Ұлттық мерекеге айрықша тарту
Ұлттық мереке – Республика күнінде қызылордалықтарға айрықша тарту жасалды. Бір мезетте бірнеше әлеуметтік нысан пайдалануға беріліп, балаларға қуаныш сыйлайтын жаңа спорт-ойын алаңдары ашылды.
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақ тұрғындарын ұлық мерекемен құттықтап, игі тілегін арнады.
– Араға 13 жыл салып, президент Жарлығымен Республика күні Ұлттық мереке болып халықпен қайта қауышты. Бұл тарихи мәні жоғары, идеологиялық салмағы ерек айтулы күн еліміздің бүгіні мен ертеңіне адал қызмет ететін, ерен істер мен елеулі бастамаларды жалғастыратын барша азамат үшін маңызды, – деді Н.Нәлібаев.
Мерейлі мерекеде қоғамдық көліктер қатары жаңа 40 автобуспен толықты. Бұған дейін Қызылорда автобус паркіне «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ы арқылы жаңадан лизингке 150 дана автобус алуға 1,43 млрд теңге қаржы бөлінген еді. Соның аясында өткен айда 21 жаңа автобус алынды. Ал қараша айында қалған жаңа көліктер келеді.
Өңірде «Балалар жылына» арналған құны 1,6 млрд теңгені құрайтын қала, аудан ішінде 80 спорт-ойын алаңы бір мезетте тарту етілді. Бұл игі іс облыс әкімінің бастамасымен, демеушілердің қолдауымен жасалды. Бұдан бөлек, туған жерге жанашыр меценаттың қаржысы есебінен Жаңақорған ауданында құны 790 млн теңгені құрайтын заманауи демалыс паркі ашылды. Ал Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылында 350 млн теңгеге «Еңбекшілер аллеясы» бой көтерді.
Аймақта білім саласының дамуына тілеулес жомарт азаматтардың мектеп, балабақша ашу ісіне ынтасы жоғары. Республика күнінде 300 орындық жаңа балабақша есігін айқара ашты. Жыл соңына дейін тағы 2 мемлекеттік балабақша пайдалануға берілмек.
Соңғы 5-6 айдың ішінде жергілікті кәсіпкерлер 9 млрд теңгеге қолдау көрсетіп, ауқымды жобалардың жүзеге асуына дәнекер болды. Оның бір мысалы, Жалағаш ауданында құны 431 млн теңгеге 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебі, жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Теңізді өлке Арал ауданында 150 млн теңгеге «Балықшылар монументі» мен аллея ел игілігіне берілуге дайын.
Биыл өңірде 4 жаңа білім ошағы ашылды. Жыл соңына дейін 8 мектеп табысталады. Апатты деп танылған Тоқабай ауылындағы мектеп жеке инвестор есебінен 500 млн теңге қаржыға салынуда. Оқушыларды тасымалдау үшін осы оқу жылында мектептерге 30 автобус беріледі.
Облыста түрік компанияларымен бірлескен ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді. Биыл қала аумағын жылу және электрмен толық қамтамасыз ететін қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жылу электр орталығының іргетасы қаланды. Құны 215 млрд теңгеден асатын жоба 2025 жылы аяқталады. Тағы бір түрік компаниясымен жылына 24 мың тонна қызанақ пастасын шығаратын зауыт салу туралы келіссөздер жүргізілуде.
Бүгінгі Сыр елінде жаңа 1,6 млрд теңгені құрайтын Неке сарайы, 3,7 млрд теңгеге 1000 орындық Өнер орталығы, сол жағалаудың бойынан 2,7 млрд теңгеге Қан орталығының құрылысы жүруде. Белгілі кәсіпкер Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен құрылысы басталған құны 1,5 млрд теңгені құрайтын «Анаға тағзым» орталығы шаһардың ажарын аша түседі.
Өңірде салынған шыны зауытының күйдіру пеші де қажетті температурасына жетіп, қазан айының 9 күні алғашқы сынама шыны өнімі өндірілді. Зауыт айналасынан 8 ілеспе өндіріс дамиды. Зауытта шыны-талшықты, композиттік материалдар және басқа да өнімдер шығарыла бастайды.
