Ұйқыдағы премьердің оянуы
![Әлихан Смайлов](/static/img/image.jpg)
Қазақстанның саясат сахнасында адам ақылына кірмейтін қойылымдар болып жатады. Дін саласын басқарған адамның қорғаныс министрі болғанын, ішкі істер министрінің әкім атанғанын көрдік. Ал мұндай шытырманның шыңы – Әлихан Смайылов болды.
Екі жыл вице-премьер, екі жыл премьер-министр болған Смайылов биыл сәуірде жоғары аудиторлық палата төрағасының креслосына жайғасты. Енді ол өзі басқарған үкіметтің жұмысын тексеріп, қаржының қалай жұмсалғанын анықтайды. Яғни экс-премьер өз жұмысына өзі баға береді.
Ең қызығы, Әлихан Асқанұлы бұл жұмысқа белсене кірісіп кетті. Тіпті өз бетін өзі шиедей қылды десек те болады. Жоғары аудиторлық палатаның тізгінін ұстай сала әр саладан былық тауып, кемшілік теріп жүр. Алдымен депутаттар алдында «Қазақстан темір жолының» құрдымға кеткелі тұрғанын хабарласа, кейін ЭКСПО ғимараттары өзін-өзі ақтамағанын айтып, ағынан жарылды. Палата кейінгі 2-3 айда бірнеше облыста аудит жүргізіп, бәрінде заңбұзу әрекеті бар екенін анықтады. Сондай-ақ денсаулық сақтау министрлігі 3,7 миллиард теңгені тиімсіз жұмсағанын жариялады.
Осы тексерістердің бәрінде Смайылов жалынды сөз сөйлеп, жауапты шенділерді сынға алды. Мысалы, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға қарата «министрлік шекті бағаларды қалыптастыру әдістемесін бағаларды жүздеген пайызға көтеруге болатындай етіп әзірлеген. Баға белгілеу дұрыс жүргізілмеген. Неге бағаларға талдау жасалмайды? Бұл дұрыс емес» деп жекіді. Алматы, Жетісу, Ұлытау облыстары мен Алматы қаласы әкімінің жұмысына да көңілі толмады. Ұлытауға барғанда «облыс құрылған күннен бастап қордаланған өңірлік проблемаларды іс жүзінде шешу бойынша пәрменді шаралар қабылданбаған. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт объектілерін салу, сондай-ақ қолда бар әлеуметтік инфрақұрылымды жөндеу деңгейі төмен» деп қолын бір-ақ сілтеді.
Ең қызығы, осы аудиторлық іс-шаралар 2022 жылғы 1 қаңтар мен 2023 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы кезеңді қамтыған. Соған қарағанда Смайылов мырза өзі премьер-министр болғанда не тындырғанын білгісі келген сияқты.
Мұны аз десеңіз, биыл мамырда жоғары аудиторлық палата үкіметтің 2023 жылғы республикалық бюджетті игеру туралы есебін тексерді. Бұл есеп Смайылов үкіметті басқарып тұрғанда жасалған. Демек, тікелей өз қолынан шыққан жұмыс. Ең қызығы, соның өзінен 489 миллиард теңгенің тиімсіз жұмсалғаны анықталған.
Бірақ оның анықталғанынан еш пайда жоқ, ешкім жазаланбайды, ешкім жауапкершілік арқаламайды. Егер экс-премьердің қырағылығы аудиторлық палатаға барғанда ғана емес, сәл ертерек оянғанда, мемлекеттің мұнша қаржысы желге ұшпас еді.
Смайылов МӘМС-тен де мін тапты
Әлихан Смайылов жақында тағы бір жедел жиналыс өткізді. Онда «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ және оның өңірлік филиалдарының 2022-2023 жылдардағы жұмысына жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындысы сөз болды. Аудит әр өңірдегі 13 ұйымға қатысты жүргізіліп, 3,8 трлн теңге қаражат пен активті қамтыған.
