Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:04, 28 Қазан 2021

Ұлттық жоба: 49 триллион кімге бұйырады?

None
None

Жалпы, бүгін бізде уәдесі көп мемлекеттік реформаларға, түрлі бастамалар мен жобаларға деген сенім қалды ма?

Солар ертең Қазақстанды жарылқайды, халықтың көсегесін көгертеді деген болашаққа үміт сыйлай ала ма? Мысалы, жақында ғана алдына «экономика тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін күшейту, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту» міндетін қойып отырған 10 ұлттық жоба бекітілді. Осыған дейінгі мемлекеттік бағдарламалар енді осы ұлттық жобаларға ойысты. Алайда аты өзгергенмен, заты өзгермеген жобалар министрлердің бос ұранына айналып кетіп жүрмей ме?

       Мәселен,10 ұлттық жобаны жүзеге асыру үшін 49 трлн теңге жұмсалмақ екен. 33 трлн теңгесі, яғни 67 пайызы жеке инвестиция есебінен қаржыландырылады деп жоспарланған. Жалпы, осы уақытқа дейін де халықтың әл-ауқатын арттыру үшін «Нұрлы жер», «Цифрлық Қазақстан», «Нұрлы жол», «Бизнестің жол картасы 2025», «100 мектеп, 100 аурухана» деп аталатын мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, оларды жүзеге асыру үшін қыруар қаражат бөлінген, бірақ кезінде «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасының жоспарланған уақытында толық орындалмай қалып, оған кеткен қаражаттың 1,5 млрд теңгесі ұрланғаны сияқты жағдайлар болған.

       Сыбайлас жемқорлық әрекеттері тыйылмай тұр. Сол үшін де сарапшылар қазіргі жобаларға бөлінетін триллиондардың ертең есебі болмай қалмай ма деп күдіктенеді.Президент Қ.Тоқаев былтырғы халыққа жолдауында: «Сан алуан көрсеткіштер мен индикаторлардан тұратын мемлекеттік бағдарламалар әзірлеуді тоқтату қажет. Барша азаматқа түсінікті, қысқа әрі нұсқа ұлттық жобалар форматына көшкен жөн», – деген-ді. Осыдан кейін президентке бағынышты болатын стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі мен реформалар жөніндегі жоғары президенттік кеңес құрылды.

        Он ұлттық жобаны биыл осы кеңес ұсынып, агенттік пен үкімет жетілдіріп, президент 24 қыркүйекте мақұлдап, 13 қазанда бекіту туралы жарлыққа қол қойған. Алайда жаңа форматтағы 10 ұлттық жоба қоғамның да, парламенттің де талқысынан өтпегені көпшіліктің таңданысын әрі назын туғызып отыр. Оның нақты мақсат-міндеті қандай екені туралы мәліметтерден дүйім жұрт хабарсыз. Өйткені президент қаулысында жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы президентінің әкімшілігіне жүктелгені туралы ғана жазылған. Министрлер бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихаттау жұмыстарына енді кірісіп жатыр.  

Ұлттық жобалар тізбесі мынадай: 1. «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы. 2. «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы. 3. «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы. 4. «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы. 5. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба. 6. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы. 7. «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасы. 8. «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы. 9. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жоба. 10. «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы. Аталған жобаларға мониторинг жасау үшін арнайы кеңсе де құрылыпты. Оның жетекшісіне Арман Евниев таңдалған.

         Қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан бұл жобалардан нәтиже күтпейтінін айтады.

‒ Бар болғаны – бұрынғы «стратегия» мен «тұжырымдама» деген атауларды «ұлттық жоба» деген атауға ауыстырып, қосымша триллиондаған теңге бөлді. Бірнеше жылдан кейін ешқандай нәтиже шықпайтынына 90 пайыз сенімдімін. Неге дейсіз ғой? Өйткені бұл ұлттық жобаларды бұрын «стратегия» мен «тұжырымдамаларды» жазып жүргендер жасаған. Оны жүзеге асыратындар да солар. Олай болса басқа қандай нәтиже болуы мүмкін? 90 пайыз дәл бұрынғыдай нәтижесіз болмақ. Тек Ұлттық қордағы ақша азайып, сыртқы қарыз көбейе бермек. Кейбірін көзбояушылық үшін түрмеге қамап, кейіннен босатып алады, өйткені «өз адамдары». Неге олай деп жатырмын? Өйткені халықтың тұрмысы нашар, бәрі несие алып қарызға батып отыр, азық-түліктің өзін қарызға алып жатыр. Бай елде халықты кедей қылып отырған бұл жағдайға тікелей билік кінәлі. Сонда да түк болмағандай кейіп танытып, кезекті ұлттық жобаларды қабылдап отыр, ‒ деп ақтарылды.

         Бір қызығы, мұндай жоба көршіміз Ресейде де бар екен. Екі мемлекет бір-бірімен келісіп алған ба дерсіз. Олардың жобасы 2019-24 жылдарға арналған, ұлттық жобалары 2018 жылы бекітілген.

Белгілі саясаттанушы Досым Сәтпаев ұлттық жобаларды соңғы күндері көпшілік арасында талқылаған оңтүстіккореялық фильммен ұштастырыпты: «Қ.Тоқаевтың 10 ұлттық жобасы «Кальмар ойыны» фильміндегі ойыншылар сияқты. Бірақ біздің нұсқадағы фильмде мәреге дейін ешкім жетпеуі керек, өйткені жүлделі ақшаны ойынның соңына қарай әртүрлі VIP-тар, осы ойындарды ұйымдастырушылар мен қызмет көрсетушілер өзара бөлісіп алуы мүмкін» екенін айтады.

  

   

Тегтер: