Үш «полчан»

(әңгіме)
Үшеуміз түйдей құрдаспыз. Биыл алпысқа шықтық. Сонау сексенінші жылдың күзінде біздерді табыстырған Украина жері еді. Ол кезде он сегіз жастағы қылшылдаған жігіттерміз. Несін айтасың, жас бөрідей албырт едік. Енді, міне, кәдімгідей етжеңді кісі болып, ақсақалдықтың үзеңгісіне аяқ салып қалыппыз. Шашымыз сиреген, сақал-мұртымыз ағарған. Асықпай, баяу қимылдайтын байсалдылық бар.
Күнпарақ бетіндегі күз мезгілінің алғашқы күнінде айнымас үш дос Алматыда шұрқырасып кездестік. Бұл кездесудің жайын бір жыл бұрын ойласқанбыз. Ұсыныс Ерліктен шыққан еді. Қыркүйек айының соңында ол маған арнайы жолығып:
– Оу, жігіттер! «Дембель – 82», «РВСН – 1980-1982. Украина». Ұмытып кеткен жоқсыңдар ма? Келесі күзде Украинадан оралғанымызға қырық жыл толады. Соған орай бірге қызмет еткен полчандармен кездесу өткізейік. Ахтыркада бас қосайық бәріміз. Өзіміз болмасақ кездесуді кім ұйымдастырады?– деп ерекше құлшыныс танытты. Оның ұсынысы менің көңіліме қона кетті. Тек Канадада тұрып жатқан үшінші «полчанымызды» ойлап:
– Дарханға айтсақ, келер ме екен? Алыс шетелде жүр ғой,– дегем.
Бірнеше күннен кейін Ерлік маған телефон соғып:
– Дарханмен сөйлестім. Қырық жылдық кездесу туралы естігенде қатты қуанды. Бізді сағынып жүр екен. Келетін болды,– деп сүйінші хабар жеткізді. Бұл былтырғы әңгіме.
Украинаның Сумы облысындағы Ахтырка қаласында Кеңес әскері қатарында екі жылдық борышымызды өтеп қайтқанымызға биыл тура қырық жыл болды. Біз стратегиялық мақсаттағы зымырандар әскерінде (РВСН – ракетные войска стратегического назначения) қызмет еттік. Бүкіл адамзаттың зәресін ұшырып, күллі дүниені дүрліктіріп отырған ядролық оқтұмсықтар бізден қалған. Ол зымырандар ит тұмсығы батпайтын қалың жынысты, қарағайлы орманның ішінде, жеті қат жердің астында, ерекше құпия жағдайда сақталатын. Аса құпия әскерде болғандықтан, екі жыл бойы қалың орманнан шықпадық. Сол екі жылда біз үшеуміз туғаннан артық бауыр басып, өмірбойы бірге болмаққа серттескенбіз.
Дархан – Батыс Қазақстан облысының Жымпиты ауданынан, Ерлік – Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданынан, мен – Оңтүстік Қазақстан облысының Төле би ауданынанмын. Үшеуміз үш қияннан болсақ та бір туғандай сырласып, оңаша сәттерде туған жерімізді, туған елімізді, Қазақстанды айтып тамсанатынбыз. «Шіркін-ай, туған елдің құшағына не жетеді!» деуші едік.
* * *
Біздің Ахтыркада кездессек деген ойымыз іске аспады. Импершіл Ресейдің қанқұйлы басқыншылық саясатының кесірінен ақпан айында Украинада соғыс басталып кетті. Ол соғыс әлі жүріп жатыр. Осыны ескеріп, тым болмаса үшеуміз Алматыда жолығайық деп келіскенбіз.
Сағынысқан достар жыл аралатып бас қосқанда жас кездегідей мейрамханаға барып, сыра ішіп, сыр ақтаратын әдетіміз бар еді. Бұл жолы да сол дәстүрді бұзбадық. Қаланың орталығындағы әйдік мейрамхананың төрінен орын алдық. Құшақ жая кездесіп, амандық-саулық сұрасқан соң тобылғы түстес сусыннан дәм тата отырып, әжік-күжік әңгіменің көрігін қыздырдық.
– Сол кезде жаспыз ба, әлде ақымақпыз ба? Қазір ойласам төбе шашым тік тұрады,– деді Дархан әлден соң әскердегі жылдарды еске алып,– Семейге, сынаққа барамыз деп өлердей ұмтылушы едік қой.
– Айтпа,– деп Ерлік оның сөзін жалғап әкетті.– «Өлетін бала молаға қарай жүгіреді». Ядролық сынаққа қатысамыз деп жүрміз ғой сонда.
– Ақымақтық та бар, албырттық та бар. Бәрінен бұрын Қазақстанға деген сағыныш бар еді,– деп мен әңгімеге араластым, – Туған ел дегенде жанымызды аямайтын жаста едік. «Сендер басқа ротадансыңдар, тек батареядағылар барады» деп бізді ол топқа қоспайтын. «Қазақтың жерін бір көріп қайтсақ-ау» деген арманымыз көкірегімізде қыжылдап қала беретін. Сол сынақтарға бізді апармағаны дұрыс болған екен. Сынаққа қатысқандардың енді сүйегі де қалмаған шығар. Тікелей ажалдың аузына айдапты.
– Бізді бір Құдай қаққан шығар. Семейге сынаққа барған жігіттердің әскерден қайтқанша шаштары түгел түсіп қалатын. Талайын көрдік қой. Бүгінге дейін бірі де қалмады-ау.– Дархан күрсінді.
– Естеріңде ме, әр дивизион жыл сайын екі рет сынаққа баратын. Енді есептей беріңдер,– дедім мен,– Бір полкта алты дивизион бар, бір дивизияда бес полк бар. Бір дивизияның өзі Семейге жылына алпыс ракета апарады екен. Ал ракеталық дивизия деген көп. Сонда Семейдің даласында жыл сайын жүздеген ядролық оқтұмсық жарылып жатқаны ғой. Не деген сұмдық десеңші!
– Қайран жер! Қайран дала! Басқа жер құрып қалғандай, ядролық қаруды сонау Украинадан, Қиыр Шығыстан Семейдің жеріне апарып сынайтынын қайтерсің? Кеңес үкіметі ойына келгенін істеген. Қазақ жері қаншама зардап шекті. Бұның ақиқатын іздеп жатқан адам бар ма өзі? – Ерліктің жаны күйгендей болды.
– Бар. Медеу Сәрсеке ағамыздың «Семей қасіреті» деген кітабы шықты. Қасіреттің қоясын қопарып, бұлтартпас тарихи құжаттармен дәлелдеген. Кінәлі адамдарды көзінен тізгендей етіп су бетіне шығарыпты. Сол тұстағы Мәскеудің саясатын, Семей даласындағы ядролық сынақтардың орасан зардабын айқын деректермен, нақты цифрлармен әшкерелеген. Оқысаң, қасіреттен жылағың келеді. Сендерге сол кітаптың бір-бір данасын тауып берейін. Оқып шығыңдар. Көп ақиқатқа көздерің жетеді.
– Жақсы болар еді,– деді Дархан орнынан қозғалақтап, Семейдің қасіретін жүз жылда да айтып тауыса алмаспыз. Айтпақшы, тағы бір қасірет – Ресей әскерлері біз қызмет еткен Сумы облысының күл талқанын шығарып, Ахтырка қаласын жермен жексен етіпті.
– Ахтырка! Ахтырка! Соғысты қарғыс атсын! Қандай ғажайып қала еді?! Табиғатты айтсайшы! Мүлгіп тұрған қалың орман. Бәрін тып-типыл етті деп жатыр. Әй, иттер-ай!– Ерлік қолын бір сілтеді.
– Хахлушкалар қандай сұлу еді, ә!– дедім әзілдеп. – Негізі украиндықтар сұлу халық қой. Адамгершіліктері әлдеқайда жоғары. Олардың кейбір мінездері біздің қазаққа ұқсайды. Жомарттығы, дархандығы, кеңпейілділігі, әділдігі. Момындығы да бар.
– Дегенмен рухы мықты халық екен. Бір жұдырық болып жұмыла алғандарына ризамын. Олар енді өз отанын азат етпей қоймайды. Елдіктің де, ерліктің де, бірліктің де үлгісін көрсетіп жатыр.– Дархан сүйсінгендей сөйледі.
