәрсенбай.

Тегтер: