Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:31, 08 Қыркүйек 2021

Ұлтынан жеріген тұлғаның қадірі болмайды

None
None

Қазақ халқының мақал-мәтелдері мен мақамдарының ішінде ұлтынан жеріген, әсіресе оның салт-дәстүрінен теріс айналған адамдарды халықтың алдында қатты жазалаған.

Бұны қазақтың қаймағы әлі бұзыла қоймаған мындағы 19 ғасырдың өзіндегі аға сұлтан Құнанбай мырзаның, қазақтың киелі ділінен аттап кеткен Қодар мен Қамқаны қалай жазалағанын Мұқтар Әуезовтің «Абай жолын» оқыған дүйім қазақ, ұмыта қоймаған болар. Бірақ, оны қалай түсінсең де тіпті, жабайылықтың түріне баласаң да, өз кезіндегі заманға лайық нағыз дұрыс шешім болатын. Ал бүгін ондайды тіксініп қарсы алатындар, орыс тәрбиесімен өсіп-өніп, жетіп-жетілген қала қазақтары. Соның айғағы – осы уақытқа дейін басымыздың бағы санаған, төрімізге төре етіп көтеріп, мойнымызға тұмар етіп таққан атақты тұлғаларымыздың бірі, бірі емес бірегейі – айтулы ақынымыз Олжас Сүлейменов. Осы бір жасанды қазақтың есімін кеңес жылдары әйгілі Шыңғыс Айтматов пен Расул Гамзатовпен қатар қойып, күні бүгінге дейін соларға теліп, мақтаныш тұтып келдік. Бекер екен...

Менің бұлай деп айтуыма себепші болған белгілі саясаттанушы Дос Көшімнің 2021 жылғы қыркүйектің 2-де «Жас алаш» газетінің бірінші бетіне жариялаған Олжас Сүлейменов туралы Бөтен деп аталатын танымдық мақаласы. Өзім де Олжас туралы осындай ой жетегінде жүргенде, мына мақала сұрағанға тілегендей болып көрініп, қолыма еріксіз қалам алдырды. Кейбіреулер, «Ойнап айтса да, ойындағыны айтыпты» деп жатады. Ал саясаткердің айтып отырған мына пайымы еріккеннің ермегі емес. Тіпті ол, отпен ойнаса да, осы жолғы оның жан айқайы иісі қазақ үшін құптарлық іс. «Бұға берсең… дегендей, Олжас жөнінде неге төменшіктей беруіміз керек? Жарайды, Олжас «Аз и Я-сы» арқылы түркі әлеміне аты шыққан болар. Шындығы, сол жылдары Д.А. Қонаевтың беделімен жаны қалған Олжас, 1986-шы желтоқсанда оған және оны қолдаған ауылдан келген қазақ жастарына неге араша түсіп, алаңға бармады? Сонда, алаңда қаны судай аққан өрімдей ауылдан келген қазақ жастарының тағдыры біздің «патриотымызға», қала берді бүкіл түркі әлемінің жанашыры атанған Олжасқа бәрі бір болғаны ма?

Әбден шаршап, амалы таусылып, тығырыққа тірелген сондағы ауыл жастары шерулетіп, Жазушылар үйіне барып, Олжасты әтуерлеп шақырғанда, ол неге қазақ ауылдарынан келген жастардың тілегін орындамады? Сол кездегі Кремльдің ұйғарымымен ауыл жастарының ісін «қазақ ұлтшылдығына» балаған тұста, М. Есенәлиев, Е. Әуелбеков, К. Асанов сияқты ұлтжанды адамдар жиылып, жаңағы орталықтың ұйғарымын алып тастау жөнінде мәтін жазып, оны жұртшылық атынан сол кезде КСРО халық депутаты болып жүрген атақты Олжасқа ұсынып, орталықтың мінбесінен баяндауды өтінгенде, оның сол бір жауапкершіліктен неге бас тартқанын ұлтжандылықтың қандай белгісіне жатқызуға болады? Әуелі, бұны былай қойғанда, алаш зиялылары армандаған тәуелсіздігімізді алып жатқан тұста, қазақ тілін мемлекеттік тіл етуге қарсы болған Олжас Сүлейменовтің қылығын мүлде кешіруге болмайтын еді. Бірақ, бетінің қаймағындай көрген қазақ халқы, еркетотай «Олжасының» қылығын тағы кешіріп, түк білмегендей кейіп көрсетті.

