Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:02, 21 Желтоқсан 2023

Үркерге газ жеткенше

Үркер
Фото: из открытых источников

Ірі қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші ондағы шағын аудандардың әлеуетімен де өлшенетіні белгілі. Мәселен, бүгінде елордада 16 тұрғын үй алабы бар, мұнда қала халқының 4/1 бөлігін құрайды. Сонымен қатар әр шағын ауданның түйткілді мәселелері жоспарға қойылып, әлеуеті оңалып келеді. Солардың бірі – Қорғалжын тас жолы бойында орналасқан Үркер тұрғын алабы.

Нұра ауданына қарасты тұрғын алапта қазіргі таңда 33 мың адам тұрады. Елді мекенде 3 балабақша, мектеп пен емхана және биыл құрылысы аяқталған дене шынықтыру-сауықтыру кешені жұмыс істейді. Аталмыш ауданның ахуалы туралы Нұра ауданы әкіміне қарасты Үркер тұрғын алабының бас инспекторы Жарқын Айтжанов: «Тұрғын алап жыл басында қабылданған Жол картасына сәйкес дамуда. Бұл карта Үркер тұрғын алабының негізгі жүйелі және күнделікті мәселелерін көрсетеді. Биыл сәуір айынан бастап, яғни аудан құрылған күннен бастап біз тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Мәселен, жол картасында көрсетілген 63 пунктінің 32-сі орындалды, жыл соңына дейін 14-і орындалады. Қалған 17 мәселе 2024-2025 жылдары толығымен шешілетін болады», – деді.

Айта кетейік, 2023 жылдың ақпан айында тұрғын алапты дамытудың жол картасы қабылданды. Қазіргі уақытта Үркерде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 2 мемлекеттік мектептің құрылысы жүріп жатыр. Бірінің сыйымдылығы – 4000 оқушыны құраса, екіншісі – 1800 оқушының білім алуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар тұрғын үй алабында инженерлік желілер, тротуарлар және т.б. салынуда. Биыл ашылған дене шынықтыру-сауықтыру кешеніндегі спорттық үйірмелер тұрғын алаптың балаларына қызмет көрсетуде.

Бас инспектордың мәліметінше, Үркерде сумен жабдықтау желілері толығымен қосылған. Мұндай көрсеткіш жыл соңына дейін кәріз желілері бойынша да іске аспақ. «Тұрғын алапта су бар. Кәріз және жарықтандыру желілері бойынша жұмыс жыл соңына дейін аяқталады. Биыл жоба бойынша жоспарланған 63 шақырым электрмен жабдықтау желісінің соңғы 15 шақырымы салынды. Бұл жұмыстар Ауған секторындағы 164 нүктеде көше жарығын қосуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар Үркерде құрылыс үшін резервтік электрмен жабдықтау желілері жобалануда. Келесі жылы біз жеке секторды газдандыруға кірісеміз. Бүгінгі күні газ құбырының құрылысы аяқталып, 2 газ реттеу пункті орнатылды. Сонымен қатар жақын маңда кәріз тазарту стансасының құрылысын бастау жоспарланған еді. Алайда тұрғындармен диалог барысында қала әкімінің шешімімен жобаның құрылысы тоқтатылып, стансаның орнын ауыстыру мәселесі қаралып жатыр. Сондай-ақ Үркерде барлық жерде магистральдық орталық кабельдер салынды, енді көшелер арасында салу жұмыстары жүргізілуде. Өтінімдер мүмкіндігінше пысықталып жатыр», – деді бас инспектор.

Тұрғын үй алабында қазір газдандыру жобасы жұмыс істеп жатыр. Мемлекеттік сараптама қорытындысы шамамен келесі жылдың қаңтарында дайын болады. Одан кейін конкурс өткізіліп, жұмыс басталады. Жоба құны алдын ала есептеулер бойынша 5,1 млрд теңге. Сонымен қатар Үркерде көше жарығын жөндеу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Биыл 480 ЖКУ шамдарын жарықдиодты шамдарға ауыстыру жоспарланған. Сонымен қатар жыл соңына дейін шамдары бар 40 дана темірбетон тіректері орнатылады. Тұрғын үй алабының дамуына жергілікті тұрғындардың көңілі толуда. Тұрғындар ылғи мүмкіндіктің мол екенін, проблемалардың тез шешілетінін алға тартады.

Мысалы, Жанат Серимова Үркерге отбасымен бірге екі жыл бұрын көшіп келген. «Біз отбасымызбен Үркерге осыдан 2 жыл бұрын қаладан көшіп келгенбіз. Ауасы таза, жазда да қыста да өмір сүруге қолайлы. Тек кәріз тазарту стансасының құрылысы жүргізілмесе дейміз. Өйткені жағымсыз иіс бар жерде ешкім тұрғысы келмейді ғой. Ал басқа жарық, су сияқты мәселелер жоқ. Тіпті кейде қалада су болмай жатқанда бізде су болады. Жақында дене шынықтару сауықтыру орталығы ашылды. Мұнда тегін үйірмелер бар. Өзіңіз көріп тұрғандай, скандинавиялық жүріске осылай топ болып шығамыз. Адамдар ерінбейді, бізде осындай кешен ашылғанына қуаныштымыз», – деді жергілікті тұрғын.

Жанат Серимованың айтуынша, мектеп, емхана, спорттық кешеннің жұмыс сапасы өте жақсы. №12 қалалық емхана тұрғын алап тұрғындарына медициналық көмек көрсетеді. Емханаға қазіргі таңда 33 848 тұрғын тіркелген. Оның ішінде 0-14 жастағы балалар – 11071, 15-17 жастағы жасөспірімдер – 1264, 18 жастан асқан ересектер – 21513, жүкті әйелдер – 323 адамды құрайды. Емхана бойынша барлығы 20 учаске бар және мамандармен 86%-ға қамтылған. Бұдан бөлек, күндізгі стационар және мамандандырылған көмек бөлімшесі тынымсыз жұмыс істеуде.

Десек те, тұрғын үй алабында шешілмеген түйткілді мәселелер де жетерлік. Соның бірі – қоқыс шығару мәселесі. Себебі көшенің көбінде қоқыс алаңдары абаттандырылмаған. Бас инспектордың мәліметінше, биыл тұрғын алапқа 160 қоқыс контейнері орнатылған. Жыл соңына дейін тағы 70 контейнер алаңы абаттандырылмақ.

«Биыл Үркерде 5 көшенің құрылысы аяқталды. 27 көшеде 45 000 м2 тротуар салынды. 2024 жылы 17 көшеде жаяу жүргіншілер жолының құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Барлық жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қылмысты азайту мақсатында тұрғындардың өтініші бойынша 66 бейнебақылау камерасы орнатылды. Сондай-ақ көлік ағыны мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін келесі жылы қозғалыс қарқынды 8 бағдаршам нысанын орнату жоспарлануда. Айғыржал көшесіндегі екіұшты кейс туралы бәріміз білеміз. Осы жылдың шілдесінде бұл алаң ауданның балансына көшті, сондықтан енді ағаштарды күтіп-баптау және суару уақытында жүргізіледі. Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасымен бірге ағашты отырғызу мәселесін пысықтаймыз. Биыл орталық Исатай батыр көшесі көгалдандырылды, онда бұрын жасыл желектер болмаған. Алдағы уақытта көше бойында 650 ағаш, яғни қарағаш пен алма ағашы және 1 626 дана ұсақ жапырақты қара ағаш отырғызамыз. Келесі жылы тұрғын алаптың ішінде көгалдандыруды жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда 2 қоғамдық кеңістік бар», – деді Жарқын Айтжанов.

Аймақтың әлеуеті артса, әлеуметтің жағдайы оңалатыны анық. Астана — елеулі демографиялық әлеуеті бар миллионнан астам тұрғыны бар қала. Бүгінгі мемлекеттің алға қойған басты талабы да қаланың орталығын ғана емес, шет жағындағы тұрғын үй алаптары мен шағын аудандардың да әлеуетін арттыру, сапасын жақсарту. Үркер тұрғын үй алабы да өзінің дамуын жүйелі түрде жалғастыра бермек. 

    Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ

       Астана қаласы