Ұстаздар күнінің тарихы қандай?
Қай дәуірде болсын ұстаздың қоғамдағы рөлі, мәртебесі жоғары. Адам жанының нәзік иірімдерін түсініп, шәкірт болмысын дөп басып танып, болашақтың бақшасына жеміс егетін де, мәуелі бақтың бағбаны да – осы ұстаздың ұлағаты, шыдамдылығы мен шеберлігі, парасаты мен даналығы.
Шәкiрттерiн бiлiм нәрiмен сусындатып, тәлім-тәрбиe беру, жақсы қасиeттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар берудe ұстaздың еңбегi зор. Осындайда Мағжан Жұмабаевтың «Алты Алаштың басы қосылса, төрдегі орын – үстаздікі» деген сөзі еске түседі. Сондықтан ба екен, ұстаздар күні де жыл сайын республика көлемінде жоғары деңгейде аталып өтетіні рас. Әсіресе соңғы жылдардағы «Педагог мәртебесі» жайлы мәселе көтеріліп, жиі сөз болып жүрген кезеңде бұл мерекенің де мәні мен мазмұны, құрметі арта түсетіні анық.
Ұстаздар күні – адамзат өркениетінің рухани биігіне жеткізген ұлы мамандық иелеріне тағзым етудің, олардың қоғамдағы орнын мойындаудың, еңбегін бағалаудың күні. Бұл мереке жыл сайын қазан айының алғашқы жексенбісінде атап өтіледі және ұстаздықтың тек кәсіп емес, адамдық борыш екенін еске салады. Ұстаз – кез келген ұлттың, мемлекеттің іргетасын қалаушы. Өйткені білім мен тәрбие – елдің ең басты капиталы, ал сол капиталды қалыптастыратын тұлға – ұстаз. Ұлттың рухани келбетін, мәдени болмысын, адамдық сапасын ұстаз қалыптастырады. Сол себепті бұл күнді тек кәсіби мереке емес, ел болашағына қызмет етіп жүрген рухани көшбасшыларға деген ризашылық пен құрметтің мерекесі деуге болады. Ұстаздар күнін атап өту дәстүрі алғаш рет 1965 жылы АҚШ-та басталып, кейін бұл бастама бүкіл әлемге таралды. 1994 жылы ЮНЕСКО ұйымы 5 қазан күнін Дүниежүзілік мұғалімдер күні ретінде жариялады. Осы дата педагог еңбегін қорғау, ұстаз мәртебесін арттыру, білім беру сапасын жақсарту мақсатында бекітілген. Бұл күннің халықаралық деңгейде белгіленуі – ұстаздық қызметтің адамзат өркениетін дамытудағы шешуші рөлін мойындау. Қазақстан да бұл дәстүрден тыс қалған жоқ. Кеңес дәуірінен бері қазан айының алғашқы жексенбісінде мұғалімдер күні ерекше атап өтіліп келеді. Тәуелсіздік алғаннан кейін де бұл күннің маңызы кеміген жоқ, керісінше, жаңа мазмұнмен байып, ұлттық рух пен мемлекеттік идеологияны ұштастыратын мерекеге айналды.
Бұл жолды таңдаған адам баланың жүрегіне жылу, ойын сәулеге айналдыруға ұмтылады. Ұстаз қолына тек кітап емес, тағдыр ұстаған. Ол шәкірттің санасын тәрбиелей отырып, оның өмірге көзқарасын қалыптастырады, адамдық болмысын шыңдайды. Сондықтан да ұлы педагог К.Д.Ушинский: «Мұғалім – өзінің білімін үздіксіз толықтырып отырғанда ғана мұғалім, ал білім тоқтаған сәтте оның ұстаздық та тоқтайды» деген. Осы ой ұстаздық еңбектің күрделілігін, мәңгілік ізденіс пен жаңаруды талап ететінін дәл көрсетеді. Әр ел ұстаздар мерекесін өз мәдениетіне сай атап өтеді. Мәселен, Жапонияда бұл күні ұстазға бұрынғы және қазіргі оқушылар бірдей тағзым етіп, оны үйіне шақырып, алғыс білдіреді. Финляндияда – білім беру жүйесінің тірегі ретінде ұстаздарға ерекше құрмет көрсетілсе, Кореяда – шәкірттер ұстаздарына қолмен жазылған хат арнап, шынайы ризашылығын білдіреді. Бұл дәстүрлердің барлығының түп мәні – ұстазға деген адамзаттық алғыстың әмбебап сипаты. Қазақстанда соңғы жылдары ұстаз мәртебесін арттыру бағытында елеулі істер атқарылуда. «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсарту, жүктемесін азайту, кәсіби беделін көтеру секілді нақты шаралар жүзеге асуда. Бұл – мемлекет ұстаз еңбегінің ел болашағына тікелей әсер ететінін түсінгенінің белгісі. Себебі ұстаз – тек білім беруші емес, қоғамды алға жетелейтін сана иесі. Оның қолындағы ұрпақ – ертеңгі елдің айнасы. Сол үшін ұстазға жасалған құрметті олашаққа жасалған құрмет деп қарастырсақ болады.