Үнемдеу кезегі жәрдемақыға жақындап келеді
Қазақстанның әлеуметтік сақтандыру қоры дефолт болудың алдында тұрғандай. Деректерге жүгінсек, 2024 жылы қор өзіне түскен түсімнен асыра жәрдемақы төлеген.
Мәселен, былтыр мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударым ретінде 637,5 млрд теңге түссе, жәрдемақы төлеміне 958,3 млрд теңге жұмсалған. Яғни 320 млрд теңгеге артық төлем төленген. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шығынның бұлай өсуінің негізгі себебін жас аналарға төленіп отырған төлемдердің артуымен түсіндіреді. Былтыр 790 млрд теңгеге жуық қаражат декреттік жәрдемақы мен бала күтіміне байланысты төлемдерге жұмсалыпты.
Қаржыгерлер төлем жүйесінде мұндай кассалық айырмашылық бола берсе мемлекет 2028 жылға қарай зейнеткерлер мен асыраушысынан айырылғандарға арналған төлемдерді төлеуде қиындықтарға тап болуы мүмкін екенін айтады. Бұл, әлбетте, өзге төлемдерге де әсер етеді. Жалпы алғанда, жағдай күрделі болмақ. Ал үкімет бұл мәселені қалай шешпек?! Тығырықтан қиналмай шығудың жолдары қандай?!
Жалпы, біздегі әлеуметтік сақтандыру қорын бақылайтын негізгі орган – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. Қорға республикалық бюджеттен қаржы бөлінбейді. Мемлекет тек кейбір жағдайларда ғана (мысалы, әлеуметтік төлемдерді тұрақты жүргізу үшін немесе қосымша қолдау шаралары ретінде) республикалық бюджеттен трансферт бөледі. Қордың қызметін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қадағаласа, ал қаржы бөлу тетіктерін бақылауға қаржы министрлігі де қатысады. Бұл қордың 5 пайызы инвестициялық кірістерден, 15 пайызы қажет болған жағдайда мемлекеттік трансферттерден, 80 пайызы жұмыс берушілердің міндетті аударымдарынан тұрады.
Зейнеткерлер мен декреттегі аналар арқылы үнемдеу
Қорда қазір қиындық болып жатқанын былтырдан бері Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өзі де айтып жүр. Министрлік осыған байланысты әлеуметтік кодекске өзгерістер ұсынған құжатты талқылауға да шығарған. Биыл жылдың басында-ақ министрлік ережені өзгертіп, енді тек бір жұмыс орнынан түскен табыс есепке алынады және төленетін төлем 7, ең төменгі жалақыдан аспайды деп бекітті.
Еңбек министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, бұған дейін жас аналар бірнеше жеке кәсіпкерліктен анықтама әкеліп, өздерін 10 және одан да көп жерде жұмыс істеген етіп көрсетіп, соған сәйкес декреттік төлем алып келген. Қазір ұсынылып отырған түзетулерге сәйкес, декреттік демалыс басталғаннан кейінгі кірістер есепке алынбайды. Ал егер жас ана жаңа мамандық бойынша оқуға түссе, одан әлеуметтік қор арқылы шәкіртақы алатын болса немесе жұмысқа шықса ай сайынғы декреттік төлем де уақытша тоқтатылады. Бұдан бөлек, бала күтімі бойынша жәрдемақы алып жүргендерге жұмыссыздық жәрдемақысына өтініш беруге тыйым салу ұсынылған. Яғни үкімет енді «балаға қарайсың ба, онда жұмыссызбын деп жәрдемақы алма» деген ұстанымды қалап отыр.
Ұсынылған түзетулердің бірі зейнеткерлерге де қатысты. Ведомство есебінше, шамамен 100 мың қазақстандық зейнеткердің тұрақты тіркеуі жоқ. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, Германия, Испания сынды елдерде зейнеткерлер міндетті түрде нақты мекенжай көрсетіп, сол жерге төлем аударылуы тиіс. Осыдан келіп, енді зейнетақы Қазақстан аумағында тұрақты тұратындарға ғана төленеді. Шетелге ұзақ уақытқа кеткендер, немесе сонда тұруға ықтиярхат алған жағдайда төлемдер мән-жайды анықтағанға дейін тоқтатылады.
Сала мамандары мұндай шаралар әлеуметтік сақтандыру қорындағы тапшылықты түбегейлі шешпейді дейді. Мәселен, Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығының мәлімдеуінше, он жерде жұмыс істеген ана мен бір жерде жұмыс істеген ананың құқығы бірдей. Бір жерде жұмыс істеп, көбірек табыс табатын әйелдер де бар. Ал оларға 7 ең төменгі айлық түрінде төлем төлеу – әділетсіздік. Еңбек министрлігі ең алдымен саладағы алаяқтықты тоқтатып алсын. Қаржыгер Арман Мусиннің сөзіне сүйенсек, биыл жыл басында жалған жұмыспен қамту арқылы 385 жүкті әйелге шындыққа сай келмейтін мәліметтер негізінде жәрдемақы тағайындалып, бұл мемлекетке 1,2 млрд теңгеден астам шығын келтірген.
«Мысалы, бір ғана Ақтөбеде 70 жүкті әйелді 29 жеке кәсіпкерлікке жалған түрде жұмысқа орналастырып, 487 млн теңге бюджет қаржысын жымқырғандарды 6 жылға бас бостандығынан айырды. Атаулы әлеуметтік көмекке бөлінген бюджет қаражатын ұрлау бойынша да 15 жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің лауазымды тұлғалары ұсталды. Соңғы үш жылда жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, декреттік демалысқа шыққан, әлеуметтік төлем алған аналардың саны 300 пайызға көбейіпті. Әйелдердің көбі жоғары жәрдемақы алу үшін ИП ашып, жеке кәсіпкер атанып кетті. Сонда мұның барлығын бақылайтын орган қайда қарады? Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау миниистрлігі мұның барлығына мониторинг жасау керек еді. Бір жыл бойы ашылып, одан кейін жабыла салатын ИП неге көбейді деген сұраққа талдау, зерттеу неге жасалмады? Енді келіп болары болып, бояуы сіңгеннен кейін кодекске өзгеріс енгізген болып жатыр», – дейді қаржыгер.
Расында, үкіметтің экономикалық дамуға арналған арман-мақсаттары қиял күйінше қалмай, нақты жүзеге асқанда әлеуметтік сақтандыру қорында немесе басқа қорларда қаржы азайды деп отырмас едік. Қаржыгердің айтуынша, қазір үйде бала бағып отырған әйелдердің 68 пайызының елдегі әлеуметтік қамсыздандыру мәселесіне көңілі толмайды. Ал көптеген дамыған елдерде үйде отырған әйелдерге деген құрмет ерекше. Мәселен, Германияда қандай да бір себеппен 6 ай үйінде жұмыссыз отырып қалған әйелге әлеуметтік қамсыздандыру қоры ай сайын 700 еуро жалақы төлеп отырады. Ол жалақысының 15 пайызы зейнетақы жүйесіне аударылады. Фин әйелдері де әлеуметтік қордан қомақты қаражатпен қамсыздандырылса, голландық әйелдер бір емес, үш бірдей қордан, біріншісі – жинақтаушы, екіншісі – кәсіпорынның жинақтаушы қоры, үшіншісі – федералдық бюджеттен жәрдемақы алады.
«Біз үкіметке жұмыссыз қалған және декретте отырған әйелдердің зейнетақысын субсидиялап отыруды ұсынғанбыз. Мәселен, әйел адам декретке шығып бала күтіміне байланысты бір жарым жыл демалыста отыратын болса, оның зейнетақы жинағына төлем жаңағы әлеуметтік қор төлеп отырған жәрдемақыдан ұсталып отырады. Негізінде әділетті бөлініс кезінде жәрдемақыдан зейнетақыға жарна ұсталмауы қажет. Өйткені жұмыс беруші ол төлемді әлеуметтік қорға төлеген кезде зейнетақы жарнасы ұсталды ғой. Енді неліктен декретке шыққанда ол төлемнен тағы жарна ұсталады? Мұндайда әйелдердің зейнетақысын үкімет субсидиялағаны жөн. Осыны түсіндіріп тұрып айттық, жаздық. Бірақ құлақ асқан ешкім болмады».
