Ұлттық жобаның қызығын кімдер көріп жатыр?

Президент тапсырмасына орай, елімізде «2022-2027 жылға арналған агроөнеркәсіп кешенін дамыту» жөніндегі ұлттық жоба қабылданғаны мәлім.
Тұжырымдама жобасына сәйкес, халықты әлеуметтік маңызы бар ауыл шаруашылығы тауарларымен қамтамасыз етуді 80 пайызға жеткізу, агроөнеркәсіп кешен өнімдерінің экспорттық айналымын 3 есеге, осыған сәйкес, аталған саладағы еңбек өнімділігін 3 есеге арттыру көзделген. Ұлттық жобада ет, жеміс, қант, майлы дақылдар, көкөніс өндірудің және өңдеудің инвестициялық жобалары бойынша 7 экожүйе қалыптастыру жоспарланған. Осы айтылған межелер орындалса, жаңа экожүйе болашақта 350 мың фермерлік және үй шаруашылықтарын жұмысқа тартады, сонымен қатар оларды жоғары бағалы отандық өнім жасап шығаруға жұмылдырмақ. Мамандардың есебінше, 5 жылдың ішінде 4,1 трлн теңгенің 582 инвестициялық жобасы игеріледі екен. Ал бұл 500 мың адам тұрақты түрде нәпақасын айырады деген сөз. Қаржылық тұрғыдан пайдасы зор тұжырымдама 1 млн-ға жуық ауыл тұрғынының табысын көтеруге бағытталған. Алайда, ауыл шаруаларына атағы дардай жобаның жұғыны да тимей отыр. Шағын шаруашылықтар «баяғы жартас – сол жартастың» кебін киюде. Ұлттық жобаға бөлінген қаржының тым болмаса, «итке тастаған сүйектей» бөлігіне иемдену фермерлер үшін қол жеткізбейтін арман болып отыр.
«Аспаннан шұға жауса да, кедейге ұлтарақ бұйырмайды»
Қазақстанда «Өндірістік кооператив туралы» заң қабылданғанына 27 жыл болғанымен, кооперативтердің көсегесі көгермей қойды. Шағын құрылымдар сервистік қызмет көрсетуден әрі аса алмай отыр.
— Бес жылдан бері мал бордақылау ісімен айналысып келеміз. «Кооперативтер туралы» заңға талай рет өзгерту енгізілгенмен, несие субсидия, салық төлеуден ешқандай жеңілдік иемденбедік. Қаражаттың жетіспеушілігінен, тоқыраудың алдында тұрмыз. Ұлттық жобадан үміт күткен едік, одан да қайыр жоқ екенін ұқтық. Атағы дардай жобаны естігеніміз болмаса, тұжырымдаманың шаруаларға пайдасы қандай? Біздің дамуымызға қандай мүмкіндіктер бар? Бұл жайында дым білмейміз, ешкім бізге түсінік бермейді. Бүйткен ұлттық жобаның қажеті қанша? – дейді Қарқаралы ауданындағы «Қасым-2017» кооперативінің жетекшісі Әнуәр Шәкәрімов.
Ауыл әкімдерінің бірқатары «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі» үш жылдық ұлттық жобаның тұжырымдамасымен танысып, одан түйген ойларын тұрғындарға шама-шарқынша жеткізуге тырысып бағуда.
Қарқаралы ауданы, Балқантау селолық округінің әкімі Асылан Рақымбергенов жобаны шаруашылық жетекшілері мен ауыл тұрғындарымен талқылап, ел арасында сауалнама жүргізген. Қоғамдық сұрауға қатысқан халықтың 81 пайызы көршімен бірігіп кәсіп ашуға бейілдік танытқан.
— Сауалнаманы сараптағанымызда, тұрғындар көрші-қолаңмен ет, сүт тапсыратын және ауыл шаруашылық өнімдерін өңдейтін өндіріс ашуға сұраныс білдірген, сондай-ақ олар тұрғылықты жерде мал бордақылау пункті қажет деген мәселені көтерген. Халықтың мұқтажын ескере отырып, біз аудандық ауыл шаруашылығы басқармасына пилоттық жоба әзірлеп жібердік. Бұл мәселе жыл аяғында шешілуі тиіс. Біздің білуімізше, келесі жылы ұлттық жобаны қаржыландыруға республикалық бюджеттен 3 млрд теңге, 2024-2025 жылға осыншама қаржы бөлу жоспарланған. Тұжырымдаманы іске асыру барысында, ел аумағындағы шаруашылықтарға берілетін субсидияның пайызы төмендейді, шаруалар несиені өтеу төлемінен 2 жылға босатылады дегенді естідік. Бірақ бұл орайда бір нәрсені ескерген жөн: ауылдан кез келген өндірістік нысан ашу үшін кепілдік мүлік керек. Алайда, халықтың көбінде баспанадан басқа кепілдік мүлкі жоқ, ал іске жарамды техникасы барлар ілуде біреу ғана, – дейді Асылан Рақымбергенов.
«Майлы жілікті министрлік жанындағы палаталар иемденіп отыр»
– Ауыл шаруашылығы министрлігі жанында толып жатқан палаталар бар. Әлгілерді «лоббистерге» теңесек болады. Олардың әрқайсысы өз саласын қаржыландыруға күш салады. Мәселен, ақ бас сиырдың тоғыз палатасы бар екен. Кесірткенің құйрығындай шұбатылған палаталар мемлекеттің қаржысын қылғытуда. Осылардың кесірінен, еліміздегі орта және шағын шаруашылықтардың 90 пайызы субсидиядан қағылып отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі «елуге жуық субсидияны қысқартып, негізгі бағыттарға қаражат бөлеміз» деп президентке берген уәдесінен тайқып кетті. Тоқетерін айтқанда, жоғарыдағылар өз қазанында қайнап жатыр, төмендегілер жоқшылықтан шырмалып, шыға алмай жатыр, – дейді ауыл шаруашылық саласының үздік қызметкері, біздің тұрақты спикеріміз Ниқанбай Омарханов.
Ұлттық жоба жайлы ащы шындық осындай. Сонда, түбінде қазақ ауылдары ірі жекеменшіктің жемтігіне айналмақ па?