Дегенмен, КСРО-мен бірге коммунистік партия тарап жатқан тұстағы Олжастың позициясын түсінудің еш қиындығы жоқ болатын. Қараңыз, кеше ғана коммунистік партияның идеясы жетегінде адал коммунист болып жүрген ол, көзқарасын лезде өзгертіп, «Халық конгресі» партиясын тез арада құрып үлгерсе, онда орыс тәрбиесіндегі Олжастың биліктен де үміті болғаны. Яғни, оның барынша жанталасуына қарағанда, орыс тіліндегі КСРО-дан қайткенде өз үлесін алып қалу керек болған сияқты. Айталық, егер оның саясаттан бәлендей хабары болмаса да, жедел түрде партиясына қосымша «Невада-Семей» деп аталатын қоғамын құрып, атойлап алға шығуына қарағанда, жаңағы үмітін шындықтан тысқары қарай алмаймыз. Осы уақытқа дейін халықтың сеніміне онсыз да «түрікшілдігімен» белгілі болған Олжасты оның «Семей полигонын» жабатын пиғылына қарап, елдің лидері жасауға болатын да еді. Олай болмай шықты. Өйткені, оның сондағы тірліктерінің бәрі қазақ тілінде емес, отар елдің тілімен жүзеге асырыла бастаған еді. Семей полигоны сияқты қасірет алаңын жабуға жиналғандар және оны көгілдір экраннан көрген қалың көпшілік, сондағы қазақ халқының алдында өз ұлтының тілінде сөйлемеген Олжастың мейірімін көрмей, іштей қатты қиналған еді. Мұны тағы да тез арада түсінген Олжас, саясаттан аулағырақ жүруге тырысып, құрған партиясы мен қоғамдық қозғалысынан еш нәтиже шығармастан, бәрін лақтырып тастады да, көп жылдар бойы мәмілегерлік жұмысқа қарай шегінсе, оған барынша үміт артқан дүйім жұртшылық, онын бұл қылығының мәнісін де ұмыта қоймаған болар. Бұл аралықта оның халыққа бәлендей жанашырлығы көрінбесе де бәрібір халық, оны патриот Олжас түріндегі таңдауын да, талғамын да қоймады. Айтпақшы, Олжас Семей полигонын жабуға дәнекер болса, оны тек халықтың ғана талғамы деп түсінген дұрыс. Осыны дер кезінде байқаған қырағы Олжас, бәрін өз мүддесіне қарай бұрған тәрізді. Қазақстандағы апат қаупі әлі де сейілген жоқ. Арал, Балқаш, Байқоңыр апаттарын айтпағанда, Қазақстан жеріндегі ракетамен атқылайтын көптеген радиациямен байланысты сынақ алаңдары жойылмай тұрғанда Олжастың атом қаруын шектеу үшін құрылған партиясы мен қоғамы қайда? Біздің «патриотымыз» оны неге орта жолда қалдырып, халық үмітін ақырына дейін ақтамай, таратып жіберді?

Олжас туралы осындай күмәнді нәрселерді ойлағанда, қазақтың «Іштен шыққан жау жаман» деген мақалының дұрыстығына шүбә келтіре алмаймыз. Міне, бүгін, «Атың шықпаса, жер өрте!» дегендей, аты өшіп бара жатқан Олжас, егемендігіміздің арқасында орысша атауын өзгертіп, өз атауын иеленуге әрең қол жеткізген, қазірде сүттей ұйып тұрған Алматы қаласының атауына шүйлігіп отыр. Оның өзі түрколог бола тұра Алматы атауының өз дәуірінде барынша гүлденген Жетісу жеріндегі Қараханиттер сияқты түрік қағанатының тарихымен байланысты екенін білмеуі өкінішті. Сондай-ақ, «Түрколог» демекші Олжас, Есікті қаласының іргесінен табылған алғашқы алтын адам мүрдесінің басынан 26 харіппен таңбаланып қойылған күміс тостағандағы жазуды да оқып қарық қылған жоқ болатын.

Олжастың атына байланысты осы айтылғандарға қарап түйіндер болсақ, тек орыс тілімен ауыздықтанып, оның мәдениеті арқылы өсіп-жетілген адамның қылығын ғана көреміз. Герцен, Гоголь, Чернышевский, Крылов, Пушкин мен Лермонтов, Толстой мен Горький әкелген әлемдік мәдениетке қосқан орыс халқының үлесін ешкім де жоққа шығара қоймас, алайда өз ұлтының тілінен жеріп, орыс менталитетімен өскен Олжас, бүгінде бетке шыққан сүйелдей болып тұр. «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам, Қараңғылықтың төрінде күн болмағанда кім болам?!» – деп Сұлтанмахмұт Торайғыров айтса, бүгінгі Олжас, әуелі жарық аспандағы күн болу рөлін ақыры жоғалтып алды.

«Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін!» дейтіндей, бүгінгі урбанизациялық өзгеріске байланысты ауыл қазақтарының қалаға жаппай келуімен бүкіл қазақ, біртұтас ұйысқан түрдегі бір қазаққа айналып келеді. Осы тұста, бүйректен сирақ шығарып, Олжас сияқты ерекше бір жаңа жүздің жандануына арқау бола жүріп, жақсы кісі болудың да күні өтіп барады. Осыған орай, отаршылдық келмеске кетіп, онымен бірге қолданыстан ығыстырыла бастаған орыс тілінің үстемдігін қайта жаңғыртудың да еш қажеті жоқ. Алматының атауына орыс тілділер жанталасып кірісетіндей, тарихи жағынан да, тілдік-ономастикалық айтылуы жағынан да оны басқадай атаудың қисыны мүлде жоқ. Өйткені, қазіргі Алматының көне атауы Қойлық қаласы сияқты Алмалық болатын. Жүре келе қыпшақ тілінен қазақ тіліне бейімделген тұста, бұл қала кеңес өкіметінің кезінде де жазылуы мен орыс тілінде «Алма-Ата» деп жазылып немесе айтылып келгенмен, жергілікті халық қаланы өзінің тілінде бәрібір Алматы деп атайтын. Ал енді халық ішіндегі беделімізге малданумен, «Қазаншының өз еркіне...» салып, белден басатын болсақ, тәуелсіздікпен келген ырыстың бәрінен қайта айырылатын боламыз.

Тегтер: