Ұлы Жошы алаш рухын оята ала ма?

«Жошы ханның таққа отырғанына биыл 800 жыл. Бұл мемлекеттік деңгейде аталып өтіп, тойлануы тиіс» дейді мәжіліс депутаты Қазыбек Иса.
Оңды әңгіме. Жөн бастама. Расында, егер иісі Алаш баласы, бастауын Жошы ұлысынан алатын алып империя Алтын орданың мұрагеріміз деп есептейтін болса, онда осыдан 800 жыл бұрын (1223 жыл) таққа отырып, бүгінгі қазақ даласында жаңа мемлекет құрған Жошыны атаусыз, елеусіз, ескерусіз қалдырмауы тиіс. Алаш рухының асқақтар бір сәті, осы жыл болмақ!
Моңғолдар «Шығыс хан біздің бабамыз, ол құрған ұлы қағанаттың біз бір жұрнағымыз. Әлем бізді Шыңғыс хан арқылы таниды. Мойындайды», деседі. Талассыз, ақиқат. Әлем Моңғолияны Шыңғыс ханның елі деп таниды. Миллиондаған туристер ол елге тек бір ғана Шыңғыс ханның аты аталғаны үшін ағылып барады.
Бұдан сегіз жүз жыл бұрын өткен алып қаған Шыңғыс бүгінгі моңғол жұртын біріктіруші рухқа айналып отыр. Моңғолдарда ұлы қаған алдында қарыз болып қалған жоқ, бес қабатты үйдің биіктігіндей болатын алып ескерткіш тұрғызды. Оны ұлы рухқа тағзым ететін Меккеге айналдыра білді. Сол секілді ұлы жиһангер Ақсақ Темір де өзбектерді ұйытатын ұлы рухқа айналып отыр. Рас, Әмір Темір бүгінгі өзбектер мемлекет құрып отырған (1336 жылы 8 сәуірде Маураннахрдағы Кеш қаласында, қазіргі Шахрисабзда, Самарқанның оңтүстігінде орналасқан жерде жарық дүние есігін ашқан) жерде дүниеге келді. 27 мемлекетті жаулап алып, бағындырған ұлы қолбасшы. Самарқанд пен Ташкентте зәулім ескерткіштері бар. 1996 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен 660 жылдығын дүркіретіп тойлады. Бұл өзбектердің «Ұлы жаһангердің ұрпағымыз» деген мақтаныш сезіміне түрткі болды. Қазір көрші орыс елі де «орыс рухын» көтеруге келгенде, барын салуда. Орыс тарихындағы арғы-бергі тұлғаларды қазып, «шаңын қағып» ұлт жанашырына айналдыруда. Кешегі Петр-І, Романовтар әулеті, тіпті, өздерін қырып салған Колчакқа дейін «орыстың жоғын жоқтаушы батыры» деп тануда. Ескерткіш орнатып, фильм түсіруде. Өйткені қазіргі жаһандану заманынан ормандай көп орыс та қорқуда. Ал патша Петр мен генерал Колчактар орыс халқын өзге өркениеттен қорғаушы — ұлы рух.
Осы тұрғыдан келгенде, қазақ халқын ұйыстыратын, өзге әлем алдында «мынау біздің бабамыз» дейтін бір ірі тұлға қажет-ақ. Ол кім болуы мүмкін? Ақиқаты сол, біз Ұлы далада өз заманында күнше күркіреп өткен, «бастыны идірген, тізеліні бүктірген» ұлы көшпенділердің ұрпағымыз. Бірақ сақ Рүстем мен Томирис те, ғұн Мөде мен Еділ (Аттила) батыр да, түркі Бумын мен Тоныкөк, Естеміс пен Күлтегін де қазақ үшін «біздің батыр бабаларымыз» деген мақтанышқа айналғанымен, рухты көтеруге келгенде, нақты тұлғалар бола қоюы екіталай. Өйткені олар өмір сүрген кезең тым арыда жатыр һәм түркі халықтары үшін олар ортақ тұлғалар. Сүйектері қайда қалғаны да белгісіз. Ал исі қазақ даласында ұлы империяның негізін қалаған, моласы осы қазақ жерінде тұрған Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы Алаш жұртының ұлы рухына, ар-намысына айнала алар еді. Әрине, кешегі қазақ хандығының шаңырағын көтеріп, керегесін кеңейткен Жәнібек пен Керей, Қасымхан мен Хақназар, Есімхан мен Тәуке, Тәуекел мен Абылай, Кенесары мен Алашорда азаматтары қазақ үшін орны бөлек арыстар. Оған ешкім дау айта алмайды. Алайда аты Ұлы даладан асып, әлемге кеткен, жаһан тарихында ныспысы айшықталған Жошының орны ерек. Мәселен, моңғолдар «бабамыз» деп отырған Шыңғыс хан, өзбектер иленіп отырған Ақсақ Темір, орыс жұртын біріктіруші Петр-І, бұлардың бәрі ұлы империя құра білген алып тұлғалар. Жошы да әлем тарихында 300 жылдық тарихы бар, атынан жарты әлем үріккен, дәргейіне бағынған Алтын орда (әу баста Жошы ұлысы деген атпен белгілі болған) атты ұлы империяның негізін қалаушы. 1223 жылы Құланбасы жазығында өткен құрылтайда әкесі ұлы қаған Шыңғыс Жошыға бөліп берген аймақ бүгінгі Қазақ жері. Демек, біз Жошыны «ұлы бабамыз» деп танып, әлемге жар салуға, оны ұлы рухты оятушы тұлға ретінде атап, мақтануымызға қақылымыз. Ұлы Жошының талай ғасырлық мерейтойларын атап өтіп, ескерткіштер орнатуға мүдделік танытатын кез келді. Ел ордасы Астанада Ұланбатырдағы Шыңғыс ханның алып ескерткішінен де зор, зәулім тастұғыр орнатылып жатса, артық болмас еді. Өйткені ұлттың рухын ояту үшін ұлттық идеялармен қатар, ұлы тұлғалардың да орны бөлек.
Біз соны ұмытпауымыз керек!