Ұшады қыран бүркіт аспанменен...
Елімізде құстар класынан жыртқыш құстардың отряды сұңқартәрізділер және жапалақтәрізділер деп екіге бөлінеді. Сұңқар тәрізділердің 39 түрі кездессе, жапалақтәрізділердің 13 түрі ұшырасады.
Жыртқыш құстар – дене мөлшері сан алуан: 35 грамнан (титтей сұңқар) 12 келіге дейін (тазқара, құмай) жететін, 270-290 түрді біріктіретін құстар отряды. Жыртқыш құстардың тұмсығы ілмек тәрізді болады. Тұмсықтың түбінде тақыр, ашық өңді тері – балсірі бар, танау тесіктері соған ашылады. Тұмсығы өткір және тұтқыр тырнақтарымен бірге құстың олжасын аулап, өлтіретін негізгі құралы болып саналады. Жыртқыш олжасын жүні, қауырсыны және сүйектерімен қоса жейді. Сосын жеуге жарамсыз бөлікті лоқсып, былықпа түрінде құсады. Негізінде күндіз белсенді өмір сүреді, жемін аулайтын жыртқыш құстар онша көп емес. Моногамиялы, яғни жұбы бірнеше жылдар бойы тұрақты болады, алайда көбінесе жылма-жыл көбеймейді. Балапандары жұмыртқадан жарып шыққанда мамықтанып, көзі ашық болады да, ата-енесінің қамқорлығын қажет ететіні әдебиет көздерінде дәлелді келтірілген.
Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында ресми құжат бойынша 198 құс түрі кездеседі делінген. Дегенмен тіршілік атаулының ішінде олардың өте қатты жылжымалы екенін ескерсек, аталған санның өзгеруі мүмкін. Десек те, солтүстік Тянь-Шань тау сілемдерінде осыған дейін көптеген зерттеушілер еңбектеніп, өз зерттеулерін қалдырған. Деректердің тұрақтылығы байқалады. Соның ішінде жыртқыш құстардың 36 түрі (қаршыға, бидайық, жағалтай, қырғи, кезқұйрық, жамансары, тазқара, құмай, ақбас құмай, үкі, маубас жапалақ, т.б) тіркелген. Олардың 6 түрі (бүркіт, құмай, үкі, бидайық, лашын, т.б) Қазақтанның Қызыл кітабына кіреді. Ал құс төресі бүркіт жайында толғанып көрейік.
Бүркітті ата-бабаларымыз ежелден қолға үйретіп, аңшылыққа пайдаланғаны мәлім. Ата кәсіп саятшылық өнердегі жыртқыш құстар арасынан орны ерекше екені де белгілі. Қазіргі таңда ұлттық спорт қатарына кіретін саятшылық өнерге осы құс түрін баулитындар қатары да көбеюде. Қазақ халқында қырандарды, сұңқарлардың тіршілігін танып-білуге олар жайында кеңінен мағлұмат беретін қайнар көздер (Әлкей Марғұлан, Жағда Бабалықұлы зерттеулері мен жазбаларында) жетерлік. Әйтсе де, бүркіттің Республиканың біршама өңірінде кездескенімен, көп аймақта аз ұшырасады.
Көптеген антропогендік факторлардың да әсері бар. Мәселен, ұялау кезіндегі мазасын алу, балапандарын ресми рұқсатсыз ұядан алып қолда асырау, жыртқыш аңдардың санын азайту барысында жолында кездесе қалса қасақана ату, т.б. Бүркіт (Aguila chrysaetos) – саны азайып бара жатқан Қазақстанның Қызыл кітабына кіретін сұңқартектестер отряды (Falconiformes), қаршығатектестер тұқымдасы (Accipitridae), қырандар туысына жататын (Aguila), ішіндегі көлемі (салмағы 6 келіге жуық, қанат құлашының ұзындығы 2,5м) ірі болып келетін жыртқыш құс. Жалпы қырандар тұмсығы мықты және күшті аяғы бар, тілерсегі саусағына дейін барлық жағынан қауырсынданған, ірі және орташа құстар. Ұрғашылары еркектерінен үлкендеу, ал реңдерінде айтарлықтай айырмашылық жоқ. Жасанған сымбатты ірі құсқа айналу үшін балапандары түлеу арқылы біртіндеп реңдерін өзгертіп отырады.
