Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:50, 29 Қаңтар 2025

Үндістанда белгісіз дерттен 17 адам қаза тапты

1
Фото: Getty Images

Белгісіз дерт шалғайдағы Бадхал ауылында тіркелді. Өңірде 200-ден астам адам карантинге жабылды.

Үндістандағы Джамму және Кашмир одақтық территориясының үкіметі 17 адамның өмірін қиған белгісіз ауруды тергеп жатыр. Бұл туралы жергілікті билік өкілдеріне сілтеме жасаған Press Trust of India агенттігі хабарлады.

Желтоқсан айында шалғайдағы Бадхал ауылында адамдар көз жұмған. Қаза тапқандардың 13-і балалар. Өткен аптада ауыл «бөлек аймаққа» айналып, 200-ден астам адам карантинге жабылды.

Раджпури мемлекеттік медициналық колледжінің бас директоры Амарджит Сингх Бхатианың айтуынша, өлімнің барлығы ми мен жүйке жүйесінің зақымдануынан болған. Қайтыс болғандар үш отбасының мүшелері.

«Бізге де қысқы демалысты кейінге қалдыруға тура келді, ең алдымен медициналық мәселені шешу керек», - дейді Бхатиа.

Федералды үкімет денсаулық сақтау министрі Джитендра Сингхпен бірге тергеуді бастады. Алғашқы тергеу қорытындысы бойынша, өлімге «инфекция, вирус немесе бактерия емес, улы зат себеп болған».

«Токсиндер тобы бойынша зерттеулер жүргізіліп жатыр. Жақын арада шешімі табылар деп үміттенемін. Сонымен қатар, қылмыстық немесе қасақана әрекет жасау мүмкіндігі де тексерілуде», - деді Сингх.

Желтоқсан айының басында ДДҰ 24 қазаннан бері Конгода 400-ден астам адамға белгісіз вирус диагнозы қойылғанын және олардың 30-дан астамы қайтыс болғанын хабарлады. Ауру қызба, бас ауруы, қалтырау, жөтел белгілермен сипатталды. Ауру жұқтырғандардың көпшілігі бес жасқа дейінгі балалар. Кейінірек бұл жай маусымдық аурулар, ауыр безгек және дұрыс тамақтанбау салдарынан болғаны анықталды.