«Uralsk Green Forum»: берері мол бастама
Жақында Орал қаласында «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» компаниясы Батыс Қазақстан облысы әкімдігімен бірлесіп, кезекті мәрте «Uralsk Green Forum» халықаралық экологиялық форумын өткізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – «жасыл» экономика тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында одан әрі ынтымақтастықты дамыту, тәжірибе алмасу, күш-жігерді біріктіру және ортақ көзқарасты қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғау бойынша жан-жақты диалогты нығайту болды.
Форумды ашқан Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев барша жұртшылықты экологтар күнімен құттықтап, қоршаған ортаны қорғау аса маңызды міндет екенін, халықтың денсаулығы мен экономиканың дамуы экологиямен тығыз байланысты екенін атап өтті.
– Біз КПО компаниясымен тамақ қалдықтарын қайта өңдеуге келістік. Қазір жұмыс жүріп жатыр, қалдықтардан тыңайтқыш өндірілуде. Сонымен қатар, пластик қалдықтарын өңдейтін цех, метаннан жанармай құю бекеті ашылды. Таяу уақытта қураған ағаштар мен жапырақтарды өңдеуге кірісеміз. Мейрамханалар мен асханалардағы тамақ қалдықтары қайта өңделеді. Биыл Батыс Қазақстан облысын газдандыру жұмыстарының басым бөлігі аяқталады. Келесі жылы бұл көрсеткіш 100 пайызға жақындайды. Облыс толық газға көшсе, қоршаған ортаға да оның оң әсері мол болады, — деді Ғ.Есқалиев.
ҚПО бас директоры Джанкарло Рую аталмыш іс-шара қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша қоғамдастықтың хабардарлығын арттырады деді. Ол КПО Б.В. компаниясы Қарашығанақ газконденсаты кен орнында 25 жыл жұмыс істеген уақыт ішінде қоршаған ортаны қорғау шараларына 97 миллиард теңге инвестиция салғанын хабарлады.
– Компания Қазақстан Республикасында ғана емес, сонымен қатар әлемдік деңгейде ілеспе газды кәдеге жаратудың ең жоғары көрсеткіштеріне қол жеткізе алды. 2021 жылы атмосфераға шығатын улы заттар мөлшері 2020 жылмен салыстырғанда 37%-ға азайып, небәрі 4,8 тоннаны құрады, өндіріс көлемі 134 млн баррельден асты. Бізде қалдықтарды қайта өңдеу кешені енгізілді, яғни кеніште өндірістік қалдықтардың 90% қайта өңделеді. Сондай-ақ біз биоалуандықты сақтау жобасын және КПО-ның басқа да экологиялық бастамаларын жүзеге асырып жатырмыз», — деді спикер.