Ұшқышсыз ұшатын ұшақтарды қалай игереміз?

Заманауи қажеттіліктерге байланысты қарулы күштерді, елдің қорғаныс қабілетін дамыту керектігі жиі айтылады.
Бұл орайда арнайы техникалардың, жаңа технологиялардың маңызы зор екені айтпаса да белгілі. Соның ішінде ұшқышсыз ұшатын технологияларды енгізу мен оларды қолдануға ден қойылуда. Сәйкесінше, тиісті мамандарды даярлау қажеттілігі де артып отыр.
Бұл орайда әуе қорғанысы күштерінің ҰҰА мамандарын даярлау орталығында ұшқышсыз ұшатын аппараттарды басқару бойынша мамандарды оқыту курсы өтпек. Болашақ ҰҰА операторлары бұл құрылғының теориялық негіздерін және олардың материалдық бөлігін зерделейді. Сынақтар тапсырған соң білім алушылар ұшқышсыз ұшу аппараттарын алғаш рет өздері басқарып, ұшыратын болады. Қарулы күштердің қатысуымен өткізілетін оқу-жаттығулар мен іс-шараларды қамтамасыз ету барысында ұшқышсыз ұшу аппараттарымен жұмыс жасауда мол тәжірибесі бар білікті мамандар сабақтарды жүргізеді. Бес жыл ішінде бұл орталық жүзден астам әскери қызметші дайындады. Алғашқы біліктілігі бар мамандар бүгінгі күні әскери бөлімдерінде өздерінің білімдерімен бөлісіп жатыр. Өткен жылы курстық дайындыққа алғаш рет зымыран әскерлері мен артиллерия өкілдері де тартылған. Онда ұшқышсыз ұшатын құрылғыларын барлау мақсаттарына, атысты бағыттауға және оқ атуды түзетуге кеңінен қолданылады.
Ал жақында Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының, Азаматтық авиация академиясының, Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің және Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің оқытушылары ұшқышсыз басқарылатын аппараттардың операторлары мен техниктерін даярлау мәселелерін талқылады. Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі берген мәліметтерге сүйенсек, тәжірибе алмасу барысында кездесуге қатысушылар оқыту бағдарламаларын қарап, дамып келе жатқан аталмыш сала мамандарын даярлау, оқытудың сапасын арттыру жолдарын қарастырып, перспективаларды нақтылаған. Ұшқышсыз басқарылатын аппараттармен жұмыс істеудің практикалық аспектілеріне, оған қоса әртүрлі салаларда қауіпсіздік пен технологияны тиімді пайдалану мәселелеріне тоқталған.
«Ұшқышсыз басқарылатын құрылғылардың тілін, қолданысын, жіті білетін мамандар даярлау ісін дамыту қажет. Себебі бұл өте керекті кадрлар. Осы мақсатта заман талабына және шынайы сұраныстарға сәйкес келетін білім беру бағдарламасы қажет. Ол үшін тиісті мекемелер арасындағы байланыс нығаюы керек», – дейді Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты арнайы пәндер кафедрасының бастығы, подполковник Қайыртай Исабаев.
Басқа қатысушылар болса әртүрлі оқу орындарындағы білім беру бағдарламаларының айырмашылықтарын айтып, келісілуі керек тұстарды белгіледі. Бұдан бөлек, ресурстарды біріктіру жайы да сөз болды.
Еске сала кетейік, биылғы ақпанда әуе қорғанысы күштерінің әскери бөлімінде қазақстандық кәсіпорындар жасап шығарған, біздегі қарулы күштердің қажеттіліктері үшін арнайы әзірленген ұшқышсыз ұшатын аппараттардың алғашқы сынағы өтті. Бұл құрылғылардың ұшу-техникалық талаптарға сәйкестігін бағалау үшін комиссия тағайындалды. Барлық ұшу техникасы заманауи бейнебақылау құралдарымен, датчиктермен, қашықтық өлшегіштермен және тепловизорлармен жабдықталған.
Балауса Ділдәбек