Варлам Аравидзе атындағы көше

12 мамыр күні Алматы қаласында Жазушылар одағының кезекті XVI құрылтайы өтті. Жазушылар одағы құрылғалы бері құрылтай айналасында мұншалық дау және демократиялық принциптерге сәйкес талаптар болмаған шығар.
Жазушы Думан Рамазан, Арман Әлменбет сынды қаламгерлер өз бағдарламаларын ұсынды. Ақын Ақберен Елгезек төңірегінде қаншама дау болды. Жеке басына және отбасына да тиіскендер баршылық. Осыған дейін 5 жыл төрағалық еткен Ұлықбек Есдәулетті де төрағалыққа қайта сайланады дегендер мен оны қолдаушылар болған. Бірақ халық болжамдарының басым бөлігі ауаға атылған оқтай болды. Жазушылар одағының ендігі төрағасы болып – қаламгер-журналист Мереке Құлкенов сайланған. Құрылтай барысында жалғыз кандидат осы кісі болғаны және екі ғана қарсы дауыс болғаны айтылды. Мереке Құлкеновті жазушы ретінде де, журналист ретінде жыға танымайтындар бар. Бірақ төрағаға қойылатын талап – мықты жазушы немесе ақын болу емес. Менеджерлік қабілеті болса керек. Ол жағын алдағы 5 жылдықта бағамдай жатармыз. Бірақ ешқандай үндеу мен бағдарламасыз сайланып, басқа кандидаттардың бас тартуынан-ақ бұл сайлаудың «демократиялық принциптерге» томпақ екенін аңғару қиын емес. Және бұл принциптерді кімнің бұзып отырғаны төрағаның сөзінен тағы белгілі болғандай: «Жазушылар оппозиция болмау керек. Оппозиция деген ол мемлекет басшысына қарсы деген сөз».
«Ойлана алатын адамның бәрі атеист» деген қағида бар. Бұл тұста діндарлар өре түрегелуі мүмкін. Тек бұл сөздің дінге қатысы аз. «Атеист» сөзін «қарсылық білдіруші» деп айтуға болады бұл контексте. Яғни әрбір қалам ұстаған адамның ойлана алатыны рас болса, оның билікке, идеологияға қарсы болары бесенеден белгілі. Жалпы жазудың һәм өнердің жолы қарсылықтан, ерегістен тұрады. Кез келген қалам ұстаған адамның ең бірінші жаға ұстасары «құдай». Өйткені қаламгер өзін «жаратушы» сезінеді. Максималистік көзқарастар қалыптасатын жас шақта оның арынына төтеп беретін және бақталас болатын «құдай» ғана. Бірнеше жылдан кейін қаламгер «құдайдан» жауап болмасын біліп, немесе басқа да себептермен ішкі қарсылығын мемлекетке, билікке бағыттайды. Бірі оны әлеуметтік желілер арқылы айқайлап айтса, басқалары шығармалары арқылы көркем шындыққа жүктейді позициясын. Осы мемлекет пен билікке қарсыласуға қауқары жетпей, төмен құлағандар өнердегі қатарластарына немесе «шалдарға» қарсыласа бастайды. Яғни қалам ұстаған адамның «қарсылық» табиғатында бар. Енді келіп оны табиғатынан айыру мүмкін емес қой. Яғни жаңа төрағаның бұл сөзі қаламгерлерге айтылып, олардың қытығына тигенмен, қаламына әсер етпейді. Керісінше, ол қарсылықты үдетіп жіберуі ықтимал.
Жаңа төраға оппозиция сөзін мемлекетке, саяси жүйеге емес, тура «мемлекет басшысына қарсылық» деп атады. Білместіктен емес шығар. Өйткені әлем тарихында монархияның дәурені өткелі бері жеке басқа қарсылық оппозиция болып есептелмейді. Бірақ осы тұста «Тесей кемесінің» парадоксы еске түседі.
Тесей Крит аралына жасаған жорықтан Афинаға жеңіспен оралғанда афиналықтар оның кемесін сақтап қояды. Жыл сайын ол кемемен теңізге бір рет шығып, Делос аралына қасиетті сапар жасап отырады. Сол бір реттік сапар алдында кеме жөндеуден өткізіліп, шіріген тақтайлары, ағаштары ауыcтырылып отырған. Арада бірнеше жыл өткенде, бұрынғы Тесей кемесінің бүкіл бөлшегі ауысып кеткен екен. Философтар осы тұста талас бастады. Дәл Тесей мінген кемеден ештеңе қалмады. Енді мұны «Тесей кемесі» деп атау қаншалықты орынды?
Олар қорыта келгенде оның «Тесей кемесі» деп аталуына болатынын шешіп айтты. Өйткені «идея» сақталған. Осы тұста кеменің бөлшектерін – билік өкілдері деп алып, идеяны – саяси жүйе десек, саяси жүйе ауыспай, билік өкілдерінің ауысқанынан ешнәрсе өзгермесіне көзіміз жетеді. Ал жаңа төраға идея мен кеме бөлшектерін бір етіп көрсетті. Бірақ елімізде идея мен бөлшектердің екі тәндегі бір жаратылыс екенін білеміз ғой. Мұның астарында қаламгерлерді ықтыру жатыр ма, әлде төрағаның шын көзқарасы жатыр ма, белгісіз...
Қалай болғанда да осы сөздерге бас көтеріп, қарсы шыққандар болмады. Залдың артында тұрған жастар жағы да үнсіз қалдық. Айқайға құмарлар мен «тәуелсіз журналистер» қауымы жазушыларға осы үшін сын тағып жатқанын көзіміз шалды. Осы тұста біздің қоғамның осындай нәрселерге «самарқау» қарауын зерттеп көрген едік.
Жалпы қарсы шықпау туралы екі түрлі жауап бар.
Бірінші, айтқанда не өзгертесің? Болары болды.
Екінші, қарсылықты көркем шығарма арқылы көрсету керек. Бүгінгі қоғам шындығын, қасіретін көркем, өнер деңгейінде көрсету – ең ұтымды қарсылық. Айқайдан ештеңе шықпайды.
Біздіңше, екеуінің астарында «оқытылған шарасыздық» синдромы жатыр. Бәрін басынан бастайық.
ХХ ғасыр басынан бастап саясатқа араласу өте қауіпті әрекетке айнала бастады. Бас көтергеннің бәрі атылды. Сосын ашаршылық басталды. Соғыс килікті ортадан. 50 жылда халықтың тоз-тозы шықты. Осы кезеңдерден бастап халық бірдеңе айтуға, сөйлеуге қорқатын болған еді. 60 жылдары жылымық басталып, халық салыстырмалы түрде тұрақты өмір сүре бастады. Біздің, жалпы кеңестік биліктің қанатының астында болған елдердің ішінде осы кезеңге жастық шағы тура келген ұрпақта аңсау бар. Сол кеңес өкіметіне емірене еске алу бар. Бірақ бұл ұрпақ тазарып, саясатқа араласудың қандайлық ауыр екенін білген ұрпақ еді. Осы негізде көршілес Ресейде халықтың жасына қарай үш түрлі саясат қолданылады.
Өткенді аңсаушыларға «бұрынғы империямызды қайта қалпына келтіреміз» дейді. Орта жастағылар, яғни 90 жылдардағы аумалы-төкпелі кезеңді көргендерге «тұрақтылықты» уәде етеді. Ал жастарға тырнақшаның ішіндегі болашақты беріп қойған. Сәйкесінше, кез келген жастағы халықты қорқытатын да тетік бар. Кеңес өкіметін аңсаушыларды империализмнің күйреуімен, орта жастағыларды тоқсаныншы жылдардағыдай тұрақсыздықпен, жастарды тағы сол болашақпен. Бірақ бұл жерде «болашақ» тырнақшадан тыс.