Қор жұмысына экс-премьер бастаған аудиторлардың көңілі толған жоқ. Олардың айтуынша, МӘМС жүйесінде кемшілік көп. Атап айтқанда, жүйе мемлекетке түсетін жүктемені жеңілдете алмаған. Өйткені МӘМС-ке тіркелген 16,2 миллион адамның 12 миллионы жарнасын мемлекет төлейтін жеңілдігі бар санатқа жатады. Тағы 2 миллион адам мемлекеттік қызметте, бюджеттік ұйым немесе квазимемлекеттік секторда жұмыс істейді. Яғни қорға түсетін қаржының 76 пайызын мемлекет өзі төлеп отыр.
Екіншіден, қор қаражаты дұрыс игерілмейді. Аудит жүргізілген кезеңде жалпы 13 миллиард теңге игерілмегені анықталды.
Үшіншіден, қор медициналық қызметтердің сапасын бақылауда ұстамайды. Мысалы, Астананың өзінде МӘМС арқылы ең көп қаржы алған емдеу мекемелері талапқа мүлдем сай келмеген. Елордада МӘМС бойынша қызмет көрсететін екі мекемеге тексеріс жүргізілді, 179 мың адам тіркелген екі медициналық мекеменің жеке жұмыс орны мен медициналық жабдығы болмаған, олар жабдықты қажет кезде сағаттап жалға алатыны анықталды.
«Көбіне медициналық қызмет көрсетушілер директор мен бухгалтерден ғана тұрады және мөрі ғана болады. Ғимарат сағатына жалға алынады. Онда ғимарат иесіне тиесілі жабдықталған бөлмелер болады, ал кейде қажетті жабдықтар болмауы да мүмкін. Қабылдау сағат бойынша жүргізіледі, яғни таңғы 8-ден 10-ға дейін бір клиника, содан кейін дәрігер ауысады. Кейде тіпті ауыспауы мүмкін» деп хабарлады жоғары аудиторлық палата өкілдері.
Төртіншіден, мемлекет қаржы бөлген медициналық қызметтерге науқастар тағы ақша төлегені анықталды. Бұдан бөлек, қор шетелге көшкен азаматтарға дәрі-дәрмек рәсімдеп отырған. Сондай-ақ стационар мен амбулаториялық көмек бойынша да 29 миллиард теңге қосарланған төлем жасалған. Яғни мемлекет есебінен қаржыландыратын емге МӘМС қоры да ақы төлеген. Қор бұл бағытта да мониторинг жүргізбепті.
Аудит қорытындысы бойынша, 32 миллиард теңгеден асатын заңбұзу әрекеті мен 31,1 миллиард теңге қаражатты тиімсіз пайдалану фактісі анықталды. Осыны алға тартқан Смайылов қор басшылары мемлекет қаржысының тиімді жұмсалуын бақылауы қажет деп «ашуланды». «Қадағалауды қолмен емес, автоматтандырылған жүйе арқылы жасау керек. Көрсетілетін қызметтің сапасына, өндірістік базаның, жабдықтың, тиісті медициналық лицензия мен рұқсаттың болуына мониторинг жүргізу қажет» деді ол.
МӘМС жүйесін ерінбегеннің бәрі сынап жүргені жасырын емес. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды алғаш енгізген кезде билік қорға дер кезінде ақша төлеген адам тегін емделеді деп сендірген. Бірақ ай сайын қаражат аударып отырған тұрғындардың өзі дәрігердің қабылдауына кіре алмағанын айтып, жиі шағымданады. Ауырып, МӘМС бойынша ем алғысы келген адам кезегін 2-3 ай күтуге мәжбүр болады. Ауру мұнша уақыт күтпейтіндіктен, дерті жанына батқан науқас ақылы клиника жағалайды. Яғни халық қорға ақша аударады, оның сыртында еміне бөлек төлейді.
