Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:22, 19 Қазан 2023

Үшінші мегаполис қалай дамиды?

8
Фото: из открытых источников

Үкімет Шымкент қаласын дамытудың 2035 жылға дейінгі жаңа бас жоспарын бекітті. Премьер-министр Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойды. Осылайша былтырдан бері көпшіліктің талқылауынан өткен маңызды құжат ақыры қабылданды. 

Бұл 2018 жылы республикалық маңызы бар қала мәртебесін алған Шымкенттің алғашқы бас жоспары. Үкіметтің таратқан мәліметтеріне қарағанда, еліміздегі ірі өнеркәсіп, сауда және мәдени орталықтарының бірі саналатын Шымкентті кешенді дамыту аясында тұрғын үй құрылысының көлемі ұлғаяды, жаңа өндіріс аймақтары, айналма темір жол тармағы және өткізу қабілеті тәулігіне 20 мың жолаушы болатын вокзал ашылмақ. Сондай-ақ мегаполисті жаппай көгалдандыру жоспарланған.

Бас жоспар мегаполистегі өнімділікті арттырып, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігі мен сапасын жақсартуды, отандық тауарларды шетел нарықтарына шығаруды қолдауды, қолданыстағы мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларды іске асыру аясында тиісті инфрақұрылымды дамытуды қамтамасыз ететін тиімді өнеркәсіп, инфрақұрылымдық, инвестициялық және сауда саясатын жүргізуді қамтамасыз етеді. Осы арқылы қала экономикасының салаларын дамыту жалғаспақ.

Өнеркәсіп аумақтарын жаңғырту мәселелеріне көп көңіл бөлінетін болады. Олардың аумағын 2035 жылға дейін жаңа индустриялық аймақтарды салу есебінен 5 мың гектарға ұлғайту жоспарланып отыр. Онда перспективалы 14 өнеркәсіп кластері дамитын болады.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2035 жылға қарай қаланың әлеуметтік-экономикалық салаларында 1 млн-нан астам жұмыс орны болады деп жоспарланған.

Қала шекарасы қазіргі аумағында қалады, алайда тұрғындар қаладағы тыныс-тіршілік үшін қолайсыздау аумақтардан қаланың экологиялық жағынан неғұрлым орнықты және абаттандырылған аудандарына көшірілмек. Аумақтың үштен бірінен астамында тұрғын үй және қоғамдық нысандар бой көтереді.

Сонымен қатар экологиялық тәуекел аймақтары жойылады, Бадам, Қошқарата, Қарасу және Сайрамсу өзендерінің су қорғау белдеулері мен аймақтарының жобалары әзірленеді.

Тұрғындар ақпараттық-коммуникациялық қызметтердің кең спектрін ұсынуға мүмкіндік беретін Next Generation Network технологиясын пайдаланады, мегаполисте телекоммуникациялық желілерді кеңейту және жаңғырту мәселелері де қаралмақ.

Сондай-ақ су құбырының қолданыстағы аймақтық жүйесінің өнімділігін арттыру, тыныс-тіршілік ету ортасының жайлылығын жақсарту жоспарланған.

Соңғы жылдары Шымкент қаласының аумағы көршілес аудандардың есебінен көбейді. Бір ғана Сайрам ауданының өзінен отыздан астам елдімекен енді. Шымкенттің қазіргі аумағы Алматы қаласынан да үлкен.

Шымкент қаласы әкімдігінің хабарлауынша, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің үшінші мегаполисінің даму қажеттіліктері мен алдағы уақыттағы әлеуетін ескере отырып, қаланың бас жоспарын жаңарту бойынша тапсырма берген болатын. Бұл бағытта көп жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда 116 280 гектар үлкен аумаққа заманауи топографиялық карта жасалып, 25 қабаттан тұратын векторлық форматқа түсірілді. Қаладағы қазіргі баспана қорының жағдайына барлық сипаттама бойынша терең талдау жасалды, 275 жер-кадастрлық учаске бойынша халықтың қоныстануы, әлеуметтік мәдениет нысандары және басқа да көрсеткіштер зерттелді. Шаһардың басты көлік күретамырын құрайтын негізгі көшелер мен жолдардың сызбасы әзірленді.

Қаланың жаңа бас жоспарын дайындауға мамандар екі жыл уақытын жұмсаған. Аталған құжат бойынша Шымкентте 2035 жылға қарай 1 млн 800 мың адам тұрады. Бас жоспардағы негізгі басымдық – тұрғындарға жайлы ортаны қалыптастыру. Құжатта жол, логистика, кәріз жүйесі, инфрақұрылыммен қамту мәселелері егжей-тегжейлі қаралған. Тұрғын үй қорының жағдайы, халықтың орналасу тығыздығы, әлеуметтік-мәдени нысандардың орналасуы және басқа бағыттар бойынша талдау жүргізілген. Жобаны әзірлеуде инфрақұрылым нысандарының тұрғындар үшін барынша қолжетімділігі ескерілген.

Мамандардың айтуынша, қаланың полиорталығын дамыту Шымкенттің бас жоспарының негізгі ерекшелігінің бірі саналады. Яғни қаладағы әр әкімшілік аудан, соның ішінде жаңа, бесінші аудан да өз орталығымен, саябақтарымен, бүкіл әлеуметтік инфрақұрылымымен өзін-өзі қамтамасыз ете отырып, дамитын болады. Тұрғын аудандар үшін барлық қажеттілік жаяу жететіндей жерде болады.

М.Сәулебек

Шымкент қаласы

Тегтер: