Вашингтон штатында ер адам төрт адамды пышақтап өлтіріп, полиция қолынан қаза тапты
24 ақпан күні таңертең АҚШ-тың Вашингтон штатындағы Пёрди елді мекенінде ер адам төрт адамды пышақтап өлтіргеннен кейін шерифтің орынбасары тарапынан атып өлтірілді.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ер адам соттың қорғау ордерін бұзды деген күдікпен тұрғын үйге келіп, сол жерде болған адамдарға шабуыл жасаған.
Оқиға орнынан үш адамның мәйіті табылды. Тағы бір зардап шеккен адам ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оны аман алып қала алмады.
Шақырту бойынша жеткен полиция қызметкерлері күдіктіні атып тастаған.
Associated Press агенттігінің хабарлауынша, тергеу деректеріне сәйкес, шабуыл жасаған адам – үй иесінің 32 жастағы ұлы болған. Өткен жылы әйел сот арқылы оған бір жылдық қорғау ордерін алған.
Құжатта оның қоқан-лоққы көрсеткені, агрессивті мінез-құлқы, психикалық денсаулығына қатысты мәселелері және тәуелділігі бары айтылған. Ордер оған анасына жақындауға тыйым салып, емделуге міндеттеген. Алайда құжат ресми түрде табысталмағандықтан, заңды күшіне енбеген.