Ал біздің билік кеңес өкіметі тұсындағы қасіретті өнер арқылы халыққа жеткізе отырып, ең басты саяси құрал ретінде Тәуелсіздікті пайдаланатындай. Оны «құдайдың сыйы», «қолымыздағы бар байлығымыз» деген сияқты неше түрлі теңеулермен оқулықтарға да, өнерге де сіңдіріп тастады. Енді тұтас халықты «Тәуелсіздіктен айырылып» қаламыз деп қана қорқытуға болады. Бір жағынан халық басынан өткен нәубет бүгінгі өнер арқылы ғана сіңіп қойған жоқ, ол халықтың ұжымдық жадында сақталды.
Кез келген ата-ана баласының амандығын тілейтіні белгілі. Ал саясат, бас көтеру болған жерде тыныштық жоқ екенін олар алдыңғы ұрпақтан естіп, бүгінгі қоғамдағы жағдайлардан анық көріп отыр. Сол әке-шеше баласын қалаға оқуға жіберерде «тыныш жүр» деген сөзбен шығарып салады. Әлеуметтік желіде саясат туралы жазғаныңды көріп қалса, бірден хабарласып, «ақылын» айтады.
Бұл кешегі және бүгінгі де билік қалыптастырған «оқытылған шарасыздық» синдромынан деген тұжырым жасап отырмыз. Тәжірибе бойынша екі итті екі түрлі камераға қамап, тоқпен соғып отырады. Бірінің алдында тоқты өшіретін тетік бар. Ол кез келген уақытта азабын тоқтата алады. Ал екіншісінде дым жоқ. Біршама уақыттан кейін екі итті тағы бөлек камераға апарады. Бұл жерде екі итке бірдей мүмкіндік берілген. Тоқ жанына батса, алдыңғы қорғаннан секіріп өтуге мүмкіндік бар. Қызықты қараңыз, әлгі тетігі бар камерадан шыққан ит алғашқы тоқ соққанда-ақ қоршаудан секіріп өтіп, азабын тоқтатады. Ал тетіксіз камерадан шыққан ит тоқ азабына төзіп жата берген. Былай келгенде екеуі де секіріп өтуге болатынын көріп тұр. Тек азапты тоқтата алатынына көзі жеткен ит қана секіріп, алғашқы тәжірибеге еш әсері болмаған ит сол қалпы қалып қойды.
Яғни белгілі бір процеске әсері жоғын сезген адам – шарасыздыққа толық мойынсынады. Біздің билік те қаншама жарияланған аштық пен митингтерге, халық айқайына назар аудармай, тіпті ештеңені өзгертпеу арқылы халықты шарасыздыққа «оқытып» жатқандай. Нәтижесінде тура алдыңғы буын секілді «біз кішкентай адамбыз», «біз ештеңе өзгерте алмаймыз» деген пікірдегі жаңа ұрпақты тәрбиелеп шығады. Бұл ұрпақтың миындағы қорғану, яки «ұжымдық ығыстыру» процесі үдей түспек. Яғни бұл ұрпақ көрген құқайын ертерек ұмытуға тырысып, есінен шығаруға ұмтылмақ. Өйткені оны ойлағаннан мойындалып жатқаны шамалы. Қаңтардағы қырғынды, желтоқсандағы қызыл қасапты, Жаңаөзендегі атылған оқты тезірек ұмытуға тырысатын ұрпақ болады олар. Өйткені ми мұншалық ауыр дүниені қорыта алмай, оны тіпті болмады деген «қарсылыққа» шығуы ықтимал. Бір ғана адам емес, тұтас бір буынның санасы солай көтеріліс жасайды.
Ауыр жағдайлар (Қаңтар оқиғасы, Жаңаөзен оқиғасы сияқты) халықты рухани есеңгіретіп, тығырыққа тірейді. Егер сол қылмыс уақытында мойындалып, қылмыскерлер тиісті жазасын алып, немесе ашық кешірім сұралмаса, бұл ұжымдық санаға жара салады. Содан тиісті әрекеттер жасалғанға дейін ол халықпен бірге, ұрпақтан ұрпаққа ауыса бермек. Біздің қоғам расына келгенде ХХ ғасыр басындағы ашаршылықтың өзін «кінәлі елдерге» мойындатып, шын бағасын бере алған жоқ қой.
Бұл болашаққа, келесі ұрпаққа әсер етпей қоймасы анық. Халық көңілінен толықтай сенім кетпек. Мысалы, Алтынбек Сәрсенбаев, Заманбек Нұрқаділов сынды шын оппозиционерлерге жасалған қастандықтан кейін, халық қарсылықтың басшысы болудың қаншалық қиын және қауіпті екенін ұқты. Мемлекеттік тілді талап етушілерге көрсетілген қысымнан кейін қазақ тілінің «жайын» анық білді. Қаңтардан кейін биліктің шын «күш» екеніне көзі жетті. Жаңаөзеннен соң осы алып отырған айлықтарына «шүкіршілік» айтуды үйренді. Бұл соңғы мәселеге байланысты халықтың шексіз шүкіршілігі бар.
Қорыта келгенде билік неғұрлым халық сөзіне құлақ аспаған сайын, соғұрлым халық биліктен ажырап, үмітін үзе бермек. Соңында «ішкі эмиграция» кезеңі басталады. Адамдар шетелге емес, өз іштеріне үңіліп кетеді. Енді ол саясат туралы сөйлемейді. Мемлекетке жұмыс істеуден барынша қашады. Кейбірі бизнеске, кейбірі тіпті басқа еленбейтін жұмыстарға ауысып кетеді. Өткен ғасырдың 30 жылдары Петербургтегі әрбір екінші көше сыпырушының жоғары білімі, тіпті кейбірінің ғылыми дәрежесі болған деген аңыз бар. Олар да Кеңестік жүйеден безіп кеткендер еді.
Жазушылар құрылтайына оралар болсақ, онда болғанның бәрінің бойынан осы бір ішкі эмиграцияға кеткен адамдар байқалады. Ақын Ерлан Жүніс: «Одаққа мүше мыңға тарта қаламгер бар екен. Яғни Қазақстанда мың жалғыз бар» деген сөздерін қаламгердің жалғыздықтан бөлек, ішкі эмиграциялық жалғыздықпен де астастыруға болатын шығар.
Шығармаларының оқулыққа шыққанына мәз болып, одан ақы талап етуден қорқатын, сайттар рұқсатсыз басқан еңбектеріне талас тудырмайтын деңгейге қаламгерлер «шеттетілумен» жетті. Пікірі ештеңеге әсер етпейтінін, өзінің саяси науқаннан басқа кезде билікке керексіздігін сезуімен олар ішкі эмиграцияға кетті. Қаламгерлерді үнсіздігі үшін ақтап отырғамыз жоқ. Тек «үнсіздік» мәніне ғана үңіліп отырмыз.
Не үміт бар? Мұндай тығырықтан өзге елдер қалай шықты? Мойындау. Тығырықты, қасіретті – бәрін мойындай отырып, халық санасын өсіру. Жалғыз жол – осы.
Халық қараңғы кезеңде найзағайдан Құдайдың қаһары деп қорқатын. Кейіннен ғылымның арқасында оның жай ғана тоқ екенін ұқты. Қорғануды үйренді. Сол сияқты халық бойындағы қорқынышты ұран емес, саналық жеңеді. Ал халық санасы өнермен өсетінін де айта кету керек шығар.
«Ең ұлы оқиғалардың – адам санасындағы оқиғалар» болатыны сияқты, «ең ұлы қарсылық та – өнердегі қарсылық» болса керек. Өйткені Тенгиз Абуладзенің «Арылу» фильмінде айтылғандай: «Варлам Аравидзе атындағы көше ешқайда апармайды». Ал Варлам Аравидзе қаланың бұрынғы әкімі болатын. Осы тұста тағы да Тесей кемесін есіңізге түсірерсіз.