Қазақстанда бүркіттердің 4 түршесі тіркелген екен. A.ch.chrysaetos, A.ch. kamtschatica, A.ch. homeyeri, A.ch. daphanea. (Беркінбай Омархан; Орнитология; Алматы. «Жібек жолы» 2008 ж.) Негізінен отырықшы құс. Наурыз-сәуірде жұмыртқалайды. Ұяда 1-2 жұмыртқа болса, аналығы 40-45 тәулік бойы шайқайды. Балапандар ұяда 75 тәуліктей болады және 10-27 шілде аралығында ұшып шығады. (ҚР Қызыл кітабы 1-том. 2010 ж.).
Іле Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі және Алматы мемлекеттік табиғи кешенді қаумалы аумағында қазіргі таңда бірнеше ұялары табылған. Оларға жыл сайын мониторинг жасалынып, бақыланып отырады. Әр ұядан балапан байқалып отырған. Парк аумағында бүркіттерді тау белдемдерінің жыл маусымына орай әртүрлі биіктіктерінде байқауға болады. Мәселен, Алматы мемлекеттік табиғи кешенді қаумалы аумағындағы тасты шатқалдарда 2020 жылдың күз маусымының екінші айында жануарларға кезекті санақ барысында дәл сол күні әр нүктеден 50-реттен аса бүркіт байқалған. Себебі қаумалға қарасты сол шатқалдарда кекілік, толай қоян, сібір тауешкілері біршама болғандықтан, бүркіттердің де қорек үшін сол маңды торуылдап, әуеде ұшып жүруі заңдылық.
Ұлттық парктегі қылқанды орман белдемі (шырша) орналасқан кейбір тік тасты шатқалдарда қалықтап жүрген бүркіттер кездеседі. Кейбірінің салыстырмалы түрде төмен болса да (теңіз деңгейінен биіктігі 2000 м шамасындағы) ұя салып, балапан өрбіткен орындар белгіленді.
Сол аймақта қырғауыл, елік, марал, т.б мекендейді. Ал альпі зонасындағы биік құз-жартастарда сібір тауешкісі, гималай ұлары, сұр суырлар көптеп мекен ететін аймақтарда әуеде қанатын кең құлаштап, көк аспанда қалықтаған қырандарды көріп, керемет жаратылыс иесінің әрбір қимыл қозғалысына тек таңырқап қана тұрасың. Ал қыс мезгілдерінде төмендеп, жалпақ жапырақты орман алқаптарының үстінде қанат қағып жүреді. Кейде алма, долана ағаштарында қонып отырғанын көруге болады.
Дегенмен кейбір шатқалдарда орналасқан ұяларының арасында қатарынан 3 жыл балапан баспағандары байқалды. Мәселен, Ақсай сайындағы ұясы бос тұр деп айтуға болады. Себебі аталған шатқалда Ақсай өзеніне мемлекеттік деңгейде су бөгеті (плотина) тұрғызылуда. Ауыр автокөліктер құм-тас тасып, шатқалдың ішінде гүрілдеген дауыстар шығарып, арлы-берлі ағылуда. Соғылып жатқан нысанның ұя орналасқан жерге бір шақырымға жетпесе де, осының жанама әсері болғаны сөзсіз. Кей жағдайда қаскөйлер тарапынан тұяқтылар (тауешкі, елік төлдері) мен тауықтәріздес (ұлар, кекілік, қырғауыл, құр) құстарға шексіз зиян келтіреді деп, жолында кездескен бүркітке қару кезенеді-міс. Бірақ ондай фактілер тіркелмеді. Балапанын ресми орындардың рұқсатынсыз ұядан алуға да болмайды.
