Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 08:10

«Үздік слесарь-2025»: көрінбейтін еңбек, маңызы айқын мамандық

1

Қоғамда көзге көрінбейтін, елеусіз, бірақ маңызы зор мамандықтардың шоғыры бар, солардың алдыңғы қатарында слесарь мамандығы тұрғаны анық. Өнеркәсіп цехтарындағы күрделі механизмдерден бастап, тұрғын үйлердің жылу, су және газ жүйелерінің жұмысына дейінгінің бәрінде осы мамандық иелерінің қолтаңбасы анық сезіледі.

 Слесарь еңбегі тек темірді темірге жалғаумен шектелмей, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін, инженерлік ойлау мен жоғары жауапкершілікті талап ететін күрделі қызмет ретінде қалыптасты. Күн сайын көзге түсе бермейтін бұл мамандық қоғамның тынысын ашып, қалалардың қалыпты өмір ырғағын сақтап тұруға үлес қосады, сондықтан слесарь кәсібі қарапайым еңбек ретінде қабылданбай, нақты шеберлік пен тәжірибені қажет ететін маңызды салаға айналғалы қашан.

Слесарь мамандығы уақыт өткен сайын өзінің маңызын жоғалтпай, керісінше, технологиялық үдерістер күрделенген сайын жаңа мазмұнмен толығып жатыр. Қазіргі өндірісте слесарь тек жөндеуші емес, техникалық ақаулардың алдын ала анықтай алатын, сызбаны оқып, құрал-жабдықтың жұмыс логикасын терең түсінетін маман ретінде бағаланады. Коммуналдық шаруашылықта да осы кәсіп иелері апатты жағдайлардың алдын алып, тұрғындардың күнделікті тұрмысындағы жайлылық пен қауіпсіздікті сақтауға тікелей ықпал етері анық. Осындай еңбектің арқасында қоғамда еңбек адамына деген көзқарас қайта жаңғырып, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру керек екені айқын сезіле бастады. Бұл үрдіс слесарь мамандығын насихаттауға, кәсіби біліктілікті арттыруға бағытталған бастамалардың туындауына негіз болып отыр.

Осы тұрғыда еңбек адамын дәріптеуге арналған нақты қадамдардың бірі ретінде «Үздік» жобасы аясында ұйымдастырылған «Үздік слесарь-2025» байқауы маңызды оқиғаға айналды. Байқау 2025 жылғы 12 желтоқсанда Сервис және туризм колледжінде өткізілді. Аталған іс-шара «Астана жастары» ЖРО» КММ-сі тарапынан Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен жүзеге асырылды. Бұл байқау – кәсіби қауымдастықты біріктіретін, тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін алаң. Слесарь мамандығының қоғамдағы рөлін кеңінен көрсету, жастардың еңбекке деген көзқарасын өзгерту және жұмысшы кәсіптерінің тартымдылығын арттыру – негізгі мақсат.

Байқау барысында қатысушылар өздерінің кәсіби дайындық деңгейін, техникалық ойлау қабілетін және нақты тапсырмаларды шешудегі шеберлігін көрсетті. Дәлдік пен ұқыптылық, құрал-жабдықты дұрыс пайдалану, уақытты тиімді жоспарлау секілді дағдылар әр кезеңде ерекше назарға алынды. Қатысушылардың жұмысы арқылы слесарь мамандығының тек қол еңбегіне емес, жоғары жауапкершілікке, логикаға және тәжірибеге сүйенетін күрделі кәсіп екені анық байқалды. Бұл жарыс кәсіби бәсекелестікті күшейтіп қана қоймай, сала мамандарының өзара тәжірибе бөлісуіне, жаңа тәсілдер мен шешімдерді талқылауына жол ашты.

«Үздік слесарь-2025» байқауы еңбек адамының беделін арттыруға бағытталған маңызды әлеуметтік бастама екені рас. Іс-шара барысында шынайы шеберлердің еңбегі лайықты бағаланып, ал олардың кәсіби жолы жастар үшін нақты үлгі ретінде ұсынылды. Осылайша, аталған шара жұмысшы мамандықтарының оң имиджін қалыптастыру жолындағы жүйелі қадамдардың бірі ретінде есте қалары анық және слесарь еңбегінің қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

С.Бақберген

Астана қаласы

Тегтер: