Вашингтонда жолаушылар ұшағы тікұшақпен соқтығысып апатқа ұшырады
АҚШ астанасы Вашингтонда жолаушылар ұшағы Потомак өзеніне құлады. Қону кезінде әскери тікұшақпен соқтығысқан.
Reuters агенттігінің American Airlines ақпарат көзіне сілтеме жасап хабарлауынша, Вашингтонда апатқа ұшыраған ұшақтың жолаушылар тізімінде 60 адам болған. Кейінірек компания бортта тағы төрт адам болғанын айтты.
Оларға және экипажға не болғаны әлі белгісіз. Оқиға орнында қайықтар мен сүңгуірлердің қатысуымен іздеу-құтқару операциясы жүріп жатыр. Потомак - ені жүздеген метр және тереңдігі бірнеше метр болатын толық ағынды өзен.
Жергілікті уақыт бойынша түн ортасында апаттан шамамен үш сағат өткен соң, CNN құқық қорғау органдарындағы жасырын дереккөзге сілтеме жасап, құтқарушылар қаза тапқандар санын растап қойғанын және әлі тірі қалғандар табылмағанын хабарлады.
Америкалық телекомпаниялар Потомактағы судың температурасы қазір Цельсий бойынша нөлден сәл ғана жоғары екенін хабарлайды. Бұл температурада адам гипотермиядан 10-15 минут ішінде есін жоғалтады.