Үнемдеу, қысқарту және сұранысты азайту
Ал «Жас Алаштың» тұрақты спикері, экономист-ғалым Бейсенбек Зиябеков болса, елімізде әлеуметтік мәселелер көлеңкеде қалып қойғанын айтады. Маманның пікірінше, қазір көпбалалы аналардың, мүмкіндігі шектеулі жандардың, зейнеткерлердің жағдайы қиын. Өйткені инфляция, қымбатшылық қысып тұр. Ал олардың ақшасы аз. Енді тағы қысайын деп жатыр.
«Инфляциямен күресте бірінші оның себебін жою керек қой. Мысалы, биыл көктемде картоптың бағасы шарықтады. 1 000 теңгеге дейін барды. Енді картопты өсірмесең, оны өсіретін шаруаларға жағдай жасамасаң оның бағасы өсе береді. Бізде өзі жыл сайын бір өнімнің бағасы «хит» болады. Биыл картоп, былтыр қант, өткен жылы сәбіз қымбатшылығын ел ұмытқан жоқ. Үкімет инфляцияны өндірісті дамыту арқылы шешуді ойлап отырған жоқ. Үкіметтің ойы, зейнетақы, жалақы дегендерді аз-маздан төлесе халықтың қолында қаражат болмайды. Дүкеннен ештеңе сатып ала алмайды. Одан барып сұраныс түскеннен кейін еріксіз дүкендегі тауардың да бағасы түседі. Ақшаны қыса берсең, ел тамақ жеуді де қояды... Міне, инфляциямен күресте үкіметтің ұстанып отырған саясаты осындай. Бұл – өте қатерлі жол. Халықтың қолындағы қаражатты қыспау керек, керісінше, өндірістің жұмысын дамытып, отандық өнімді көптеп шығару керек. Осылайша өзімізді-өзіміз толыққанды қамти алғанда ғана біз инфляцияға желінбейтін едік.
Ақша массасын қысу арқылы инфляцияны жеңеміз деу қателік. Бізде жыл сайын әлеуметтік төлемдерге болар-болмас қаражат қосылады. Келер жылы ең төменгі жалақы мөлшері де өспейтін болды. Зейнетақы, жәрдемақылар да там-тұмдап қана индекстеледі. Қазіргідей инфляцияның қарқынымен мұндай төлемдерді 20–30 пайызға өсіру керек. Алайда оған қауқар жоқ. Себебі еңбек өнімділігі өспеді. Отандық өнім шығару қабілеті арта қоймады. Егер мұндай жағдай жалғаса берсе әлеуметтік қордың жағдайы да қиындай түседі. Себебі жаңадан өндіріс орындары ашылмаса, жұмыс істемей тұрған кәсіпорындар саны артса аталмыш қорға төленетін аударым да азаяды. Сондықтан бұл қордың функциясының өзін өзгерту қажет», – дейді экономист.
Қазір әлемдік тұрғыда әлеуметтік төлемдер төлеуде Швецияның ұстанған тәсілі озық саналады. Бұл елде «скандинавиялық модель» бар, әлеуметтік қорлары жоғары салықтар есебінен қаржыландырылады. Сол арқылы бұл ел жәрдемақы, еңбекке жарамсыздық, жұмыссыздық, тағы басқа төлемдер төлейді. Өкінішке қарай, бізге мұндай дамыған елдер үлгі бола алмай тұр. Біздің үкімет келер жылдан бастап салықты жоғарылату арқылы бюджетті толтырамыз деп алақанын ысқылап отыр. Ал әлеуметтік қорға қатысты қордың қаражатын әзірге барынша үнемдеп, күмәнді әрі тиімсіз төлемдерді тоқтату жоспарда тұр. Әйтеуір, қысқарту мен қысу. Көрпеге қарай көсілу... Бітпейтін үнем.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