ҚР жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасын бұзумен келтірілген зиянның орнын толтыру мөлшері бойынша бүркітке тигізген зиян негізінде 400 айлық есептік көрсеткішпен өлшенеді. Қызыл кітапқа енгізілген түрлерге жататын жануарлар, сондай-ақ ғылыми мақсаттарда пайдаланудан басқа, пайдалануға тыйым салынған түрлер: әрбір заңсыз жойылған (бүлдірілген) жануарлардың мекен ететін ұясы, іні, апаны және басқа да баспаналары үшін келтірілген нұқсан 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде өндіріп алынады; Әрбір заңсыз алынған (жойылған) жұмыртқа, сондай-ақ әрбір заңсыз алынған немесе жойылған сүтқоректілер аналығының ұрығы үшін жануарлардың осы түрінің ересек дарағы (аналығы) үшін келтірілген нұқсанды өтеу мөлшерінің 50 пайызы (айлық есептік көрсеткішпен) өндіріп алынады. Бүркіттерді, жаздың соңы мен күз айларында Ұлттық парктің шатқалдарына кірген жерден бастап әуеде қалықтаған жас балапандарын байқауға болады. Бұл – енді ұшып жүріп жем іздегендері.
Ал дәл ұя орналасқан жерде оларға міндетті түрде тыныштықтың қажет екені белгілі болды. Сонымен қатар Қаскелең шатқалындағы орналасқан ұядан да бүркіт ұябасарының белгісіз себептен балапан шығармағаны байқалды. Орман шаруашылығы саласында бірнеше жыл жұмыс істеген қызметкерлердің айтуынша, олардың екі-үш ұясы болатын көрінеді. Сондықтан да қоректің болуына байланысты, мазасыздық фактордың аз болуына орай, ыңғайлы жағына балапан басады. Ұлттық парк аумағында биылғы балапандары қара күздегі бақылау барысында әуеде ата-енесіне жақын маңда ұшып жүргендерін бірнеше рет байқадым. Олар Үлкен Алматы шатқалында, Казачка шатқалында тіркелді. Сондай-ақ Қаскелең шатқалындағы ұя маңайында 2021 жылдың желтоқсан айында екі бірдей бүркіттің қайшыласып ұшып жүргенін көргенбіз. Шамасы шәулісі мен ұябасары секілді. Содан бері әр жыл сайын бақыланып отырады. Әсіресе бүркітті көктемде таудың қары жаңадан ери бастап, ойдым-ойдым болып, жер қарайған алаңқайлардан кездестіру әбден мүмкін.
Алматы мемлекеттік табиғи кешенді қаумалының аңшылықтанушысы Дәулет Қуандықовтың байқағанындай, тасқа тасаланып қонып отырған бүркіт інінен ұзаған суырды арындап келіп іле бүріп, қардан шығармай ұстайды. Себебі қара жерге аяғы ілінген суыр ұстатпай зымырап, інге қойып кетеді. Ұлар мен тауешкі лақтарына да бүркіттен келетін қауіп жоғары. Ұлттық табиғи паркте санақ бойынша 94 дарақ бүркіт тіркелген. Еліміздің көк туында бейнеленген ашық аспанда еркін самғаған алып бүркіттердің, табиғи байлығымыз жануарлар дүниесіндегі орны ерекше. Халықтың көпшілігі, мемлекеттік рәміздегі (ту) бейнесіндегі қыранды дала қыраны мен бүркітті салыстырып шатастырады.
Дала қыраны, қыранқара (лат. Aquila nipalensis) – сұңқартәрізділер отрядының қаршығатектестер тұқымдасына жататын жыртқыш құс. Дене тұрқы 60-85 см, қанатының ұзындығы 51-65 см, салмағы 2,7-4,8 келі. Шәулісі (еркегі) ұябасарынан кішірек түсі қара қоңыр, желкесі жирен, тұмсығы қара сұр, тұяғы қара, аяғы сары. Дала қыраны бүркіттен кішірек, далалы, шөлді аймақтарда мекен етеді. Дала қыраны ұясын жерге, жартастарға, сирек те болса ағаш басына салады. Ұсақ сүтқоректілермен, жорғалаушылармен қоректенеді (Интернет материалы). Сонымен қатар дала қыранын қолға үйретіп, аңға салмайды.
Бүркіт – адамның сенімді серігіне, досына бағаланған. Көк туымызда айбарлы тау бүркіті бейнеленген деп топшылаймыз. Ұлттық паркте ұялау орындары нақтыланып, қосымша іздестіріліп, мониторингтік бақылау жұмыстары атқарылуда. Ұлттық нышанға бағаланған көкте еркін самғаған, зәулім құз-жартаста ұялайтын құс төресін қорғайық.
Тұңғышбек Жапарқұлов
Іле Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ғылыми қызметкері