Смайылов басқаратын жоғары аудиторлық палатаның есебінен МӘМС жүйесінің мүлде тиімсіз екенін анық білуге болады. Бұл жүйе қаржы жымқыруға тиімді сияқты. Өйткені емханасы, қызметкері, жабдығы жоқ, тек қағаз жүзінде аты бар медициналық мекемелер МӘМС-тен мол қаржы алып отырғаны анықталып отыр. Оның үстіне МӘМС-ке 76 пайыз қаржыны мемлекет аударып отыр. Демек, мемлекет науқас адамға тікелей бөлуге болатын ақшаны қор арқылы қиыр жолға салып отыр. Медицина ғылымының докторы, профессор Жұбан Тілеубергеновтің айтуынша, бұл жүйе біздің елге тиімсіз.
«МӘМС-тің жолын неге қиындатып қойдық? Әрбір адам медициналық сақтандыру жасайды. Бірақ емделейін десе әртүрлі себепке байланысты тегін ем ала алмайды. Менің ойымша, бұл ақша жоғарыдағылардың қалтасына кетеді. МӘМС-ке ақшаны көбіне мемлекет бөледі. Ал жұмыс істеп, қорға өз қалтасынан төлейтіндердің ақшасы тиын ғана. Үкімет қаражатты мына қалтадан алып, ана қалтаға салады. Мұны ақша ұрлау үшін әдейі істейді. Стоматолог МӘМС арқылы бір адамның 52 тісін емдеді дегенді естіген едік. Бұл мүмкін емес қой. Демек, МӘМС бізге тиімсіз, оны құртпай, медицина дамымайды», – дейді маман.
Былтыр мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек денсаулық сақтау министріне сауал жолдап, МӘМС жүйесінде жемқорлық бар екенін айтқан. Депутаттың сөзінше, ауырмаған, тіпті қайтыс болған адамдардың өзі қағаз жүзінде МӘМС арқылы «емделіп» отырған. Ол медицина саласында 1 триллион теңге ұрланғанын мәлімдеді. «Биыл денсаулық сақтау саласына 2,5 триллион теңге бөлінді. Министрдің өзі депутаттарға айтқан. Өкінішке қарай, 1 триллион теңгенің қайда кеткені туралы министр осы уақытқа дейін есеп бермеді. Қайда кетті 1 триллион теңге? Қалтаға түсті ме? Кімнің қалтасына түсті?» деген еді.
Әрине, бұл сұраққа сол беті жауап табылған жоқ. Сұраусыз кеткен мол қаржы ғана емес, қорға қаржы аударса да, дәрігердің қабылдауына кіре алмай жүрген халықтың мұңы да ескерусіз қалды. Бұл сұрақ Әлихан Смайылов үкіметті басқарып тұрғанда талай қойылған, бірақ премьер оны құлағына іле қоймаған еді. Жоғары аудиторлық палатаға ауысқан соң медицина саласында кемшілік көп екен деп, жерден жеті қоян тапқандай болып жүр. Қызық.
Смайылов жаңа қызметке тағайындалғаннан бері мәжілістің жалпы отырысында бір рет, қос палатаның бірлескен отырысында бір рет баяндама жасады. Баяндамаларында ол көзіне көрінгеннің бәрін сынап, жауапты шенділердің жағасына жармасты. «Жайлы мектеп», «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» сияқты мемлекеттік бағдарламалардың тиімді орындалмай жатқанын айтқаны тағы бар.
Әлихан Смайылов депутаттар алдында «жоғары аудиторлық палатаның басшысы ретінде өз міндетіне немқұрайлы қараған бюджеттік әкімшілерден сұрау қатаң және әділ болады» деп уәде берді. Бәлкім, өткеніне бір қайырылып, бұл сұрауды өзінен бастау керек шығар? Ал оның үкіметті басқарып тұрған кезіндегі талай уәдесінің орындалмай қалғанын жақсы білетін, премьер-Смайыловтан көңілі қалған халық аудитор-Смайыловқа сенім арта қояды деу қиын. Өте қиын...
Қуаныш Қаппас