Ұмытшақ Бектеновтің қысқы дайындығы үкімет пен президент алдында өзгере береді
Жылыту маусымы келіп қалды. Кейбір қалалар әлеуметтік нысандарды орталықтандырылған жүйеге қосуды бастап та кеткен.
Мәселен, 23 қыркүйектен бері Астана мен Көкшетау қалаларындағы мектеп, балабақша, емханаларға жылу беріліп жатыр. Шағымдар легі де көп күттірген жоқ. Талдықорғандықтар жылы судың әлі де келмегенін, өткен күзде де кешіккенін, жазда жұмыс жасалмай, мердігерлердің енді ғана қозғалып жатқанын айтып, наразылықтарын жеткізген. Қыркүйектен басталып жатқан мәселелер сәуірге дейін жалғасатынын болжау да қиын емес. Себебі жылда жылу «жыры» көктем келіп, күн жылығанша «жырланады».
Қарап отырсақ, Қазақстан тарихында бірде-бір жылыту маусымы тыныш өтпеген. Әйтеуір апат, бұзылған жүйе, жылусыз қалған халық, толассыз шағымдар мен бітпейтін уәделер. Өткен жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі 12 қала қызыл аймаққа енгізілді. Олардың жылыту жүйелері әбден тозған. Антистатистиканы 91 пайызға ескірген Екібастұз бастап тұр. Тізімді – Павлодар, Степногорск, Атбасар, Петропавл, Ақтау, Арқалық, Рудный, Семей, Теміртау, Кентау, Риддер қалалары жалғастырады. Бұдан басқа қалалардағы жағдай да оңып тұрған жоқ. Дайындық та мәз емес. Жаздың аяғында премьер-министр алты облыстағы әзірлік деңгейі төмен екенін баяндап, әкімдерді сынады. «Жұмыстардың ауқымды бөлігін ең соңғы күндерге қалдыру әдетке айналды. Дұрыс жоспарлау жоқ. Бекітілген жөндеу жұмыстарының кестесін ауыстыра салу, құжат дайындау және отын қорын жинау мерзімдерін сақтамау фактілері жылдан жылға қайталанып келеді. Әркім өз ісіне жауапты қарайтын болса, мұндай келеңсіз жағдайлар орын алмас еді», – деді үкімет отырысында. Үш ай бұрынғы тапсырмалардың да әлі күнге орындалмағанын айтқан О. Бектенов «баяғы жартас – сол жартас» деп налыды.
Иә, мәселе аз емес. Мысалы, күз таяған уақытта Қарағанды облысындағы Qarmet компаниясының екінші жылу орталығында №2, №7 қазандықты жөндеу жұмыстары мерзімінде аяқталмаған, №1 қазандықты күрделі жөндеуден өткізу басталмаған да. Тағы Шахтинскіде тендер жарияланбаған. Маңғыстау облысындағы МАЭК-тің №1 жылу электр орталығында турбина жөндеу ісі бітпеген, келесі бір жылу орталығында мердігер де белгіленбепті. Жылу желілерін жаңғырту жұмыстары да баяу. Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында екі жоба, Абай облысында бір жоба бойынша бұзып-бөлшектеу жұмыстары кешігіп жатыр. Батыс Қазақстан облысында бір жоба бойынша мердігер ұйым әлі анықталмаған. Соған қарамастан, үкіметте жылыту маусымына білім беру нысандары – 88, денсаулық сақтау объектілері – 87 пайызға дайын деп мәлімдеме жасалды. Ал әкімдерге ашулы премьер-министр бір ай бұрынғы «дайын емессіңдер» деген сөзін ұмытып кеткен де сияқты. 24 қыркүйек күні президентке кіріп, «жылыту маусымына 98,3 пайызға дайынбыз» деп, есеп берген. Әкімдер де қалыспайды. Қала, аудан, облыс басшылары 98-ді қойып, «100 пайызға» шыққан. Бір-бірінен қалыспай, есептерін жариялап жатыр. Бірақ бұл жылдағы әуен. Басында дайынбыз дейді, артынан төтенше жағдай жариялап, әуре болады...
2023-2024 жылғы жылу маусымы басталар шақта да бәрі сақадай-сай болған-ды. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, экс-индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев, экс-төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, өңір әкімдері есептерін де берген. Сәтқалиев алдыңғы жылу маусымын еске салып, ЖЭО-ларда температуралық режим 133 рет бұзылғанын, Екібастұзда температура кестесі 94 рет орындалмағанын айтқан, Кентаудағы ахуалдың күрделі екенін жеткізіп, оған 5 млрд теңге жоспарланғанын жеткізген. Министрлік халық жылусыз қалмасын деп техникалық аудит жасағанын, әкімдіктермен жылыту маусымына дайындықтың жол картасы бекітілгенін, бақылаудың күшейтілетінін мәлімдеген. Қаржыландыру жағы да жаман емес еді. 2022 жылы елдегі жылумен жабдықтау жүйесінің жалпы ұзындығы 14 мың км болса, оның орташа тозу деңгейі 54 пайызды құрады. Ішіндегі тозу көрсеткіші 75 пайыздан асып кеткен 47 жобаны қаржыландыруға 2023 жылы 69,4 млрд теңге бөлінді. Бірақ жылыту маусымы ойдағыдай өтті деп айтуға келмейді. Күрделі жағдайлар қыркүйектен-ақ басталды. Ал қарашада СҚО мен Екібастұзда халық жылусыз қалды. Желтоқсанда Ақтауда ондаған, Көкшетауда 15-ке жуық тұрғын үй, 40 шақты жекеменшік сектор, Іле ауданында бірнеше ауыл аязда қалды. Мұндай жағдайлар Оралда, Степногор мен Балқашта, Теміртау мен Риддерде де кездесті. Апталап үйлерге жылу берілмеді. Ал айға жуық шыдаған Кентау халқы ақпанда жаппай наразылыққа шыққаны есімізде. Бұл айда Атырау тұрғындары да үш-төрт апталап жылусыз отырды. Наурызда болса, Қарағанды облысындағы Молодежный кентінің тұрғындары шу көтерді. Себебі пәтерлердегі ауа температурасы 11-12 градусқа дейін төмендеп кеткен. Барлық жағдайда әкімдіктер тозған жүйені немесе мердігерлерді кінәлайды.