Қаланың негізгі қақпасы әуежай да қайта жаңарады. Болат Өтемұратовтың тікелей қолдауымен құны 12 млрд теңге болатын «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы салынуда. Қазірдің өзінде өзге де демеушілермен 100 млн теңгеге бұрынғы терминалдың ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілді.
Балалар үшін тағы бір қомақты сый – Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі «Оқушылар Сарайы» бой көтереді. Алдағы 3 жылда аймақта «Жайлы мектеп» жобасы аясында құны 70 млрд теңгеге 15 мемлекеттік мектептің құрылысын салу жоспарланған. Оның ішінде 19,6 млрд теңгеге келер жылы 9 білім ошағының құрылысы басталады.
Денсаулық сақтау саласында 2 жыл ішінде 27 жаңа нысан халық игілігіне беріледі. Орталық атқарушы органдармен бірге жасалған орнықты жұмыстардың нәтижесінде 36,4 млрд теңгеге Қызылорда қаласынан көпсалалы аурухана мен емхана тұрғындардың игілігіне қызмет ететін болады.
Облыстың әр ауданында өтіп жатқан Республика күні мен берекелі «Алтын дән-2022» мерекесі Сырдария ауданында да сән салтанатымен аталып өтті. Дала еңбеккерлерін құрметке бөлеген салтанатты шарада биыл «Үздік аудан» атанған Сырдария ауданы облыс көлемінде асқақталды. Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев халықты мерекемен құттықтап, аудан жетістіктерін саралады.
– Республика күнінің қайта аталып өтілуі мемлекетіміздің азаттығын нығайта түсетіні анық. Осы орайда, биыл аграрлы аудан аймақта үздік атанып, мерейіміз асқақтады. Мұның барлығы – аудан халқының еселі еңбегінің жемісі. Барлық сала бойынша ауыз толтырып айтарлықтай жетістігіміз көп. Одан бөлек, мерейлі мерекеде ауданның бірқатар азаматтары жоғары марапатқа ие болуда. Бұл ел мерейін өсірді. Сондықтан ардақты азаматтарға айтар алғысымыз зор. Баршаңызды ұлттық мерекемен құттықтаймын, – деді Мұрат Нәлхожаұлы.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуына сүбелі үлес қосқан 9 азамат «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атанды. Аудан басшысы мерейлі атақты арнайы табыстап, құрмет көрсетті.
Мерекелік іс-шарада «Жомарт жүрек-2022» қайырымдылық саласындағы аудандық кезеңінің жеңімпаздары арнайы марапатталды. Атап айтқанда, «Жыл меценаты» номинациясымен Мұрат Сәрсенбаев, «Жылдың үздік қамқоршысы» – Сейіткамал Сұлтанов, «Жылдың үздік ұйымы» – «Ақжарма және К» ШҚ төрағасы Қайрат Нұрсейітов, «Туған өлке» номинациясымен «Шаған Жер» ЖШС төрағасы Жеңісбек Сыздықов марапатталса, «Жыл тұлғасы» номинациясына жақында ғана мезгілсіз дүниеден өткен Расул Есенов лайық болды. Аудан басшысы «Жыл тұлғасы» номинациясын ардақты азаматтың ұлы Фархад Расулұлына табыс етті.
Мұнан соң ауданның өсіп-өркендеуіне қызмет атқарып жүрген бірқатар азаматты ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен, Астана қаласы әкімінің Алғыс хатымен, сондай-ақ аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Мерекелік салтанатта ала жаздай еңбектің көркін қыздырып, өз саласында үздік шыққан еңбек озаттары мен үздіктерде марапат тұғырынан көрінді. Аудан жеңімпаздары, шаруа қожалықтары бойынша «Ақжарма және К» ШҚ, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер бойынша «Мағжан және К» ЖШС І дәрежелі дипломмен марапатталды. Сондай-ақ аудандағы іргелі шаруашылық құрылымдарына ІІ және ІІІ дәрежелі диплом табыс етілді.
Ал мерейлі мерекедегі айтулы жетістік «Агроөнеркәсіп кешенін дамытуда ең жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген үздік аудан» номинациясы сахнаға шығарылып, лентасы мен статуэткасы аудандық тарихи-өлкетану музейінің қорына табысталды.
Осылайша, халықтық мереке кең көлемде аталып, еңбек озаттарының мерейі үстем болды.