– Сондай бірлік бізде бар ма? Соңғы кезде мен көп ойланатын болдым. Осы жағдай біздің басымызға түссе – украиндарша қасқайып қарсы тұра алар ма екенбіз? Әй, қайдам?! Соғыс болмай-ақ бәрің жан-жаққа бытырап кеттіңдер ғой. Қазақтар жаппай шетелге көшіп жатыр. Көшу жағынан Сириядан кейінгі екінші орында екенбіз. Сирияның босқындарын түсінуге болады. Оларды да қанішер Ресей тас-талқан етті. Байғұс халық бас сауғалап қашуға мәжбүр болды. Ал енді біздің қазақтарға не жосық? Ай мен күннің аманында елден безіп кетіп жатыр, кетіп жатыр. Сонда отанды, туған елді кім ойлайды?– дедім мен күрсініп. Біраз уақыт үнсіз қалдық.
* * *
Менің сөзім достарымның шымбайына батады. Өйткені Дархан сегіз жыл бұрын Канадаға көшіп кеткен. Торонто қаласында тұрады. Ерлік болса осы жазда Анталияға қоныс аударды. Әудем сәт үнсіздіктен кейін:
– Туған елден бекер-ақ кеткен екенмін,– деді Дархан толық денесімен маған бұрылып. Жасылдау жанарымен жер шұқып, шүңірек көзінің айналасындағы тереңдей бастаған әжімдері білеулене қыртыстанып, реңі қызарып кетті. Домалақ жүзіне жарастыра қойған, ағы мол, жұқалтаң сақал-мұртын оң қолының алақанымен жаба сипап, тамағын кенеп қойды.– Шынымды айтсам, қатты өкініп жүрмін. Үлкен қателік жіберіппін.
– Бір жылдары бәріміз Алматыда тұрайық деп осында жиналдық. Жақын араласып жүрейік дедік. Сенің жағдайың кімнен кем болды? Қызметің дардай, мықты дәрігерсің. Бір емес екі үйің бар еді. Қалада туған-туыстарың да жетерлік. Бір күнде жиналдың да отбасыңмен бірге көшіп кете бардың. Не дерімізді білмей қалдық. Ендігі сол жаққа әбден үйренген боларсыңдар?– деп сұрадым.
– Үйренуін үйрендік-ау! Канаданың азаматтығын да алып алғанбыз. Бастапқыда бәрі дұрыс сияқты көрінген. Менің жалғыз ұлым барын білесіңдер ғой. Барлық проблема сол балам өскеннен кейін басталды.
– Оған не болды?– деп Ерлік ынтыға түсті.
– Болғаны сол… Негізі Канадаға баламның болашағы үшін көшкен едім. Біздегі білім саласының ақсап жатқанын өздерің де білесіңдер ғой. Балам мектепте дұрыс білім алса дедім.
– Жан тыныштығын да ойлаған шығарсың енді?– Ерлік сөз қыстырды.
– Ол жағы да бар. Біздің елдегі коррупциядан қажыдым. Не әділдік жоқ, не ертеңге деген сенім жоқ. Екі қолымды тас төбеме қойып, безіп кеткім келетін. Ақыр солай етуге тура келді. Бірақ ең әуелі баламның болашағын ойладым.
– Торонтода қазақтар көп пе?– дедім шын білгім келіп.
– Көп болғанда қандай! Тас лақтырсаң, қазаққа тиеді.
– Соның бәрі Қазақстаннан барғандар ма?
– Енді қайдан барады? Бәрі Қазақстаннан кеткендер.
– Оларға не көрінген? Торонтоға тұз сеуіп қойған ба?– Мен таңдана түстім.
– Әркім әртүрлі тағдырмен барады ғой. Негізінен жақсы өмір іздеп барғандар.
– Сен сияқты ауылдың қазағы ма бәрі?
– Жоқ. Көбі қалалықтар. Орыстанған қазақтар. Бірен-саран ауылдың қазағы да бар.
– Өзім де солай ойлаушы едім. Ауылдың қазағы туған жерге кіндігімен байланып өседі. Орыстанып кеткен мәңгүрт қазақтар тамырсыздау келеді. Оларға бәрібір. Көңіліңе келмесін, «Ер туған жерінде, ит тойған жерінде» деген.
