Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:00

Вашингтон Иранның энергетикалық нысандарына шабуылды уақытша тоқтатты

Трамп
Фото: ашық дереккөз

АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтон мен Тегеран арасындағы «сәтті әрі нәтижелі» келіссөздер аясында Иранның электр станциялары мен энергетикалық инфрақұрылымына соққы беруді бес күнге кейінге қалдыру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.

Трамп мәлімдемесі

Ақ үйдің басшысы бұл туралы 23 наурыз, дүйсенбі күні Truth Social әлеуметтік желісінде жазды. Оның айтуынша, мұндай шешім екі күнге созылған келіссөздерден кейін қабылданған.

«Осы мазмұнды және конструктивті келіссөздердің рухы мен барысын ескере отырып, сондай-ақ олардың апта бойы жалғасатынын назарға алып, мен Қорғаныс министрлігіне Иранның электр станциялары мен энергетикалық инфрақұрылымына қарсы кез келген әскери соққыларды, алдағы кездесулер сәтті өтеді деген шартпен, бес күнге кейінге қалдыруды тапсырдым», — деді Трамп.

 

Бұл мәлімдемеден кейін мұнай бағасы күрт төмендеді.

Иранның жауабы

Алайда Иранның Tasnim мемлекеттік ақпарат агенттігі жоғары лауазымды дереккөзге сілтеме жасап, АҚШ-пен ешқандай келіссөздер болмағанын және қазір де жүргізіліп жатпағанын мәлімдеді.

Агенттік дерегінше, Трамптың соққыларды кейінге қалдыруы Тегеранның «әскери қатерлерінен» және ықтимал жаһандық экономикалық дағдарыс қауіпінен туындаған.

Tasnim мәліметіне сәйкес, Иран тарапы тек «делдалдар арқылы хабарламалар» алғанымен, тікелей келіссөздерге кіріспеген.

Осыған ұқсас ақпаратты Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусына (ИРСК) жақын Fars агенттігі де таратты.

Бұған дейін Трамп Иранға ультиматум қойып, 48 сағат ішінде Ормуз бұғазын ашуды талап еткен. Әйтпесе АҚШ Иранның ірі электр станцияларына соққы жасайтынын ескерткен.

Иран армиясы мұндай жағдайда өңірдегі АҚШ-тың барлық энергетикалық, IT және су тұщыту нысандары нысанаға алынатынын мәлімдеген.

Айта кетейік, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға соққы жасағаннан кейін Тегеран әлемдік мұнай мен сұйытылған газ тасымалының шамамен бестен бірі өтетін Ормуз бұғазын іс жүзінде жапқан еді. Бұл жағдай әлемдік энергетикалық ресурстар бағасының күрт өсуіне алып келді.