2029 жылға қарай тозу деңгейін 43 пайызға дейін төмендету міндеттелген. Ал 2024 жылғы республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде жылумен қамтуға қатысты 43 жоба бойынша 54,7 млрд теңгеге өтініш берілген. Алайда мәселені шешу үшін бюджетпен ғана емес, жауапкершілікпен де жұмыс істеу керек дейді су, жылу саласында 47 жыл еңбек еткен Досан Жаңабай.
«Жылу жүйесі – бірнеше күрделі жүйелердің жиынтығы. Оның әрбірінің сапалы, уақытылы жұмыс істеуі маңызды. Бірақ бізде ескіру деңгейі өте жоғары. Бір жағын жөндеп келе жатсаң, екінші жағы ақсап, бір-біріне кері әсер етіп жатады. Жұмыс тоқтап қалатын кездер кездеседі. Бұл бейнелі түрде айтқанда, көлік секілді ғой, бір жағы дұрыс болмаса, екінші жағы тоқтап қалады. Оның үстіне, көп жағдайда су көздері елді мекенге бірнеше ондаған шақырым жерден, алыстан тартылады. Сол аралықта бір ғана ақау пайда болса, ол барлық жүйенің жұмысына тосқауыл болады. Дәл осы себептен, еліміздегі жылуға қатысты халық шағымы азаймай отыр.
Тағы температура кестесі деген ұғым бар. Ол әр елді мекеннің өз ерекшеліктеріне қарай, ауа райына қатысты болжамдарды ескере отырып, жылда жаңадан жасалады. Департаменттермен бекітіледі. Мұндағы принцип өте қарапайым – даладағы ауа температурасы төмен болған сайын, қазандықтағы жылу температурасы көтерілуі тиіс. Бірақ еліміздегі көптеген ЖЭО-дағы жағдай қатты суықта жылуды арттыруға қауқарсыз десек қате болмас. Себебі жылу артқан сайын энергия артады, жылдамдық өзгереді. Қазандық ол жылуды шығарғанымен, қаланың ішіндегі жүйелер қысымды көтере алмауы мүмкін. Содан келіп құбырлар жарылады, «утечка» болады.
Одан бөлек, жекеменшік теңгерімдегі үйлерді жергілікті басқармалар немесе бөлімдер тексермейді. Олар тек өз балансындағы ғимараттарды қарайды. Жалпы тексеріс болса, жылыту маусымы аяқталғанда жүргізіледі. Анықталған тұстар жөнделеді. Және жоспарлы жөндеулер бар. Осы тұста «подрядчик» деген Қазақстанның ауруына айналып бара жатыр. Олар сапасыз жұмыс істейді, жобаны кешіктіреді. Қайда қарасаң да соттасып жатқан «заказчик» пен мердігер. Олардың «гарантийный срок» бергенінен де келіп-кетер пайда шамалы. Өйткені апат орын алғанда айдаладағы, 1-2 күндік жолдағы мердігерді күтіп отыруға болмайды. Ондайда жергілікті билік немесе жылу беру орталықтары амалдап, өздері бір әрекетін жасайды.
Меніңше, еліміздегі жылу беру мәселесін бір қалыпқа түсіру үшін қазіргі стратегия да жарамды. Тек әркім өз жұмысын дұрыс істесе, функциясын толық орындаса болғаны. Бізде осы жақ әлсіреп тұр», – дейді зейнеткер.
Ал әлеуметтанушы Дана Рахымғалидің сөзінше, әлеуметтік мәселелердің дер кезінде шешілмеуі, ұзақ жылдарға созылуы әлеуметтік сенімсіздікке әкеліп соқтырады. «Жылу – базалық қажеттілік. Оның белгілі бір елді мекенде берілмей қалуы массалық-кезеңдік сырқаттануға, өңірдегі еңбек өнімділігінің төмендеуіне, absenteeism-ге, яғни жұмыс уақытысында жұмысшылардың жұмыста болмауына, халықтың шағын ауылдар мен елді мекендерден көшуге деген ұмтылысына жол ашады», – дейді маман.
Расында, кейбір ауыл-қалалардың тұрғындары қыс жақындаса электр пештерін шығарып, жарыққа көп шығындалуға бейімделеді. Екі-үш күндеп бүрсең қағуға да көпшіліктің еті үйреніп кеткен. Енді апталап, айлап, жылусыз отыру да қалыпты нәрсеге айналмаса игі. Бірақ тапсырмаларды орындау «100 пайыздан» ары аспай жатыр... Алдағы жылыту маусымы бұл есептердің де бос сөз екенін көрсетпесе болғаны.
Шілдеде президент қабылдауына кірген Алмасадам Сәтқалиев жылыту маусымына байланысты тапсырма алып, «орындаймын» деп кеткен. Халықтың үйіне от жағып, қаладағы үйлерге жылу берілуіне бір айдан аз уақыт қалғанда осынша қыруар шаруаны Бектенов пен Сәтқалиев тез шеше ала ма? Тағы күмән көп.
Баян Мұратбекқызы