Сөздің бір ұшы өзіне тиіп жатқанын түсінген Ерлік:
– Сонда қалай? Менің де ит болғаным ба?– деп сазара қалды. Ол да жас күнінен орыстанғанның біреуі болатын. Көп жыл бұрын Алматыға келіп, қазақшылыққа бет бұрған. Мен оның арқасынан қағып:
– Сен жақында ғана кеттің ғой. Сондықтан сен әлі күшіксің,– дедім әзілдей күліп. – Осы бетіңмен кетсең төрт-бес жылда үлкен ит боласың. Ит болмай тұрғанда елге қайтсаңшы. – Үшеуміз қосыла күлдік. Сөзім ауыр болса да, әзілдеп айтқанымды достарым түсініп отыр. – Сонау Америкада қалып қоймай, мен де қайтып келдім ғой. Сен де қайт. Не бар саған Түркияда?
– Америкада қалатын жағдай болып па еді?– деп сұрады Дархан.
– Сондай ұсыныстар болған. Бірақ менің қалғым келмеді. Мен үшін Америка біздің елдің тырнағына да тұрмайды. Солай деп санаймын. Мына Алматыны Лас-Вегасқа да айырбастамас едім.
– Баяғы патриоттығың әлі қалмапты ғой. Америкада қалсаң, екеуміз араласып тұратын едік. – Дархан шын көңілмен айтып отыр. – Сені Канадаға көшіріп алар едім.
– Канадаңды өзіңе бердім. Сол жақта сендер-ақ өсіп-өне беріңдер. Мен Алматымнан ешқайда кетпеймін. Ғашықпын осы қалаға! Мұнда өмір сүріп, еңбек етудің өзі – зор бақыт қой!
– Жаңағы айтып отырғаның қандай проблема? Балаң өскен соң не болды?– деп сұрады Ерлік Дарханнан.
– Иә, біз үшін үлкен проблема болып тұр. Балам мектепті бітіргеннен кейін Қазақстанға, отаныма кетемін деп шықты.
– Кетсе не бопты? «Отан оттан да ыстық» деген. Өзінің туған елі ғой. Балаң сенен гөрі ақылдырақ па деймін. – Мен мысқылдай күлдім.
– Кеткенде… біржола кетемін деп… Университетті де Қазақстанда оқимын, үйленсем де тек қазақ қызына үйленем деп қиғылықты салсын кеп.
– Содан...
– Содан, былтырғы жылы Астанадағы Евразия университетіне оқуға түсті. Биыл екінші курсқа кіріп жатыр. Мен жүрмін екі ортада сандалып. Қазақстанға визасыз кіре алмаймын. Ертең Бакуге ұшамын. Визамды создыру үшін.
– Өз елімде өзім өгей баладай болып жүрмін десеңші.
– Дәл солай. Өзіме де обал жоқ. Қатынның айтқанын тыңдаймын деп… Енді, міне..
– Қой, әйеліңді жазғырма. Оның не кінәсі бар? Өзіңнің басың бар емес пе?
– Сол ғой осының бәрін бастап жүрген… Елдің бәрі көшіп жатыр, біз де қалмайық деп… Көшкенде мәз болған түгіміз жоқ. Мен елді қатты сағынамын. Маған салса, ертең-ақ қайтып келер едім.
– Сені біреу ұстап тұр ма? Келе бермейсің бе? – дедім таңданып.
– Болмайды. Маған енді кері жол жоқ. Сүйегім де жат жерде қалатын шығар?.. Жалғыз балам болса: «Канадаңа қайтып бармаймын» дейді. Ол да сен сияқты патриот болып шықты. – Дарханның еңсесі түсіп кетті. Оның баласының шешіміне іштей риза болдым. Міне, нағыз елін сүйген азамат! Дархан шынында да қатты қателескен екен деп түйдім. Оған жаным ашыды. Туған елден безініп, тура жолдан адасқан байғұс досымды аяп кеттім. Ерлікке бұрылып:
– Дарханның жағдайын көріп отырсың ғой. Ертең сен де өкініп жүрмейсің бе? – деп сұрадым.
– Жоқ, мен өкінбеймін,– деді ол кесіп айтып. – Өкінер болсам, көшпес едім. Мен Қазақстанның билігіне өкпелімін. Мұндағы саяси жүйеге наразымын. Өзің білесің, қаңтар оқиғасы кезінде екі ұлымнан бірдей айырылып қала жаздадым. Жазықсыздан жазықсыз екеуін де түрмеге қамады. Денсаулығын құртты. Итшілеп жүріп, әрең шығардым. Қаншама адам бейкүнә боздағын жоғалтты. Олардың жүрегіне түскен жараны кім жазады? Оны ойлап жатқан адам бар ма билікте? Жоқ. Бұлай болмайды. Біз әділетсіз Қазақстанға енді келмейміз деп шештік. Заман түзеліп, оң өзгерістер болып жатса көрерміз.
– Қатты өкпелепсің ғой, досым. Бір рет таяқ жедім екен деп жұрттың бәрі көше берсе мына елде кім қалады?– дедім мен оның көзіне тура қарап,– Түркияға көшіп кеткен қазақтар тым көп дейді. Сендер барған жерде қалай? Шынында да көп пе қазақтар?
– Біз Анталияның маңындағы Алания деген қалаға орналастық. Теңіз жағасындағы курортты қала. Қателеспесем осы жылы Аланияға көшіп барғандардың басым көпшілігі қазақтар. Көшеге шықсаң болды, қазақтарды кездестіресің. Кейде өзіңді Қазақстанда жүргендей сезінесің. Аланиядағы қазақтар бір-бірін қонаққа шақырып, құда-жекжат күтіп, мәре-сәре боп жатқанын талай көрдім. Азық-түлік біздегімен салыстырғанда көп арзан. Киім-кешек те солай. Электр жарығы да. Бір сөзбен айтқанда, өмір сүруге өте қолайлы.
– Әйтеуір жанға жайлы жер іздеп, бәрің жан-жаққа кетіп жатырсыңдар. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген. Жағдайы бар қазақтың бәрі көшіп кетсе, мына елде өңкей аш-жалаңаш құл-құтан қала ма? Сонда Жаңа Қазақстанның әлеуетін кім көтереді?
Тереңірек ойланып едім, өз сұрағымнан өзім шошыдым. Қазақ эммиграциясы жыл сайын қарқын алып барады. Жәй қазақ емес, өңкей білімді, қабілетті мамандар кетіп жатыр. Бұл – өте қауіпті тенденция. Ұлттық демография онсыз да дімкәстанып отырғанда – қазақтың жас-кәрісі тарыдай шашылып, елден безіп кетіп жатса, қайбір жақсылық дейсің… Мысалы, мына Ерліктің өзі – микробиология саласының майталман маманы. Тозған топырақты құнарландыру жолында көптеген жаңалықтар ашты. Оның миын енді түріктер пайдаланады. Ерліктің үлкен ұлы – телекоммуникация инженері. Қазіргі байланыс саласының ұңғыл-шұңғылын толық меңгерген маман. Кіші ұлы – ІТ саласының білгірі. Әйелі мен қызы ағылшын тілінің мамандары. Бір отбасы көшкенде елден бес маман кетті. Өкінішті.
Есесіне Ресейден қашқан орыстар қаптап келіп, төрімізге жайғасып жатыр. Ақпарат көздерінің айтуынша, соңғы үш айда біздің елге алты жүз мыңға жуық ресейлік азамат келіпті. Бұл бір облыс халқының саны. Ай сайын екі жүз мың орыс келіп жатыр деген сөз. Өте қауіпті құбылыс. Жаңа Қазақстанды солар жасай ма?
– Әй, Темке! Қатты ойланып кеттің ғой, – деген Дарханның жуан дауысы менің ойымды бөліп жіберді.
– Қатты ойланбасқа болмай тұр-ау, – дедім күрсініп.
– Ойлан! Ойлан! Адамға бас не үшін берілген? Бірақ сен ойланғанмен көп нәрсе өзгермейді. Өмір өз жолымен көше береді. Кім еді әлгі?.. Бір мықты ақынның сөзі бар еді ғой: «Ойды ойлаған кісі әуре, ойланбасаң іс әуре» дейтін. Так что, көп күрсіне берме. Кел, оданда сыра ішейік. – Ерлік бокалын көтеріп, соғыстыруға ұмсынды.
– Пәлсапаны соғасың, әйтсе де, «ойланбасаң іс әуре» дегенің дұрыс-ақ,– дедім мен. – Ойланайық жігіттер! Отан туралы, туған елдің болашағы туралы ойланайық!
Біз ұзақ отырдық. Көңілдерде қимастық сезім бар. Қоштасарда Ерлік тебіреніп, менің қолымды қысып тұрып:
– Анығын айтқанда туған елдің құшағына не жетеді? Қайда жүрсек те Қазақстан біздің жүрегімізде. Біздің басқа Отанымыз жоқ. Сын сағат соқса, жетіп келеміз. Саған уәде беремін! – деді. Оған да шүкір! Бірақ кім білсін?..